ҚР ЭГТРМ алдағы 5 жылда ұзындығы 3,3 мың км болатын 212 каналды цифрландыруды жоспарлап отыр. Осы іс-шараларды іске асыру 2,2 текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауын іске асыру жөнінде өткен Үкімет отырысында мәлімдеді.
«Өткен жылы Түркістан облысындағы «К-19» магистралды каналын цифрландыру бойынша бірінші жоба сәтті жүзеге асырылды. Нәтижесінде 45 пайызға көбірек су жұмсалатыны анықталды», – деді министр.
Сондай-ақ, ведомство басшысының айтуынша, суды үнемдеу мақсатында Министрлік су үнемдеу технологиялары қолданылатын аумақты 2025 жылға қарай 750 мың гектарға дейін жеткізуді ұсынады.
Бүгінгі таңда арналардың 60% – ы нашар жағдайда. Бұл суды тасымалдау кезінде орын алатын жоғары шығынның негізгі себебі.
Осыған байланысты 5 жыл ішінде ұзындығы шамамен 2,3 мың км болатын тағы 120 арнаны қайта жаңарту жоспарлануда.
«Арналарды қалпына келтіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Мәселен, 2019-2020 жылдары 1734 км канал жөнделіп, 111,5 гектар суармалы жер айналымға енгізілді. Биылғы жылдың соңына дейін 1050 шақырым каналдарды қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл 78 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді», – деді Мағзұм Мырзағалиев.
Дерек көз – gov.kz
Экологиялық мониторингтің нәтижесі бойынша Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезказған, Шымкент қалалары атмосфералық ауаның жоғары ластануымен сипатталып отыр.
Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауын іске асыру жөнінде өткен Үкімет отырысында мәлімдеді.
Министрдің шығарындыларды төмендету үшін келесідей шаралар қарастырылып отырғанын хабарлады:
– Экологиялық кодекске сәйкес кәсіпорындар ең үздік қолжетімді технологияларды (ЕҮҚТ) енгізеді.
– Министрлік пен кәсіпорындардың арасында Меморандумдар мен Жол карталарына қол қойылды. Оларға сәйкес кәсіпорындар шығарындыларды 20% пайыздан 30% пайызға дейін қысқартуды жоспарлап отыр.
– 10 қаладағы бірінші санаттағы кәсіпорындар үшін 2025 жылға қарай шығарындылар лимиті 20% пайызға төмендетілетін болады.
Сондай-ақ, Мағзұм Мырзағалиев шығарындыларды азайту мақсатында әкімдіктер елді мекендер мен шаруашылық субъектілерін газдандыруды жалғастыру қажет екенін айтты. Және қоғамдық және коммуналдық көлікті газ және электр көлігіне ауыстыру жұмысын одан әрі жүзеге асыру керек.
Дерек көз – gov.kz
2021 жылғы 10 тамызда қоршаған ортаны қорғау саласындағы «Елім-ай» II республикалық сыйлығын тағайындау бойынша байқау бастау алады. 2021 жылдың 10 қыркүйегіне дейін жалғасатын байқау аясында Экология және биоалуантүрлілікті қорғау саласындағы заңды және жеке тұлғалар өз номинанттарын әртүрлі санаттар бойынша ұсына алады. "Елім-ай" сыйлығын "Республика-Өңір-Даму" ҚҚ тағайындаған және 2020 жылдан бастап ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен өткізіледі. Сыйлық жыл сайын қоршаған ортаны қорғауға елеулі үлес қосқан заңды және жеке тұлғаларға табиғатты ұтымды пайдаланғаны, табиғатты қорғау мақсатындағы ғылыми қызметі үшін беріледі. Арнайы құрылған комиссия ұсынылған құжаттарды қарайды және сыйлық алуға үміткерлерді іріктейді. Байқау нәтижелері 2021 жылғы 19 қыркүйекте Халықаралық орманшылар қызметкерлері күні жарияланады. Сыйлықты марапаттау рәсімі ҚР Орман шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында - қазанның үшінші жексенбісінде өтеді. Байқау жеңімпаздары келесі номинациялар бойынша марапатталады: Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі үздік инспектор; Үздік орманшы; Үздік балық өсіруші; Ең жақсы панажай; Үздік ұлттық парк; Үздік қорық; Үздік волонтер; Табиғатты қорғау туралы үздік журналистік материал; Жануарларға арналған ең жақсы баспана; Жасыл қала. Лауреаттар «Елім-ай» сыйлығының атаулы мүсіншелерімен, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Дереккөз – Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі
2021 жылғы 22 шілдеде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері Ақмола облысының Щучинск қаласында және “Бурабай” ұлттық паркінде жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында делегация мемлекеттік орман қорында 2 млрд.ағаш отырғызу жобасын іске асыру бойынша ведомствоға қарасты ұйымдардың жұмысымен танысты. Естеріңізге сала кетейік, аталған жоба ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Президент 2020 жылы Қазақстан халқына Жолдауында 5 жыл ішінде елімізді ауқымды көгалдандыру міндетін қойды. Қазіргі уақытта орман қорының жалпы алаңы (барлық ормандар мен орман шаруашылығын жүргізуге арналған жерлердің жиынтығы) 30 млн.гектарды немесе Қазақстан аумағының 11% – ын құрайды. Ормандардың ең көп аудандары Қызылорда, Жамбыл (негізінен сексеуіл), Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында (майқарағай, самырсын, балқарағай және шырша) шоғырланған. Еліміздің ормандылық көрсеткіші 4,8% деңгейінде. Жоғарыда аталған жобаны іске асыру бұл көрсеткішті 5% – ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыру үшін барлық облыстарла және министрліктің ведомстволық бағынысты мекемелерінде ормандарды молықтыру мен орман өсірудің 5 жылдық кешенді жоспарлары бекітілді, республикалық және жергілікті бюджеттерден шығыстар айқындалды, сондай-ақ орман және табиғат қорғау мекемелерінің іс-қимылдарын үйлестіру жөніндегі штаб құрылды. Жоба басталғаннан бері биылғы жылғы көктемде 81,5 млн. ағаш отырғызылды. Күзде тағы 48,2 млн. ағаш отырғызу жоспарлануда. Отырғызу көлемі жыл сайын 2021 жылғы 129,7 млн.ағаштан 2025 жылы 642,8 млн. ағашқа дейін ұлғаятын болады. 2 млрд. ағаштың 1 455,7 млн. данасын әкімдіктер, 294,3 млн. данасын орман пайдаланушылар мен халықаралық донорлар, 250 млн. данасын Экология министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдары отырғызуды жоспарлап отыр. Отырғызу жоспарланған ағаш түрлерінің ішінде сексеуіл ең көп үлесті (шамамен 30%) алатынын атап өткен жөн. Бұл осы аймақтың экологиясын жақсарту үшін Арал теңізінің құрғаған түбінде сексеуіл ормандарын өсіру қажеттілігіне байланысты. Жалпы, жоба аясында шамамен 610 мың дана сексеуіл, 555 мыңнан астам дана қарағай, 193 мыңнан астам дана үйеңкі, 132 мыңнан астам дана шегіршін, 100 мыңнан астам дана қайың және басқа да тұқымдар отырғызу жоспарлануда. Жобаны қаржыландыру үшін 5 жыл ішінде республикалық бюджеттен 22 млрд.теңге, жергілікті бюджеттерден 60 млрд. теңге бөлу жоспарлануда. Сонымен қатар, мамандар түсіндіргендей, ағаштардың құны маусымдық жұмысшылардың жалақысы, тұқым жинау және өңдеу, топырақ дайындау, көшеттерді 2-3 жыл күту шығындарымен анықталады. Осыған байланысты қаржыландыру тұқымдарды жинау мен өңдеуге, қызметкерлердің жалақысына жұмсалған шығындарды жабуға ғана емес, сондай-ақ топырақ-іздестіру жұмыстарын жүргізуге, орман егіс алаңдарын ұлғайтуға, техника мен жабдықтар сатып алуға, ормандарды молықтыру жөніндегі жұмыстарды орындауға бағытталатын болады.
Дереккөз – Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі
Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында 2 млрд ағаш отырғызуды қамтамасыз етуді және осы жұмыстардың орындалу барысын бақылау үшін интерактивті карта әзірлеуді тапсырды. Жоғарыда көрсетілген тапсырманы іске асыру мақсатында Қазақстан Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі (бұдан әрі – ҚР ЭГТРМ) Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп осы мәселені пысықтады. «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» АҚ ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Қазақ орман орналастыру кәсіпорны» РМҚК тапсырысы бойынша 2 млрд.ағаш отырғызу жұмыс барысын мониторингтеу үшін интерактивті картасын әзірлеуде. Жерді қашықтықтан зондтау негізіндегі интерактивті карта халыққа мобильді нұсқада да қолжетімді болады деп жоспарлануда. Барлық мүдделі тұлғалар, қоғамдық ұйымдар және еліміздің әрбір азаматы осы жұмысты қадағалап, өз ұсыныстары мен ескертулерін уәкілетті органға жолдай алады.
Дереккөз – Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі
Биылғы жылғы 19 шілдеде Ташкент қаласында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Ш. Хамраевпен кездесу өткізді. Кездесу барысында олар Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысындағы су жағдайын жақсарту жөніндегі бірлескен шараларды талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан үшін «Достық» мемлекетаралық арнасы бойынша Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарының фермерлері үшін су жіберу көлемі 80-нен 90 м3/с дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ, Шардара су қоймасына келетін ағынды арттыру бойынша бірлескен шараларды жалғастыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Сонымен қатар, кездесу барысында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және пайдалану туралы Келісімнің жобасы талқыланды. Тараптар осы жылдың соңына дейін Келісім жобасын келісу рәсімдерін аяқтау ниеттері бар екенін растады.
Дереккөз – Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова «Арал өңірінің экологиялық бағдарланған өңірлік дамуы» халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының (GIZ) өңірлік жобасының жетекшісі Паул Шумахермен кездесті. Паул Шумахер вице-министрді Арал өңіріндегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша бірқатар іс-шаралар іске асырылып жатқан аталған өңірлік жобаның ағымдағы жылдың басында басталғаны туралы хабардар етті. Өз кезегінде Әлия Шалабекова Министрліктің GIZ-мен түрлі жобалар бойынша жемісті ынтымақтастығын атап өтіп, экология және қоршаған ортаны қорғау саласында техникалық көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді. Кездесу барысында тараптар көгалдандыру, ландшафтқа кешенді мониторинг жүргізу және Арал теңізінің құрғаған табанын картографиялау саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын, сондай-ақ климаттың өзгеруіне бейімделу, балық шаруашылығын дамыту, табиғатты қорғау іс-шараларына жергілікті халықты тарту мәселелерін талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және GIZ жобасына Қазақстанда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Анықтама «Арал өңірінің экологиялық бағдарланған өңірлік дамуы» өңірлік жобасы Германияның экономикалық ынтымақтастық және даму федералдық министрлігінің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады және оны халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамы (GIZ) іске асырады. Жоба Арал өңірінің экологиялық орнықты трансшекаралық экономикалық дамуын қамтамасыз етуде Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтеріне қолдау көрсетеді.
Дереккөз – Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі
Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасының іске асырыу барысымен таныстыру мақсатында Ақтөбе облысында Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов облыстың балық шаруашылығы субъектілерімен және әлеуетті инвесторларымен кездесіп, олармен өңірде балық шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Кездесу барысында ведомство басшысы мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде субсидиялау, балық өсірумен айналысатын субъектілер үшін жасалған жағдайлар және заңнаманы жетілдіру туралы хабардар етті. Жалпы, өңірде жұмыс істеп тұрған шаруашылықтардың қуатын кеңейту, тұқы, бекіре, албырт балық түрлерін өсіру бойынша 34 көл-тауарлы, 8 тор, 1 тоған шаруашылығын құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Комитет төрағасы жайын балықтарын өсіретін «Мұрагер 22» ЖШС жабық сумен қамтамасыз ету қондырғысын пайдаланатын балық өсіру шаруашылығының жұмысымен танысты, «Ардағым» ШҚ, «Асыл бахтах» ШҚ тоған шаруашылықтарына, сондай-ақ торлы шаруашылықтар құру жоспарланған бірқатар су қоймаларына барды.
Дереккөз – Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі
Маңғыстау облысы Ақтау қаласында өңірдің балық шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша кездесу өтті. Кездесуге балық шаруашылығын дамыту жөніндегі уәкілетті органның, Маңғыстау облысы әкімдігінің, “Атамекен” ҰКП – ның, “BD – Балық шаруашылығы қауымдастығы” ЗТБ-ның, балық шаруашылығы субъектілерінің және облыста балық өсіру жөніндегі жобаларды іске асыруға дайын инвесторлардың өкілдері қатысты. Қатысушыларға балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы таныстырылды, онда 2030 жылға қарай өсірілген балық көлемін жылына 270 мың тоннаға дейін, оның ішінде Маңғыстау облысында жылына 100 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Жалпы, өңірде жұмыс істеп тұрған шаруашылықтардың қуатын кеңейту, тұқы, бекіре, албырт балық түрлерін өсіру бойынша сумен қамтамасыз етудің тұйық циклі бар 20 тор, 1 тоған, бір шаруашылық құру жоспарланып отыр. Кездесу барысында балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Н.Т. Жүнісов қатысушыларды балық шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде балық өсірумен айналысатын субъектілер үшін жасалған жағдайларды субсидиялау және заңнаманы жетілдіру шаралары туралы хабардар етті. Сондай-ақ, іс-шара барысында балық шаруашылығы субъектілері мен инвесторлар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасып, өңірдегі балық шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.М. Мырзағалиев тұйықталған сумен қамтамасыз ету қондырғысын пайдаланатын, “Kazakh osseter” ЖШС балық өсіру шаруашылығының жұмысымен, сондай-ақ бекіре және лосось балық түрлерін өсіру жобаларымен танысты. Атап айтқанда, 2030 жылға қарай өнімділігі жылына 30 мың тонна, шамамен 27 млрд.теңге инвестиция құйылатын “Інжу-Маржан шығанағында балықтың лосось түрлерін өсіру бойынша Шарбақты балық өсіру шаруашылығын құру” жобасымен танысты. Оның бастамашысы – “Технологиялық холдинг институты” ЖШС. Сондай-ақ, “Ақтау теңіз порты” арнайы экономикалық аймақ аумағында өнімділігі жылына 400 тонна тауарлы балық және 50 тонна уылдырық өндіретін бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру бойынша зауыт салу” жобасымен танысты. Бұл жобаның бастамашысы – “Beluga Queen” ЖШС.
Дереккөз – Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі
Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов бірқатар аудандарды, су шаруашылығы нысандарын аралап, сала мамандарымен бірге атқарылған жұмыстарды пысықтап, алдағы мақсат-міндеттерді айқындады. Қордай, Меркі, Жуалы аудандарына барған Серік Қожаниязов су шаруашылығы нысандарын аралап, жай-күйімен танысты. Одан бөлек сала мамандарымен, диқандармен де арнайы кездесіп, толғандырған мәселелеріне құлақ қойып, ұсыныс-пікірлеріне назар аударды. Кездесуге келген диқандар аталған екі ауданда да биыл су тапшылығы орын алып жатқанын қынжылыспен жеткізді. Дегенмен диқандар ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің маңызды шешімдерінің арқасында өткен жылдарға қарағанда ахуал жақсара бастағанын тілге тиек етті. Мәселен су қоймаларына жаңғырту жұмыстары, каналдарға механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, бетонмен қапталған. Су тапшылығы туындап тұрған дәл қазіргі қиын шақта шаруашылықтарға суды кезекпен берудің кестесі жасалған. Кесте арқылы су беру қазіргі таңда көп қиындықтан құтқаруда. Ал Серік Қожаниязов бүгінгі күннің ең өзекті мәселесін шешу мақсатында министрлік тарапынан істеліп жатқан жұмыстар жоспар бойынша кезең-кезеңімен қарқын ала беретінін баяндады. Сондай-ақ ол су тапшылығына қарамастан бірлескен жұмыстар арқасында вегетация кезеңі қалыпты жағдайда өтіп жатқанын, алдағы уақытта да солай жалғаса беруі керектігін айтты. Аудандарға сапары барысында экология министрінің орынбасары «Әулие Ата» қант қызылшашылар ассоциациясының мүшелерімен, фермерлермен де кездесіп, су шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді бірге сарапқа салды. Ассоциация мүшелері егіс алқабын ұлғайтып, мол өнім алуға ниетті екендерін, ал ол үшін қолдау қажеттігіне тоқталды. Ұтымды ұсыныстарды тыңдаған Серік Қожаниязов бірлескен істе береке болатынын, сондықтан тиісті мекемелер мен әкімдіктер қоян-қолтық жұмыс істеуі тиіс екенін баса айтты. Сондай-ақ вице-министр аудандарға сапары кезінде аудан басшыларына дәл қазіргі вегетация кезінде шаруалар судан қысылмау керектігін, барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып науқанды ойдағыдай аяқтау үшін күш біріктіріп жұмыла жұмыс жасауға шақырды. Вице-министрдің Жамбыл облысына жұмыс сапары кеше «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалында жалғасты. Онда Серік Қожаниязов вегетация кезеңінің барысымен танысты. Аудандарды аралап, сала мамандарымен кездесті. Сондай-ақ министр орынбасары кеше Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесті. Басқосуда атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы жоспарлар айқындалды. Бердібек Машбекұлы мемлекеттік қолдаудың арқасында тындырымды тірліктер жасалғанын, дегенмен әлі де атқарылатын жұмыстар аз емес екенін баяндады.
Дереккөз – Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі