Дереккөз: www.24.kz
Адамның шығындайтын суының параметрлері тұрақты емес. Себебі ол маусымдық сұраныс пен әр түрлі тұрмыстық қажеттілікке байланысты. Бір де аз, бір де көп кететін оны қалай үнемдейміз? Бүгінде суды тиімді пайдаланудың қандай тәсілдері бар деген сауалға қазақстандық респонденттердің 20,9 пайызы ауыз су мен техникалық суды бөліп пайдалану керек дегенді алға тартады. Ал олардың 4 пайызы суға тарифті қымбаттату керек деп есептейді. Ал сіз суды қалай үнемдейсіз?
Дереккөз: www.24.kz
Оралда кәдімгі қоқыстан электр қуаты өндіріле бастайды.
Бұл туралы «Хабар 24» арнасының сол өңірдегі тілшісі Талғат Серікқалиұлы хабарлайды. Финляндиядан келген инвесторлар қазір қала іргесіндегі тұрмыстық қалдықтар полигонын зерттеуге кірісті. Қандай да бір қоқыстың құрамында 65-70 пайызға дейін метан газы болатыны дәлелденген. Сондықтан полигонды электр қуатын өндіретін генераторға айналдыруға мүмкіндік мол. Мәселен, Финляндияда тап осындай қоқыс полигонының үстіне гольф алаңы салынған. Оның астында қоқыс көміліп жатқанын біреу білсе, біреу білмейді. Финляндиялық «Доранова» компаниясының экспорт мәселелері жөніндегі директоры Андрей Авериннің айтуынша, алдымен қоқысты жерге көміп, одан метан газын алынады. Осы экологиялық отын түрін пайдалану арқылы электр қуаты өндіріледі. Қондырғы алдағы жылдың көктемінде әкелінеді. Ол сағатына 1 МВт электр қуатын шығаратын күшпен жұмыс істейді екен.
«Алынған өнімді арзан бағамен мемлекетке сатамыз. Ол өз кезегінде тарифті төмендетуге оң әсер етеді. Бұл жобаның тағы бір тиімділігі қоқыс тастайтын полигон көмілген соң оның иісі қалаға келмейді. Ал полигонның үстін абаттандырып, халыққа пайдалы нысандар салуға болады»,- дейді шетелдік инвесторлар.
Дереккөз: www.energo.gov.kz
Астана қ., Қазақстан Республикасы, 22 қыркүйек 2016 ж. – Бүгін, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қазақстан халықтары тілдерінің күні өткізілді.
Мерекелік шара мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және көп ұлтты еліміздегі ұлттар достастығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған мерекелік шара болып табылады.
ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев құттықтау сөзінде: «Әр ұлттың елдігін айқындайтын негізгі құралдарының бірі – мемлекеттік тіл болғандықтан, мемлекеттік тілді құрметтеу – көп ұлтты отанымыздың әрбір азаматының абыройлы міндеті екендігі баршамызға анық. Елімізде тыныштық, молшылық болсын, әрқашан да мемлекеттік тіліміздің мәртебесі биік болып, ұлттар достастығы нығая берсін», – деп атап өтті.
Мерекелік шара ҚР Энергетика министрлігінің құрылымдық бөлімшелері, Комитеттері мен ведомстволық бағынысты ұйымдары арасында жарыс ретінде өткізілді. Жарысқа үш номинациядан тұратын жеті команда қатысты: 1-номинация: «Қазақстан – достық мекені» (ұлттық киім, салт-дәстүр, би және ән, білдіретін ұлттың поэзиясын орындау, ұлттық тағамды қөрсету); 2-номинация: викторина (тарихтан, қазақ әдебиетінен қойылатын сұрақтарға жауап беру); 3-номинация: «Мақал-мәтел айтып жарысу» (қатысушылар төл дыбыстардан алынған жеті әріптен (Ә,Ғ,Қ,Ө,Ү,Ұ,І) басталатын мақал-мәтелдерді айту керек).
Жарыс қорытындысы бойынша үш жүлделі орын берілді (І,ІІ,ІІІ) және дипломдармен марапатталды. Жеке номинациялар бойынша белсенді қатысушыларға ынталандыру дипломы табыс етілді.
ҚР ЭМ Баспасөз қызметі
Дереккөз: www.24.kz
Робототехника байқауы World Robot Olympiad ұйымының бастамасымен 2004 жылдан бастап ұйымдастырылады. Оның Қазақстандағы ұлттық операторы Назарбаев зияткерлік мектептері. Осыған байланысты жыл сайын республиканың түкпір-түкпіріндегі жас таланттар робот құрастырудан бақтарын сынайды. Жеңіске жеткен команда ұлттық құрамаға ілініп, дүниежүзілік роботтар олимпиадасына қатысады. Биыл бұл шара Үндістанның Нью-Дели қаласында өтеді. Тақырып: қоқыстармен күрес. Үздік шыққан оқушылардың өнертабыстары EXPO көрмесіне қатысуы мүмкін. Толығырақ бүгінгі шығарылымда.
Дереккөз: www.24.kz
Қостанайлық жастар Астанада өтетін EXPO көрмесінде еріктілер қатарында қызмет көрсетуге дайын.
Бүгінге дейін аймақта 300-ден астам жас өтініш білдірген. Олардың ішінен 120-сы іріктеліп алынды. Үміткерлердің басым бөлігі – жоғары оқу орындарының студенттері. Еріктілер тобын жасақтау барысында алдымен олардың адамдармен тіл табысып, сөйлесуге бейімділігі, икемділігі ескерілген. Келесі кезекте тіл үйрету, ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізді насихаттауға арналған оқу-курстары жүргізіледі. EXPO-ға қатысатын еріктілерге қойылатын басты талап – тәуелсіз Қазақстанның жетістігін паш етіп, әлемдік денгейдегі озық үрдістерді көпке таныстыра білу.
Ақбалқын Есқатова, ерікті:
– Бұл үлкен жауапкершілік деп ойлаймын. Себебі келген қонақтарымызға біз өзіміздің еліміз туралы айтамыз. Біз оны нақты біліп, оларға түсіндіруіміз керек. Біздің қандай салт-дәстүрлеріміз бар, қандай тарихымыз бар екендігін айтуымыз қажет. Оны біз тек қазақ тілінде ғана емес, сонымен бірге орыс тілі, ағылшын тілінде айтуымыз керек болады. Оны бір жыл бойы үйреніп, сол дәрежеге жетеміз деп ойлаймын.
Дереккөз: www.24.kz
Оралда қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын кешен жұмысын бастады. Ол қаладан шығарылған көң-қоқыстарды төгетін орында орналасқан. Арнайы алаңға жиналатын қоқыс автоматты түрде жұмыс істейтін екі конвейер желісіне жіберіледі. Сол жерде жұмысшылар заттарды сұрыптап, арнайы қаптамаларға салып тұрады. Осы арқылы қалдықтардың 60%-ын қайта кәдеге жаратуға мүмкіндік туады. Кешен өндірістік қуатына толықтай көшкен кезде жылына 100 мың тоннадай қалдық сұрыпталмақ.
Бекболат Жұматаев, эколог:
– Жерге орналастырылған қалдықтар әрине, керісінше әсерін әкеледі. Өйткені мына полигондағы әйнектер күннің сәулесімен өрт тудырады. 2015 жылы полигонға 54 мың тоннадай қалдықтар қабылданды. Биыл 43 мың тонна қабылданды. Оны әкеліп, тек полигонға көміліп жатыр.
Ерік Шашбаев, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешенінің басшысы:
– Бұған дейін полигонды ұстап тұру үшін жергілікті бюджеттен жылына 60 миллион теңге қаржы бөлініп келді. Әкімдіктің шешімімен бұл жер бізге сенімгерлік басқару құқығымен берілді. Соған сәйкес енді бұл жұмыстарға тек қана өз қаржымызды жұмсап жатырмыз. Мына кешен қағаз, полиэтилен, металл, әйнек және пластик бұйымдарын сұрыптауға мүмкіндік береді. Кейін оны қайта өңдеуге маманданған кәсіпорындарға жібереміз.
Дереккөз: www.24.kz
Кариб аймағының 10 мемлекеті EXPO-2017 көрмесіне қатысатын болды. Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ Бас Ассамблеясының аясында Халықаралық мамандандырылған EXPO-2017 көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев пен Кариб мемлекеттері қоғамдастығының Бас хатшысы Ирвин Ларок кездесіп, осындай келісімге қол қойды. Рәпіл Жошыбаев Ирвин Ларокқа көрме дайындығы жайлы баяндап, 2017 жылдың басында халықаралық қатысушылардың Астанада өтетін кездесуіне шақырды. Баламалы энергия көздерін дамытуды жөн көретін Кариб аймағы үшін EXPO-2017 көрмесінің тақырыбы өте маңызды, – деді Бас хатшы.
Тараптар су, энергия және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері бойынша бір-бірімен тығыз қарым-қатынас ұстануға ниет білдірді. Климаттың өзгеруінен зардап шегетін Кариб елдері үшін бұл көкейтесті бағыт.
Айта кеткен жөн, Кариб қоғамдастығы 1973 жылы Кариб еркін сауда қауымдастығының мирасқоры ретінде құрылған болатын. Қазақстан КАРИКОМ хатшылығы тіркеген Орта Азиядағы жалғыз ел.
Ирвин Ларок, Кариб қоғамдастығының Бас хатшысы:
– Кариб елдері үшін EXPO-2017 көрмесіне қатысу өте маңызды, әсіресе көрменің тақырыбы біз үшін көкейтесті. Сонымен қатар көрме біз үшін өз жетістіктерімізді көрсетіп, инвестиция, сауда мен туризмді дамыту мақсатында жақсы байланыстар орнатуға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан мен Кариб қоғамдастығы арасындағы байланыстарды нығайту жолындағы кезекті қадам. Қазақстан біздің аумақтың тұрақты дамуы үшін көмек көрсетуде, соның арқасында біз климаттың өзгеруі туралы Париж конвенциясына қатысу мүмкіндігін алдық. Сондай-ақ біз су мәселесін шешуді көздеп отырмыз. Осылайша, ынтымақтастығымыз дамып, нығаюда.
Рәпіл Жошыбаев, Халықаралық мамандандырылған EXPO-2017 көрмесінің комиссары:
– Бүгін біз БҰҰ Бас Ассамблеясының аясында 14 ел мүше болатын Кариб қоғамдастығының Бас хытшысымен EXPO-2017 көрмесіне қатысу туралы келісімге қол қойдық. Он ел. Жұмысты әрі қарай жалғастырудамыз. Кариб аймағының басқа елдері де қосылады деген үміттеміз. Бүгінгі таңда көрмеге қатысу туралы келісімге 81 ел қол қоды. Бұл процесс жылдың соңына дейін аяқталады.
Ресми сапар аясында EXPO-2017 көрмесінің комиссары Теңізге шығар жолы жоқ, аз дамыған елдер мен дамып келе жатқан шағын арал мемлекеттері бойынша БҰҰ-ның Жоғарғы өкілі және Бас хатшысының орынбасары Гиян Чандра Ачарьямен және БҰҰ Бас хатшысының тұрақты даму жөніндегі орынбасары Ву Хонбомен келіссөздер жүргізді. Тараптар EXPO-2017 көрмесіне БҰҰ атынан ортақ комиссар тағайындау мәселесін, Астанада көрме барысында БҰҰ құрылымдарының тақырыптық шараларын өткізу және климаттың өзгеруі туралы БҰҰ конвенциясын іске асыру мәселелерін талқылады.
Дереккөз: www.24.kz
Ақтауда сумен қамту мәселесі «жасыл» технология арқылы шешімін тауып отыр. Қаладағы 3 үйге су жинақтаушы жаңа жүйемен жұмыс істейтін қондырғы орнатылды. Сол себепті 7-9-шы қабаттардағы пәтерлерге су көтерілмеу мәселесі туындамайды. Тұрғындар тіршілік нәрін үздіксіз, тәулік бойы тұтына алады.
Екі баланың анасы Наталья Румянцева су жетіспеушілігінен әбден ығыр болған. Әсіресе жаз мезгілінде құбыр бойымен судың көтерілуі қиын. Амал жоқтықтан үй шаруасының барлығын түнге қалдыратынын айтады.
Наталья Румянцева, қала тұрғыны:
– Көктемде су жинақтаушы жүйені орнатып едік, бірден су қысымы көбейгенін байқадық. Оның алдында суды тасып іштік. Кір-қоңымызды жуу үшін күннің батуын күтіп отыратынбыз. Кір жуғыш машинаны да уақытпен ғана пайдаланатынбыз.
Жаңа жүйенің тиімділігіне тұрғындар жоғары баға беріп отыр. Қондырғының жұмысы қарапайым қағидаға негізделген. Су 7 көлемді құтыға толтырылады. 3 су айдағыш құрылғы көмегімен пәтерлерге жіберілген судың қысымы төмендемейді. Басты орталық су құбыры істен шығып немесе ажыратылғанымен, мұндағы тұрғындар абыржи қоймайды. Өйткені құтыда 150 адамды тәулік бойы сумен қамтуға жетерлік қор жиналады.
Жеңісбек Куванов, «Татьяна» ПИК басқарма төрағасы:
– Бұл қондырғының артықшылығы: біз онлайн режимде су құбырының тесілуін бақылай аламыз. Бұған дейін біз сумен қамтудың түрлі шараларын қолданып көргенбіз. Нәтижесінде тұрғындарды тұрақты ауызсумен жабдықтауға қол жеткізіп отырмыз.
Нұрсұлтан Әубәкіров, «Энерготиімділік, ресурсүнемділік, экотехнология халықаралық орталығы» ҚҰ басқарма төрағасы:
– «Жасыл» технологияда қуат үнемдеуші жаңа қондырғылар қолданылады. Мәселен, мына көлемді құтылар суды сақтап, жинақтап, ішкі желілерге шамадан тыс түсетін жүктемелерді жеңілдетеді. Осындай жобалар арқылы тұрғындарды сумен қамту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі.
Әзірге бағдарламаға 3 көпқабатты тұрғын үй қатысуда. Алдағы уақытта ықшамауданның барлық пәтерлеріне үздіксіз су жеткізілмек.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Тамара Степанова, Ренат Дусалиев
Дереккөз: www.24.kz
Бүгін «Астана – таза қала!» жалпықалалық сенбілігі барысында 10 мыңнан астам көшет отырғызылды. Жыл сайынғы шара 12 қыркүйектен 12 қазанға дейін өткізілетін қаланы санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жөніндегі күзгі экологиялық айлық аясында ұйымдастырылды.
«Бәріміз де қаламызды жақсы көреміз, елордамызды тазартуға және көркейтуге үлес қосайық. Сенбіліктер өскелең ұрпақты да, ересектерді де тазалыққа тәрбиелейді. Осылайша, біз қаламызға деген сүйіспеншілігімізді жеткізіп, патриоттық танытамыз», – деді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Оның айтуынша, қалалық билік елорданы көгалдандыру, барлық аудандарда және шағын аудандарда гүлбақтар мен саябақтар санын арттыруды өз алдына міндет етіп отыр. Астанада дәстүр бойынша жыл сайын 20 мыңнан артық көшет отырғызылады, биыл Ботаникалық бақтың салынатынын ескерсек, бұл көрсеткіш екі есеге ұлғаяды. Сенбілікке қатысушылар «Алматы» ауданында ҚР Ұлттық музейі аумағына, «Есіл» ауданында – «Хан Шатыр» СОО айналасына, сондай-ақ, Еңбекшілер көшесінен «Тельман» тұрғын алабына дейін, «Сарыарқа» ауданында – Сарыбұлақ өзенінің жағалауына ағаш екті.
Сонымен қатар, білім, денсаулық сақтау мекемелерінің, кәсіпорындар мен тұрғын үй кешендерінің аумағына да ағаштар отырғызылды.
Жалпықалалық сенбілікке 89 мыңнан астам адам, соның ішінде кәсіпорындар мен ұйымдардың 4 мыңға жуық қызметкері, 45 жоғары және орта арнайы оқу орны, 133 мектепке дейінгі және білім беру мекемесі қатысты, 430 арнайы техника тартылды.
«Бүгінгі сенбілікке қатысқандарыңызға рахмет. Бәріміз бірге қаламызды таза әрі жайлы қыламыз», – деді Әсет Исекешев.
Дерекөз: www.24.kz
Әсем Астанада жайқалған ағаш түрлері көбейіп келеді. Бүгін депутаттар мен мемлекеттік қызметкерлер «Астана – таза қала!» жалпықалалық сенбілігіне қатысып, Есілдің сол жағалауындағы Еңбекшілер көшесінен «Нұра» арнасына дейінгі аумаққа тал отырғызды. Халық қалаулыларымен бірге Парламенттің өзге де қызметкерлері осы шараға бір кісідей атсалысты. Айта кетейік, әр Палата шамамен 200 көшеттен отырғызды. Сенбілікке қатысушылардың пікірінше, мұндай шара қаланың көркіне көрік қосумен қатар, тұрғындардың тазалыққа деген жауапкершілігін де арттыруы тиіс.
Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары:
– Жылына бірнеше рет осындай сенбіліктер өткізіледі. Оған міндетті түрде Парламент Мәжілісінің депутаттары белсенді түрде қатысады. Парламент Мәжілісіне 159 түп ағаш бөлінген еді. Біз оны аз болады деп, 200-ден аса ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз. Депутаттар түгелімен шықты, ауа райы тамаша, көңіл-күйіміз керемет.
Жабал Ерғалиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
a- Соңғы кезде әлемде орман алқабы азайып келе жатыр. Ал өз қолымызбен осы орманды, көк желекті молайту бүгінгі және келер ұрпақтың борышы екендігін Елбасымыз бізге әрдайым ұғындырып келе жатыр. Тал отырғызу – ол біздің ата-бабаларымыздың ұрпақтарына аманаттаған міндеттерінің бірі.