Жаңалықтар | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Ақмола облысы жұртшылығы өңірдің экологиялық мәселелерін шешу бойынша Жол картасын талқылайды

Ақпарат көзі – www.gov.kz

2020 жылғы 19 қараша күні сағат 15.00-де Ақмола облысы жұртшылығымен экологиялық мәселелерді шешу бойынша Жол картасын талқылауға арналған ZOOM-кездесу өтеді.

Қатысамын деушілер үшін тіркелу ашық, ecogeomail@yandex.ru электрондық поштасы арқылы өтінімдер мен сауалдарды жолдауға болады.

Мәжіліс жаңа Экологиялық кодекс жобасын екінші оқылымда мақұлдады

Ақпарат көзі – www.gov.kz

ҚР Парламенті Мәжілісі сәрсенбідегі пленарлық отырыста жаңа Экологиялық кодекс жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Жоба Сенаттың қарауына жіберілді.

Екінші оқылымда Мәжіліс депутаттары редакциялық және нақтылау мәніндегі бірқатар өзгерістер енгізген. Сонымен бірге, ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу бойынша ұлттық анықтамаларды жасау ережелерінің нормалары күшейтілді. Енді мұндай анықтамалар ұлттық стандарт түрінде емес, Үкімет деңгейінде бекітіледі.

Осыған қоса, экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасында тек іс-шаралар күнтізбесі емес, эмиссияларды кезең-кезеңімен төмендету күнтізбесі мен бағдарламаның орындалуын министрлік тарапынан жыл сайынғы тексеру нормалары болуы тиіс. Дей тұрғанмен, іс-шаралардың кей кезеңдерін 1 жылға дейінгі мерзімге кейінге қалдыруға мүмкіндік бар.

Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасының операторы ереже бұзса және оны қалпына келтірмесе, рұқсаты автоматты түрде тоқтатылады. Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасын қайта қарау процедурасы ашық болу үшін міндетті қоғамдық тыңдау қарастырылған.

Тау-кен және металлургиялық кәсіпорындар жұмысының тоқтап қалу тәуекелін болдырмас үшін осындай кәсіпорындардың бұрын салынып қойған қалдықтарды орналастыру нысандарына Кодекстің кей нормаларын 2036 жылға дейін қолданысқа енгізуге рұқсат беріледі. Дегенмен мұндай нысандарды кеңейтуге тек қоршаған ортаға әсерді бағалау, экологиялық рұқсаттама және тұрақты мониторинг операторының қоршаған орта компоненттеріне әсерді бағалау процестерінен өткеннен кейін ғана мүмкіндік туады.

Эмиссиялардың автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу 2023 жылға дейін кейінге қалдырылып отыр.

Алдында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Экологиялық кодекс жобасында ластаудың алдын алып, бақылау жүргізуге бағытталған «ластаушы төлейді» принципі бар екенін айтқан.

«Экологияға зиян келген жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны бастапқы қалпына қалта келтіруге міндетті», – деген ол.

Экологиялық кодекстің маңызды нормаларының бірі – ірі кәсіпорындардың ең озық қолжетімді технологияларды енгізуге міндеттелуі.

Сонымен қатар заң жобасында жергілікті атқарушы органдар экологиялық төлемдерді 100% көлемінде табиғатты қорғау іс-шараларына жұмсайтыны жазылған.

Мәжіліс екінші оқылымда Кодекспен қатар, бірнеше ілеспе заңдарды да мақұлдады. Ілеспе заң жобасы халықтың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін әрекеттерді жою үшін алдын ала ескертусіз тексеруге шығуға мүмкіндік беретін өзгерістерді, қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу, утилизациялау және көзін жою қызметінің лицензиялау ережесін енгізуді көздейді. Қалдықтарды тасымалдау бойынша ескерту тәртібі енгізіледі.

Ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуге кешенді экологиялық рұқсат алған жаңа нысандарды эмиссия төлемдерінен босату нормалары да қарастырылған. Осыған ұқсас механизм жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар үшін де көзделіп отыр. Олар эмиссия төлемдерінен босау үшін экологиялық тиімділік бағдарламасын жүзеге асырып, ең үздік қолжетімді технологияларды енгізулері тиіс.

Ақтау маңында қоқиқаздарды видеоға түсірген авторға айыппұл салынбайтын болды

Ақпарат көзі – www.gov.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қоқиқаздардың әдемі көрінісін көрсететін видеоны Қазақстан аумағында түсірген авторға айыппұл салынбайтын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, жақында әлеуметтік желіде Маңғыстау облысы аумағына ұшып келген қоқиқаздардың әдемі көрінісін көрсететін видео тарады.

Кейіннен видео авторы Азамат Сәрсенбаевты «Өсiмдiктер өсетiн жерлер мен жануарлардың мекендеу ортасын қорғау қағидаларын, зоологиялық коллекцияларды жасау, сақтау, есепке алу және пайдалану қағидаларын бұзу, сол сияқты жануарлар түрлерін заңсыз қоныс аударту, интродукциялау, реинтродукциялау» бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту әрекеті болғандығы туралы хабарланды.

Осы жайтты қарастыру кезінде А. Сәрсенбаевқа айыппұл салынбайтын болды. Видео авторымен профилактикалық шаралар жүргізілді.

Бұл жағдай бойынша Экология министрлігі Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Самал Ибраева түсінік берді.

«Бұл керемет бейне түсірілім отандық және әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Осы орайда түрлі елдердегі көп адамдар Қазақстанның табиғи әсемдігіне тамсанғанын байқадық. Шынымен де, осындай әсемдік баршамызды таңғалдырып, биоалуантүрлілік үшін қуанышты болдық. Дегенмен көптеген елдер азаматтарын қызықтырған осындай фотосуреттер, видео үшін авторға қатысты неліктен санкция салу мүмкіндігі болғанын көпшілік түсінбеді. Бұл тұрғыда қорықтар мен қорғалатын аумақтарда видеоға түсіруді реттейтін заңнама нормалары бар», – деді С. Ибраева.

Оның айтуынша, аталған аумақтарда түсірілім жүргізу үшін тиісті рұқсатты алу керек. Екіншіден, қорғалатын жерлерде жануарлар мен құстарды мазаламас үшін бекітілген ережені ұстану қажет. Өйткені қоқиқаз өте сақ құс болғандықтан, қауіпті сезінген кезде ұясын тастап кетуі мүмкін. Сонымен қатар, видеоны дронмен түсіру кезінде тиісті арақашықтықты сақтау ережесі ескерілмеген.

«Сондықтан аталған аумақтарда видео түсіру жоспары болса, баспасөз қызметіне хабарласқан жөн. Біз өтінімді қарап, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен келіскенен кейін, рұқсат беру бойынша жауап береміз. Әрине, бұл процесті жергілікті жерлерде инспекторлар қадағалайды», – деп түсіндірді ол.

«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ аға ғылыми қызметкері Х.А. Ахметовтың “Егемен Қазақстан” газетіндегі мақаласы

Ақпарат көзі – www.gov.kz

«Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ аға ғылыми қызметкері Х.А. Ахметовтың “Егемен Қазақстан” газетіндегі мақаласына сілтеме:
https://egemen.kz/article/256074-qar-barysy-%E2%80%93-baghymyzgha-buyyrghan-brend

Іле-Алатау ұлттық паркінің Қоғамдық кеңесі тазалық пен тәртіп мәселелерін талқылады

Ақпарат көзі – www.gov.kz

Алматыда «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде экотуризмді дамыту бойынша құрылған Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы өтті. Шара барысында Іле-Алатау паркі аумағында қалдықтарды бөліп жинау алаңдары таныстырылды. Осылайша, Іле-Алатау қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинаудың инфрақұрылымын толыққанды жасақтаған Қазақстандағы алғашқы ұлттық парк болып отыр.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің тапсырмасымен парк аумағында барлығы 31 жаңа қалдық алаңдары орнатылып, ӨКМ Операторы 225 контейнер қойды. Құрғақ және дымқыл қалдықты екі бөлек салып әкету үшін Қазақстанда баламасы жоқ көліктік техника құрастырылды.

«2019 жылы Ұлттық паркке 300 901 адам келді. Бұл көрсеткіш артады деп күтілуде. Сондықтан 2030 жылға дейін парк аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау деңгейін 85% – ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Қалдық алаңдары Алма – Арасан, Мұзтау, Қимасар, Аққайын, Қаскелең, Ақсай, Есік, Түрген және т. б. шатқалдарда орнатылды»,- деп айтты «Іле-Алатау» МҰТП Бас директоры Дамир Малгелдиев.

Экология вице-министрі Ерлан Нысанбаев шара барысында сонымен бірге Іле-Алатау ұлттық паркінде 30 «Эко-Сергек» камерасы орнатылатынын хабарлады. Бұл жоба жергілікті әкімдікпен бірге жүзеге асырылады.

«Біз азаматтарымыздың табиғатта өздерін ұстау мәдениетіне қарап, осындай шаралар қабылдауға мәжбүрміз. Келушілер өз арттарынан жиі қоқыс қалдырады, темекі тұқылын тастайды, жаққан оттарын өшірмей, өртке себепкер болады. Вандализм фактілері де кездеседі. Әрине, «Эко-Сергекті» енгізудегі басты мақсатымыз айыппұл салу емес, ағарту, түсіндіру жұмыстарын жүргізу»,- деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Камералар тек туристерді тәртіпке салып қана қоймай, өрт шыққан кезде жедел дабыл қағып, жылдам әрекет етуге, браконьерлерді анықтауға септеспек.

Қоқысты сұрыптап тастау алаңдары мен «Эко-Сергек» тәжірибесін біртіндеп басқа ұлттық парктерге де енгізу жоспарда бар.

Айтылған ұсыныстар Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан толық қолдау тапты. Түрген, Алма-Арасан шатқалдарында болған экотуризм инфрақұрылымы, экологиялық білім мәселелерін талқылап, ұсыныстарын білдірді.

Экология министрі Каспий итбалығының Қазақстанның Қызыл кітабына енгенін хабарлады

Ақпарат көзі – www.gov.kz

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің сөзінше, Каспий итбалығының Қазақстанның Қызыл кітабына енуі жануардың популяциясын сақтап қалуға мүмкіндік береді.

«ҚР Үкіметінің Қаулысымен Каспий итбалығы Қызыл кітапқа енді. Бұл шара саны соңғы жүз жылда 1 млн-нан 100 мыңға азайған жануардың популяциясын сақтап қалуға мүмкіндік береді»,- деп жазды М. Мырзағалиев Twitter парақшасында.

Экология министрі жануар популяциясын сақтау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

«Қазақстанда теңіз сүтқоректісін сақтап қалу бойынша бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Өткен жылдан бері Ақтау қаласында Каспий итбалықтарын зерттеу және реабилитациялау Орталығы құрылды. Ресей Федерациясындағы әріптестерімізбен бірге зерттеу жүргізіп, итбалық популяциясын сақтау бойынша бірлескен әрекет ету жоспарын әзірлеп жатырмыз»,- деді министр.

Ол сонымен бірге қазақстандықтарды жоғалып бара жатқан жануарларға қамқор болуға шақырды.

«Жараланған итбалықтарды көргенде жоғарыда аталған Орталыққа хабарласуларыңызды өтінеміз»,- деп жазды М.Мырзағалиев.

Каспий итбалығы басқа Каспий маңы елдерінің Қызыл кітаптарына енгізіліп қойған.

Солтүстік Қазақстанда орман алқабы ұлғайтылады

Көзі – www.inform.kz

Петропавл. ҚазАқпарат-Солтүстік Қазақстан облысында экология департаменті мен табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жасыл желектерді көбейту, ормандарды молықтыру және орман өсіру туралы Меморандумға қол қойды, деп хабарлайды “ҚазАқпарат”ХАА тілшісі.

Экология департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, Тараптар ағашы кесілген жерлерде, өртеңдерде ормандарды молықтыру және уақтылы қалпына келтіру, ормандардың тұқымдық құрамын жақсарту, олардың өнімділігін ұлғайту, мемлекеттік қордың жерлерін ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамытатын болады.

Экология департаменті Петропавлдағы жасыл желектер алаңын қысқартуға жол бермеу және санитарлық-қорғау аймақтарын көгалдандыру бойынша шаралар қабылдайды.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жасыл желектер отырғызу арқылы облыс бойынша Ормандарды молықтыру және орман өсіру алаңдарын кезең-кезеңімен ұлғайтады.

Назар салыңыз, ЕҚТ тізбесі!

Ақпарат көзі – www.gov.kz

«Ең озық қолжетімді технологиялар тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 28 қарашадағы № 155 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі бұйрығының жобасы Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-порталында, сондай-ақ ашық нормативтік-құқықтық актілері сайтында жариаланады.

Бұйрық жобасымен танысу үшін сілтемелер бойынша өтуге болады:

https://legalacts.egov.kz/arm/admin/viewcard?id=5346069

https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/documents/details/86519?lang=ru

Кері байланыс Біз үшін маңызды.

Назар салыңыз, пилоттық жоба!

Ақпарат көзі – www.gov.kz

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жаңа экологиялық кодекс жобасының ережелерін орындау мақсатында отандық АТ-компаниялармен бірлесіп, қоршаған ортаға эмиссиялардың автоматтандырылған мониторингі бойынша пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр.

Министрлік ұсыныстар мен бастамаларға ашық және табиғат пайдаланушылармен және халықпен қоршаған ортаға эмиссиялардың автоматтандырылған мониторингі жөніндегі жобаны одан әрі іске асыруды талқылауға дайын.

Мүдделі табиғат пайдаланушыларды пилоттық жобаға қатысуға шақырамыз.

Барлық сұрақтар бойынша 74-08-01, 8 747 311 72 74, n.tastan@ecogeo.gov.kz мекен-жайына хабарласуыңызды сұраймыз.

Павлодар облысындағы 11 мың адам тұратын 16 елді мекен таза ауыз сумен қамтылды

Ақпарат көзі – www.gov.kz

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Қазсушар» РММ бастамасымен Павлодар облысының Май ауданында жергілікті топтық су құбырын реконструкциялау жобасы жүзеге асты. Нәтижесінде 11 мың адам тұратын 16 елді мекенді таза ауыз сумен қамтуға мүмкіндік беретін су тазалау станциясы іске қосылды.

Су құбырының ұзындығы 148, 7 шақырымды құрайды. Су көзі – жер асты сулары. Жобалық өнімділігі – тәулігіне 4150 метр куб. Жоба құны 5 млн теңгеден асады.

Май топтық су құбырының реконструкциясы мен су тазарту станциясы іске қосылғаннан кейін аудан тұрғындары тек таза ауыз суға қолжеткізіп қана қойған жоқ, сонымен бірге тұрмыстық қажеттілік пен шаруашылыққа да тазартылған су пайдаланатын болды.

Айта кетейік, жергілікті халықты таза ауыз сумен қамту үшін 2018 жылы Май топтық су құбырын реконструкциялау жұмысы басталды. Реконструкциялау жобасында Ертіс өзені алқабындағы ұзындығы 148,7 км бастоғанын қалпына келтіру қарастырылған. Жобаның жүзеге асуы классикалық техникалық су тазалау технологиясымен салыстырғанда шайынды сулардың көлемін азайтуға мүмкіндік берді.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика