Жаңалықтар | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Б.Сағынтаев ОҚО денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесті

Дереккөз: www.24.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ОҚО-ға жұмыс сапары аясында Шымкенттегі облыстық клиникалық ауруханаға барды және адам капиталының сапасын жақсартуға бағытталған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының төртінші басымдығын іске асыру мәселелері бойынша облыстың денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында денсаулық сақтау жүйесін дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, ауруларды басқару бағдарламаларын цифрландыру және әзірлеу, ауруларды емдеуден уақытылы аурулардың алдын-алуға көшу, міндетті медициналық сақтандыруды енгізу, кадрларды даярлау, денсаулық сақтау нарығын ырықтандыру және жекеменшік ұйымдардың әкімшілік кедергілерін азайту, инвестициялар тарту, инфрақұрылымды жетілдіру және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет аталған мәселелердің барлығын ерекше бақылауда ұстап отырғанын атап өтті. 2017 жылы жеке секторға қойылатын шектеулер 1,7 есе жойылды. Бұл денсаулық сақтау саласына салынатын жеке инвестицияларды екі есеге — 44,2 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға жол ашады. МӘМС жүйесін енгізу бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда: заңнамалық база құрылды, өткен жылдан бастап қор жұмыс істей бастады, жұмыс берушілер ақша аударымдарын жүргізіп жатыр.

Бұдан өзге, Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында беріліп жатқан мүмкіндіктер талқыланды. Бұл — тиімді шарттар бойынша тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік беретін «7–20–25» жаңа ипотекалық бағдарламасы, және халықтың жекелеген топтарына 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық жүктемесінің 10 есеге – 1%-ке дейін төмендеуі.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру саласында қабылданып жатқан шаралар туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.

Сондай-ақ, талқылау барысында облыстың медицина қауымдастығының өкілдері: денсаулық сақтау басқармасының басшысы М. Егізбаев, №6 қалалық емхананың бас дәрігері Г. Көлбаева, жекеменшік емхана өкілі У. Орынбаева, тубдиспансердің бас дәрігері Б. Сағынбеков пікір білдірді.

Ақпарат көзі: primeminister.kz

Арал теңізі күні аталып өтті

Дереккөз: www.24.kz

Арал теңізінің шығыс жағалауы мен елді мекендер маңынан «жасыл белдеу» жасалып, жабайы жануарларды оңалту орталығы ашылады.

Сондай-ақ «Арал» ғылыми-туристік орталығы жұмысын бастап, табиғи ресурстарды бақылау күшейеді. Бұл жөнінде Халықаралық Аралды құтқару қорының 25 жылдығы және Арал теңізі күніне арналған шарада айтылды. Мерекелік жиында экологиялық апат пен теңіздің қайта оралуына арналған «Жоқтау… Жиырма жыл өткенде» деректі фильмі мен «Арал – ел тағдыры» атты фотокөрме ұсынылды. Теңіздің тірілуі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізді. Мәселен, 15 жылда Арал ауданында балық аулау көлемі 83 есеге артып отыр. Бұрын теңізде тіршілік ететін балық түрі жетеу ғана болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 22-ге дейін артты. Қазір облыс бойынша жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан асатын 8 кәсіпорын су маржанын өңдеумен айналысады.

Құдайберген Саржанов, бұрынғы ҚазКСР балықшаруашылығы министрі:

– 30 жылдан бері Арал балықшылары күні аталған жоқ, 30 жылдан бері. 2015 жылы облыстық дәрежеде Аралдың балықшылар күні аталды. 2016 жылы республикалық дәрежеде, 2017 жылы Арал балықшылар күні халықаралық болып есептелді. Соның барлығы қарлығаштың аузымен су тасығандай халықаралық халықтың назарын Аралға аудару деген сөз.

2018 жылғы наурыздың 14-нен 16-на дейінгі мерзім аралығында «Экологиялық кодекс. Құқыққолдану» тақырыбына оқыту семинар туралы хабарлама

ҚР ЭМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК 2018 жылғы наурыздың 14-нен 16-на дейінгі мерзім аралығында қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы мамандар үшін Алматы қаласында «Экологиялық кодекс. Құқыққолдану» тақырыбына оқыту семинарын өткізді.

Семинарға қатысушылар келесі ұйымдар өкілдері: «ЭФКО АЛМАТЫ» ЖШС, «ЗаманЭнерго» ЖШС, «Атмосфера» ЖШС, «М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және  коммуникациялар академиясы» АҚ, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «Семізбай-U» ЖШС.

Семинарда келесі сұрақтар қарастырылды:

  • Мемлекеттік экологиялық бақылау;
  • Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар және оларға қойылатын талаптар;
  • Автоматтандырылған мониторинг жүйесі;
  • Мемлекеттік экологиялық бақылау және өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша есептемеге қойылатын талаптар.

Дәріс оқығандар:

Токтасынова Тоты Клышбековна – ҚР ЭМ ЭРБК бас сарапшысы;

Абдрахманова Жанара Беркутовна – ҚР ЭМ ЭРБК бас сарапшысы;

Семинар соңында тыңдаушыларға куәліктер табыс етілді.

5

ОҚО-да биыл жылыжай аумағы 200 гектарға ұлғаяды

Дереккөз: www.24.kz

a38cbc75701e9d204363907e89a6d11a_l

Оңтүстік Қазақстан облысында биыл жылыжай көлемі 200 гектарға ұлғаяды. Дәл қазір өңірдегі мұндай жабық кешендер 1325 гектар алқапты алып жатыр.

Бұл еліміздегі барлық жылыжайдың 80 пайызы. Олардың көпшілігі негізінен Сарыағаш, Қазығұрт, Түркістан, Ордабасы аудандарына тиесілі. Былтыр осы салада диқандар 114,3 мың тонна көкөніс жинаған. Оның ішінде, 62,6 мың тоннасы қызанақ, 51,7 мың тоннасы қияр.

Түркістандық шаруалар соңғы жылдары жылыжай өсіруден көш ілгері келеді. Кейбіреуі Оңтүстік Кореяның технологиясын меңгеріпті. Бұл кешен климат бақылаумен басқарылады дейді аграном Ғалымжан Шалтаев.  Яғни қандай температураға қойсаңыз жылу сол шамада сақталады. Әрі жанармайды үнемдеуге де сеп болады. Қазір 35 соттық бұл жылыжайда 12 мың түп балғар бұрышы егілген. Француздың фламинго сортынан алда 30-35 тонна өнім алу жоспарланып отыр.

Ғалымжан Шалтаев, агроном:

– Мұның басқа жылыжайдан ерекшелігі – сыртының өзі  3 қабатты. Көріп отырғаныңыздай, үш перде бар. Барлығы жабылады. Перде жабылған соң іші термос болады. Ыстық ауаны ұстайды. Бұл арқылы солярканы эконом жасаймыз. Жылу кетпейді.

Жылыжай баптағандар тұтынушыларды жыл он екі ай көкөніспен қамтамасыз ету үшін еңбек етуде. Қажетті көшеттерін де өздері егіп  алады. Дәл қазір Түркістан қаласы аумағында  65,73 гектарды құрайтын 570 бірлік жылыжайлар орын тепкен. Ендігі меже алдағы 5 жылда қаладағы жылыжайлар көлемін 100 гектардан ары асыру.

Тәжібек Мұсаев, Түркістан қаласының әкімі:

– Екі жылдың көлемінде соны 110 гектарға жеткізіп, оның ішінде өнеркәсіп үлгідегі жылыжайды 30 гектарға жеткізсек, өзімізді қала тұрғындарын толық қамтамасыз етіп, артық өнімдерді басқа облыстарға алыс-жақын шетелге шығаруға мүмкіндік болады.

Жылыжай шаруашылығын дамыту мақсатында қаланың индустриалды аймағы аумағынан арнайы 9,0 гектар жер телімі бөлініпті. Енді мұнда өнеркәсіптік үлгідегі жылыжай салу жоспарға қойылған.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов

Германиялық сарапшы: Баламалы энергия көздерін дамыту арқылы Қазақстан көреген шешім қабылдап отыр

Дереккөз: www.24.kz

f09908d9c6cfa50d831c6042d0e670f3_l

Жасыл технологияларға инвестиция салу – болашаққа сеніммен қарау.

EUREF технопаркінің басқарма төрағасы Райнхард Мюллер Президент жолдауы жайлы осындай пікірде. Бұл – орталық Германияның жаңартылған энергетика саласындағы үздік стартапшылардың ортақ алаңы. Сарапшының айтуынша, баламалы энергия көздерін дамыту арқылы Қазақстан көреген шешім қабылдап отыр.

Райнхард Мюллер, EUREF технопаркінің басқарма төрағасы:

– Президенттің жолдауында көптеген маңызды тармақтарды көзім шалды. Солардың ең бастысы – 2030 жылға дейін Қазақстанда баламалы энергия көздерінің көлемін арттыру. Яғни сіздер жаңартылған энергия болашақтың кілті екенін нақты білесіздер. Қазақстан әлемде жер көлемі бойынша 9-орында. Дегенмен халық саны айтарлықтай көп болмағандықтан, түбегейлі баламалы энергияға көшсеңіздер болады. Күн мен жел де жетерлік. Яғни ауа райы да қолайлы деген сөз. Сіздерге тек технология қажет. Дәл осы мәселе бойынша тәжірибе алмасуға, сенімді серіктестік орнатуға дайынбыз.

Қазақстандық делегация Хьюстонда өткен «IHS CERAWeek» әлемдік энергетикалық конференциясына қатысты

Дереккөз: www.energo.gov.kz

Наурыз айының басында ҚР Энергетика бірінші вице-министрі
М. Досмұхамбетовтың басшылығымен қазақстандық делегация Хьюстонда (АҚШ) өткен «IHS CERAWeek» атқарушы конференциясына қатысты.

Осы жылы форум әлемнің 60 елінен 3400-ден астам қатысушыны қабылдады. Олардың ішінде энергетика саласындағы министрлер, халықаралық ұйымдар мен энергетикалық корпорациялардың басшылары бар.

Конференция барысында қазақстандық делегация жаһандық энергетикалық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелерді талқылауға қатысты.

Атап айтқанда, М. Досмұхамбетов мұнай-газ саласындағы әлемдік трендтерге, бірінші кезекте мұнайдың әлемдік нарығындағы баға белгілеу факторларына арналған «Энергетика министрлері диалогы» панельдік сессиясында сөз сөйледі.

Өз сөзінде ол әріптестерін және қатысушыларды Қазақстанның мұнай-газ саласындағы ағымдағы жағдайы, өткізілетін реформалар және 4-ші мұнай өңдеу зауытының құрылысын қоса алғанда, саланы жаңғырту бойынша алдағы жоспарлар және кейбір мұнай-газ химиялық жобалардын іске асырылуы туралы хабардар етті.

Бұдан басқа сапар аясында құрамына «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Біріккен химиялық компания» ЖШС және АҚШ-тағы ҚР Елшілігінің өкілдері кірген қазақстандық делегация жаһандық энергетикалық басшылармен, сондай-ақ өнеркәсіптік, техникалық секторлардың жетекші мүшелерімен және институционалдық инвесторлармен кездесулер өткізді.

Атап айтқанда, ExxonMobil, Primus Power, Breakthrough Fuel, Valero, Phillips66, Westlake Chemical ірі америкалық және халықаралық компаниялармен кездесулер өтті. Диалог барысында Қазақстанның аталған компаниялармен ынтымақтастығының ағымдағы жайдайы және алдағы өзара әрекеттестігінің перспективалары талқыланды.

IHS CERAWeek форумы әлемдік энергетикалық саланың беделді жыл сайынғы кеңесі болып табылады және жаһандық энергетикалық күн тәртібіне үлкен әсер етеді. Ол жаһандық энергетикалық басшылар мен саяси, қаржы, өнеркәсіптік және техникалық қауымдастықтардың жетекші мүшелері, сондай-ақ институционалдық инвесторлар кездесуі ретінде әлемдегі ең ірі 5 жалпы конференциялардың қатарына кіреді. Энергетикалық бизнестің ең ірі ойыншылары жаңа идеяларды, көзқарастарды талқылайды, сондай-ақ әлемдік энергетика алдында тұрған күрделі мәселелерді шешеді.

ҚР ЭМ Баспасөз қызметі

ОҚО-да көктемгі егіс егу науқаны басталды

Дереккөз: www.24.kz

5072e7ed255508f91c988924364591f7_l

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының дихандары көктемгі ерте пісетін көкөніс егу науқанын бастады. Кетпен шапқан шаруалар қырыққабаттан мол өнім аламыз деп отыр.

Биыл ауданда суармалы егістіктің де көлемі артқан. Мамыр айында қырыққабатты жинап алып, орнына бұлғар бұрышын егу де ойда бар. Тақырыпты қайнаған еңбектің ортасында болып қайтқан тілшіміз Нұрбек Байбосын сабақтайды.

Көктем шыға қарап жатпай ерте қам жасаған Сарыағаштық диқандар қырыққабат егуді  бастап кеткен. Ал шаруа қожалық өзінің 8 гектар жеріне жыл сайын ауыспалы көкөніс түрін егеді. Қырық қабат басқаларына қарағанда ерте піседі дейді қожалық иесі Әділбек Байболатов. Былтыр гектарына 50 тоннадан өнім алыпты. Оны келісіне 40-45 теңгеден саудалаған.

Әділбек Байболатов, шаруа қожалық төрағасы:

– Бұл енді мамырдың 20-да піседі. Жылдағыдай. Биыл енді көктем жақсы болып тұр. Ауыспалы ғой енді. 2 сезонға Құдай қаласа балғары егіп жүргенбіз. Былтыр 2 гектар жерге еккенбіз жақсы болды.

Жердің жайын білетін шаруаға биылғы көктемде қарасып тұр. Ал диқан қауым қырыққабаттан бөлек 2 гектар алқапқа сәбізде егіпті. Қазір егістік басында химиялық тыңайтқыш себу үшін шабық жұмыстары жүргізілуде. Бір қожалықтың өзі ауылдың 20-30 тұрғынын уақытша жұмыспен қамтып отыр.

Ергешбай Әбішов, Сарыағаш аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

– Биылғы жылы өнім жақсы болады деп жоспарлап отырмыз. Ауа райы қолайлы, ылғал мол себебі. Арық-атыз тазаланған. Қажетті күннен бастап, су босату басталады. Жанар-жағармай мәселесі бүгінгі таңда шешіліп Сарыағаш ауданында 3 оператор белгіленді. Жанармай 156 теңгеден босатылып жатыр литріне.

Ауданда қазір суармалы жердің көлемі 45900 гектарға жеткен. Соның 15 мыңына көкөніс егіледі. Ал 5400 гектары қырыққаббаттың еншісіндегі жер. Былтырғы жылы сәуір айының аяғында  алғашқы өнімін алған диқандар республиканың бірнеше облысын және Ресей Федерациясын қырыққабатпен қамтамасыз еткен болатын.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов

Өзбекстан Арал теңізін қалыпқа келтіруге көмектеседі

Дереккөз: www.24.kz

18d20af316bb3c4a31f8908bbda14c53_l

Өзбекстан Қазақстанға Арал теңізін қалпына келтіруге көмек көрсетпек. Бірлескен жобаны жүзеге асыру жөнінде екі елдің үкімет басшыларының орынбасарлары келісімге келді.

Бұл туралы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 17-отырысында айтылды.  Сонымен қатар Ташкенттен Алматы мен Астанаға ұшатын әуе рейстері көбейеді. Пойыз бен автобус қатынасы да артады. Қазақстан мен Өзбекстан елдерінің тарихын қамтитын кинотуынды түсіріледі.  Туризм индустриясын, теміржол, машина жасау және өнеркәсіп саласын да бірлесе дамыту көзделіп отыр. Айта кетейік, биыл Қазақстанда Өзбекстан жылы аталып өтіледі. Еліміздің премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен Өзбекстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматов үкіметаралық комиссияның хаттамасына қол қойды. Сондай-ақ бірқатар министрлік пен кәсіпорын өкілдері сауда-экономикалық және мәдени байланысты арттыру жөніндегі келісімдерді бекітті.

Ерлан Хаиров, ҚР ИДМ  Инвестиция комитетінің төрағасы:

– Бүгінде  екі ел бірлесіп екі жобаны жүзеге асырып жатыр. Оның бірі Қостанайдағы машина жасау зауыты мен Оңтүстік Қазақстан облысындағы тұрмыстық техника шығаратын өнеркәсіп орны. Біз мұны Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастың нәтижесі дей аламыз. Алдағы жоспарымыз тіптен ауқымды. Ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіпті,  тоқыма өнекәсібін бірлесе қарқынды дамытсақ дейміз. Оған екі тараптың да мүмкіндігі мол.

ЮНИТАР және ҚР Энергетика министрлігі «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК «Қазақстан Республикасы үшін таратуды және хабарлар етуді арттыру, жойылуы қиын органикалық ластауыштар есептілігіне арналған құрал ретінде Ластауыштар шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімін жүзеге асыру бойынша жаһандық жоба» бірлескен жобасы

2016 жылы ҚР Энергетика министрлігі «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК және (ЮНИТАР) БҰҰ Оқу және Ғылыми зерттеу институты және «Қазақстан Республикасы үшін таратуды және хабарлар етуді арттыру, Жойылуы қиын органикалық ластауыштар есептілігіне арналған құрал ретінде Ластауыштар шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімін жүзеге асыру бойынша жаһандық жоба» (бұдан әрі – Жоба) бірлескен жобасын жүзеге асыру туралы келісімге қол жеткізді. Жоба Жаһандық экологиялық қормен (ЖЭҚ) қаржыландырылады және ЮНИТАР-мен және қоршаған ортаны қорғау бойынша БҰҰ бағдарламасымен (ЮНЕП) жүзеге асырылады.

Жоба 6 елде жүзеге асырылады: Қазақстан Республикасы, Беларусь Республикасы, Молдова Республикасы, Перу Республикасы, Камбоджа Корольдігі, Эквадор.

Жобаның мақсаттары: 6 елдегі ЖҚОЛ және басқа да басым химикаттар және қоршаған ортаның жағдайы туралы ақпараттың қол жетімділігін және дәлдігін жақсартуға, және ластауыштар шығарындылары мен тасымалдарының ұлттық тіркелімін (ЛШТТ) толық іске асыру арқылы жұртшылықтың хабардарлығын арттыру және экологиялық мәселелерге қатысуды арттыру.

Жобаға келесі компоненттерді қамтиды: базалық және ұлттық қажеттіліктерді айқындау, жойылуы қиын органикалық ластауыштар бойынша есептілік үшін ЛШТТ жұзеге асыру бойынша және әлеуетті арттыру бойынша іс-шаралар, ЛШТТ деректерін салыстыру және стандарттау, ЛШТТ деректеріне және қоғамдық ақпаратқа, алынған сабақтар мен және репликацияларға қол жетімділік. Жоба Қазақстандағы ЛШТТ-ты құруға бағытталған 3 жыл ішіндегі жұмыс кешенін, сондай-ақ жұртшылық туралы әртүрлі құралдар арқылы кең ауқымды ақпаратты қамтиды.

Жобаның ең жоғары нәтижелеріне қол жеткізу үшін «ҚОҚ АТО» РМК қоса атқарушы ретінде «Қазақстанда орнықты дамуға жәрдемдесу» орталығын (Ұлттық консультант) тартады.

Жобаны жүзеге асыру шеңберінде ЛШТТ бойынша онлайн-есептілік  үшін бағдарламалық қамтамасыз етуді құруға, ҚР заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізуге, қолданыстағы материалдарды жинауға және талдауға, бұрын қолданылған ЛШТТ жобалары, табиғат пайдаланушыларға (өнеркәсіптік сектор), мемлекеттік және үкіметтік емес сектордың өкілдеріне арналған оқыту бағдарламалары мен семинарлар үшін бағдарламалық қамтамасыз етуді құруға бағытталған масштабты жүйелі жұмыс жоспарланып отыр. Қолданыстағы материалдар талдау кез келген басшылық материалдарды, есептерді (мысалы, ЛШТТ-қа байланысты бұрынғы ұлттық жобалар), зерттеулер, сонымен қатар ЛШТТ жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты беретін басқа құжаттар мен көздерді және шығарындылар мен ЖҚОЛ беру туралы деректерді, сонымен қатар елдегі басқа басым химиялық заттарды қамтиды.

Сонымен қатар Жоба ЛШТТ және экологиялық ақпаратқа қол жетімділікті қамтамасыз етудің Ұлттық стратегиясын әзірлеуді және жүзеге асыруды қамтиды. Стратегия заманауи және өзекті құралдарын, оның ішінде компаниялардан алынған ЛШТТ-ты деректерді қоса алғанда, экологиялық ақпарат тарату арқылы ЛШТТ хабардар етуді арттыру бойынша тиімді компанияларды жүргізу мақсатында әзірленген. Аталған құжат Жобаның ақпараттық-түсіндірмелік компанияның мақсатты аудиториясын анықтауға және мақсатты топтармен қарым-қатынас құру әдістерін көрсету, сондай-ақ Жобаны тиімді ақпараттық қолдауды қамтамасыз етуге шақырады.

Қазақстандағы ЛШТТ-ты ендіру мәселесі бойынша шешімдерді қабылдау үдерісіне жұртшылықтың қатысуын мыналар арқылы жүзеге асырады: ЛШТТ бойынша алдағы болатын қоғамдық тыңдаулар туралы ақпаратты тарату (электронды почта бойынша тарату арқылы), нормативтік актілер, бағдарламалар мен жоспарларды дайындау туралы ақпаратты тарату; Жобаны жүзеге асыру шеңберінде ЮНИТАР-мен әзірленген веб порталмен қоса ЛШТТ веб портал форумында талқылау үшін нормативтік актілер, бағдарламалар мен жоспарларды орналастыру; қоршаған ортаны қорғау саласындағы семинарлар, конференциялар, нормативтік актілерді, бағдарламалар мен жоспарларды дайындау туралы бизнес, қоғамдық ұйымдар, кәсіпорындар өкілдеріне жүйелі түрде тарату.

Жобаны жүзеге асыру Қазақстанға халықаралық үздік тәжірибелерге сәйкес ЛШТТ жүйесін Қазақстанда ендіруге, қоршаған ортаны қорғау туралы халықты хабардар етуді жетілдіруге, оның ішінде ЖҚОЛ, қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша әділетке қол жеткізу және шешімдерді қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы, ақпаратқа қол жетімділік туралы Орхус конвенциясына ЛШТТ Хаттамасын ратификациялауға дайындауға мүмкіндік береді

Жобаны жүзеге асыру барысы туралы ақпараттандыру үшін өткізілген жұмыстар, өзекті жаңалықтар мен өзге де ақпараттар туралы баспасөз ақпараттары орналастырылатын бірнеше ақпараттық ресурстар құрылды:

https://www.facebook.com/prtr2016/?fref=ts

https://vk.com/public149303961

https://twitter.com/Prtr2016?lang=ru

http://prtr.ecogosfond.kz/ (сайт толтырылу деңгейінде).

Қазақстанның энергетика секторындағы СЭБ-тің бірінші нәтижелері жарияланды

Дереккөз: www.energo.gov.kz

2018 жылғы 5-6 наурызда Астана қ. Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық кешенін дамытудың 2030 жылға дейiнгi тұжырымдамасына Стратегиялық экологиялық бағалаудың (СЭБ) бірінші нәтижелері талқыланды. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі бастамашылық жасалған аталған жоба халықаралық сарапшылар қоғамдастығынан қолдау тапты және ұлттық мазмұнда СЭБ-ті пайдалануды сынауға бағытталған.

СЭБ-тің пилоттық рәсімін Қазақстанда өткізу Шекарааралық тұрғыдан қоршаған ортаға жасалатын әсерді бағалау туралы конвенцияға (Эспо Конвенциясы) СЭБ бойынша хаттаманың ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады және еліміздің стратегиялық дамуының экономикалық тиімді нұсқаларын анықтау үшін үдемелі, халықаралық деңгейде мойындалған құрал ретінде қарастырылады. Мұндай даму басымдықтарының арасында жасыл экономикалық өсуді арттыру, қосымша шетелдік инвестицияларды тарту және экологиялық жағдайды жақсарту бар.

Қазақстан ұзақ мерзімді перспективада тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу үшін дәйекті қадамдар қабылдайды. Осыған орай, мемлекеттік жоспарлаудың алғашқы кезеңінде СЭБ-ті енгізу әсіресе энергетикалық секторда өнеркәсіптік кешеннің қоршаған ортаға және халық денсаулығына ықтимал кері әсерін алдын алуға мүмкіндік береді.

Екі күн ішінде 2018 жылғы 5-6 наурызда Астана қ. Қазақстан Республикасы мемлекеттік биліктің бейінді органдар мамандарының, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссия (БҰҰ ЕЭК) халықаралық кеңесшілерінің, ұлттық сарапшылардың және жұртшылықтың қатысуымен консультациялар өтті. Өткізілетін СЭБ-тің (қамту саласын және сарапшылардың алғашқы ұсыныстарын анықтау бойынша есеп) аралық қорытындыларын талқылаудан бөлек, кездесуде базалық талдауды дайындау, Отын-энергетикалық кешенді дамытудың 2030 жылға дейiнгi тұжырымдамасын іске асыру нәтижесінде туындауы мүмкін қоршаған орта және халық денсаулығы үшін ықтимал салдарын бағалау және осы салдарды азайту бойынша шаралар әзірлеу туралы сөз қозғалды.

Консультацияларға энергетика, қоршаған орта және денсаулық сақтау мәселелерімен айналысатын мемлекеттік органдар өкілдері, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және денсаулық мәселелерінде маманданатын үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми мекемелер және бұқаралық ақпарат құралдары сияқты басқа да мүдделі тараптар қатысты.

Еске сала кетсек, СЭБ бойынша пилоттық іс-шаралар «Қазақстанның «жасыл экономика» моделіне көшуін қолдау» ЕО/ БҰҰДБ/ БҰҰ ЕЭК бірлескен жобасы аясында Еуропалық одақтың қаржылай қолдауымен ЕҚЫҰ бағдарламасының Астанадағы офисімен ынтымақтастықта ұйымдастырылды. Қазақстанда СЭБ бойынша пилоттық жобаны аяқтау 2018 жылдың қазан айына жоспарлануда.

Стратегическая экологическая оценка ТЭК(3.5 mb pptx.)

Intro to SEA 6 March 2018 RUS (4.42 mb pptx.)

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика