Дереккөз: www.24.kz
Солтүстік Қазақстан облысында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 300 жоба жүзеге асты.
Бұл бағытқа бөлінген 1 млрд теңгеден астам қаражат толық игеріліп, ауылдағы іскер азаматтар өз алдына кәсіп ашты.
Жанат Сәдуақасов інісімен Шығыс Қазақстаннан Солтүстік Қазақстанға көшіп келіп, мал шаруашылығын қолға алды. Іскер ағайындылар «Игілік» бағдарламасы бойынша 6 млн теңге рәсімдеп, табынына 24 тайынша қосты.
Жанат Сәдуақасов, шаруа:
– Қазір 72 басқа апардық. Оның ішінде асылтұқымдылары да бар. Және сауылатын мал алып жатырмыз. Өте тиімді. Мұнымен жұмыс істеп, ақырындап көтерілуге болады.
Бұл – «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы жүзеге асқан жоба. Ол бойынша биыл 174 солтүстікқазақстандық өз алдына кәсіп ашты.
Елнұр Сыздықов, қаржы-несиелік ұйымының менеджері:
– Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 1 млрд 15 млн 200 мың теңгеге 303 жоба қаржыландырылды. Соның ішінде мал шаруашылығын дамыту үшін 543 млн 800 мың теңгеге 206 жоба қаржыландырылды.
Биыл басталған бағдарлама ауыл азаматтарына арналған. Бұл жұмыссыздық мәселесін шешуге де оң әсер етеді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев Дмитрий Рура
Дереккөз: www.24.kz
Ауыл шаруашылығы өнімдерін әртараптандыру – уақыт талабы.
Осыған байланысты, павлодарлық шаруалар бұрын-соңды өсірмеген дақыл түрлерін тәжірибе алқабында байқап көруді қолға алды.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
– Жасымық өсіретін шаруашылықтар саны облыста саусақпен санарлық. Соған қарамастан соңғы кездері диқандар тарапынан зор қызығушылық бар. Өйткені бұршақтұқымдас дақылға сұраныс жоғары екен.
Жасымық ору науқаны басталып та кетті. Өнім шығымдылығы жаман емес. Гектарына 14-15 центнерден келген. Шаруалар бұл дақылдың экономикалық тиімділігін жоғары бағалайды. Айтуларынша, жасымық алқаптарындағы ылғал бір жыл бойы құрғамайды. Бұған қоса топырақ құрамында азот пен фосфор ұзақ сақталады. Шаруа қожалығының жетекшісі Александр Поляков жасымық өсіруді 5 жыл бұрын қолға алыпты. Биыл егіс алқабын 3 мың гектарға көбейткен. Алған өнімін нарыққа шығармақ.
Александр Поляков, шаруа қожалығының жетекшісі:
– Нарық бағамы қалай болатыны әзірге белгісіз. Кейде аз өнімнің бағасы жақсы болады, көп болса өткізе алмай жатамыз. Қазақстан нарығында жасымыққа сұраныс көп емес. Өйткені оны тағам ретінде күнделікті қолдана бермейміз. Өнімді алыс шетелдерге экспорттаймыз деген үмітіміз бар.
Ауыл шаруашылығы саласының мамандары аталған дақылды өсіруге Павлодар жері аса қолайлы дейді. Күннің көзі молынан түседі. Ылғал да жеткілікті. Ең бастысы технологиясын үйрену қажет. Айтуларынша, жасымықтың тоннасы нарықта шамамен 500-800 АҚШ долларына бағаланады.
Бауыржан Қасенов, облыс әкімінің орынбасары:
– Фермерлер өнімді өткізу жөнінде дұрыс мәселе көтеріп отыр. Бұл – біздің өңір үшін жаңа дақыл. Бірақ біз оның экспорттық әлеуетін жақсы білеміз. Бұл – валютаға сатылатын өнім. Қазір аймақта 40 шақты шаруашылықтың басын қосқан ірі кооператив бар. Келер жылы олар жасымық өсіруді қолға алады. Бірігіп жұмыс жасайтын болса, өнімді өткізуде қиындық туындамайды.
Жасымықты негізгі экспорттаушы ел – Канада. Сатып алушы мемлекеттер – Қытай, Иран, Пәкістан, Түркия. Агрөнеркәсіп кешенін әртараптандыру бойынша фермерлерге мемлекет тарапынан қолдау зор. Өткен 7 айдың көрсеткіші бойынша Павлодар облысының шаруалары тұқым алу үшін шамамен 500 млн теңге субсидия алған. Биылғы егіс алқаптарының 92%-ына өнімділігі жоғары элиталық тұқымдар себіліпті.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий
Дереккөз: www.24.kz
Жер емген диқандар күзгі дала жұмыстарын қысқа мерзімде ысырапсыз аяқтауды жоспарлап отыр.
Сондықтан да ризығын жерден табатын шаруалар жиын-терімге ерте қамданды.Биыл өңірде орақ науқанына сегіз мың комбайн жұмылдырылатын болады.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында бидай бітік шықты. Өйткені ауа райы жайлы болғанын айта кету қажет. Яғни уақтылы жауған жауын-шашын мен аптап ыстық егіннің жақсы пісуіне сеп болды.
Жалпы биыл көктемде өңір диқандары 4 млн 222 мың гектар алқапқа ырыс дәнін сіңірген болатын. Оның 3 млн гектары астық болса, қалғаны майлы дақылдар. Алажаздай баптаған сары алтынды шашау шығармай жинап алу үшін тегеурінді техникалар дала басында жүйтки бастады. Гектар түсімі әзірге облыс бойынша орта есеппен алғанда 17 центнерден айналуда. Бұл – жақсы көрсеткіш. Алдын ала болжам бойынша шамамен 6 млн тоннаға жуық астық қамбаға құйылатын болады. Қазір аймақтағы барлық агроқұрылымдар аталған науқанға тас-түйін дайын. Оларды арзандатылған жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін ел қазынасынан 10 млн 200 мың теңгеден астам қаржы бөлінді.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
– Астық жақсы шықты. Оған менің әкім боп келгенім бар, табиғаттың да әсері, өңір өзгерді. Егін орағы ойдағыдай жүріп жатыр.
Сәтін салса, дала қосынындағы шаруалар енді екі ауысымда жүргізілетін болады. Себебі табиғат ана оң қабақ танытып тұрғанда, астықты ысырапсыз жинап алу қажет.
Солтүстіктің сары алтыны Ресей, Иран, Қытай сынды елдерге экспортталмақ. Ал алдағы уақытта аграрийлер майлы дақылдарды өсіруді мықтап қолға алмақшы. Ауыл шаруашылығы алқаптарын әртараптандыруға байланысты келер жылы 1 млн гектар алқапқа майлы дақылдар егілетін болады. Себебі өнімнің бұл түріне уақыт өткен сайын сұраныс артуда.
Авторы: Самат Қайырденұлы
Дереккөз: wwwkz.energo.gov.kz
2017 жылғы 18 тамызда Заң жобалау қызметi мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында «Парниктік газдар және озонды бұзатын заттарды реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы қарастырылды және талқыланды.
Парниктік газдарды және озонды бұзатын заттарды реттеу, климаттың өзгеруіне бейімделу және қалдықтарды мемлекеттік басқару салаларындағы ұлттық заңнаманы тұрақты дамудың мақсаттарына және елдің әлеуметтік-экономикалық өсуіне сәйкес келетін Париж келісімі, Біріккен Ұлттар Ұйымының Негіздемелік конвенциясы мен Монреаль хаттамасы шеңберінде қабылданған халықаралық міндеттемелерге сәйкестендіру аталған заң жобасын қабылдау мақсаттары болып табылады.
ВАК-тың отырысына мемлекеттік органдар, сондай-ақ «Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2016 жылғы 19 ақпандағы өкімімен бекітілген ВАК-тың мүшелері және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.
ҚР ЭМ Баспасөз қызметі
Тұрақты органикалық ластағыштарды (ТОЛ), оның ішінде жаңа ТОЛ-ды түгендеу – тұрақты Органикалық ластағыштар туралы Стокгольм конвенциясының тараптары ретінде Қазақстан Республикасының маңызды міндеті болып табылады.
2003-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің / БҰҰДБ / ҒЭҚ «ТОЛ бойынша Стокгольм конвенциясына сәйкес міндеттемелерді орындау бойынша Қазақстан Республикасына алғашқы көмек көрсету» жобасы шеңберінде Қазақстандағы алғашқы он екі ТОЛ алдын ала түгендеу жүргізілді.
«Ұлттық жаңарту жоспарларын орындау, Қазақстанның денсаулық сақтау қалдықтарды басқарудың ұлттық жоспарлау және басқару процесінде органикалық ластағыштардың басқару интеграциялау» ҚР / БҰҰДБ / ҒЭҚ жобасы шеңберінде жыл 2015-2016 жылы ТОЛ түгендеу Үкіметі жалғастырылды. Жобаны жүзеге асыру барысында, 2009 жылы Стокгольм конвенциясына кірген жаңа индустриялық ТОЛ (ПБДЭ оңай және ПФОС) алдын ала түгендеу, ТОЛ пестицидтерді түгендеу туралы ақпарат жаңартылған және сондай-ақ 2015 жылы байқаусыз өндірілетін ТОЛ шығарындыларын бағалау жүргізілді.
Байқаусыз құрылған ТОЛ шығарындыларын түгендеу (БҚ ТОЛ) 2013 жылы Диоксин және Фуран эмиссиясы және басқа да байқаусыз жасалған ТОЛ анықтау және сандық бағалау бойынша ЮНЕП басшылығына сәйкес жүзеге асырылды. Инвентаризация екі деңгейде жүргізілді:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің 2015 жылға арналған өнім көлемі бойынша жылдық есебінің негізінде ресми статистикаға сәйкес.
2) өнеркəсіптік кəсіпорындардың түгендеуге арналған арнайы сауалнама шеңберінде ұсынған деректері бойынша.
Жаңа Өнеркәсіптік ТОЛ (ПБДЭ және ПФОС) түгендеу барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетімен жарияланған ресми статистикалық жинақтар пайдаланылды. Инвентаризация 2015-2016 жылдары өткізілгендіктен, есептеулер осы уақыт аралығында қол жетімді деректерді 2014 жылға дейін қоса алғанда қолданылды.
ТОЛ бойынша пестицидтерді түгендеу шеңберінде, қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 27 желтоқсандағы № 143 бұйрығымен бекітілген 2013-2022 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген пестицидтер (у химикаттар) тізіміне енгізілген дәрілік заттар ғана анықталды. Бұл тізімде ТОЛ бойынша пестицидтер жоқ. Алайда, ТОЛ қасиеттері бар ескірген пестицидтердің қоры Қазақстанның аумағында қалады.
Дереккөз: www.24.kz
ЕХРО – өз жобаңды күллі әлем назарына ұсына алатын үлкен алаң.
Германияның жас стартапшылары осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып отыр. Олар халықаралық мамандандырылған көрмеде электромобильді қуаттандыратын «ақылды» жүйені таныстырды. Компания жетекшісі Никлас Ширмердің айтуынша, бұл инновациялық жоба шараға келушілерді, энергетика саласындағы мамандарды да ерекше қызықтырып отыр. Енді ЕХРО арқылы немістің өнертапқыштары жаңа әріптестерін іздестіріп жатыр.
Никлас Ширмер, «Ubitricity» компаниясының жетекшісі:
– Біздің компания электромобильді қуаттандыратын қолайлы жүйені ойлап тапты. Жүйе шоғырсым тартылған кез келген желіні энергия көзі ретінде қолдана алады. Арнайы розетканы шам бағанасына орнатсаңыз да жетіп жатыр. Жобамызды ЕХРО халықаралық көрмесінде ұсынғанымызға қуаныштымыз. Германия павильонында жаңа технологиямызды таныстыруға толық мүмкіндік жасалып отыр. Білуімізше, Астанада әзірше электромобильдер аз. Бірақ болашақта бас шаһардың заманауи қалаға айналатынын ескерсек, бұл өнертабыс күнделікті өмірде үлкен сұранысқа ие болуы мүмкін.
ҚР ЭМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК 2017 жылғы тамыздың 16-нан 18-не дейінгі мерзім аралығында қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы мамандар үшін Астана қаласында «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқару» тақырыбына оқыту семинарын өткізді.
Семинарға қатысушылар келесі ұйымдар өкілдері: «Өскемен ЖЭО» ЖШС, ҚР ЭМ «Ұлттық ядролық орталығы» ШЖҚ РМК «Байкал» филиалы, «Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша экология департаменті» РММ, «Экосфера» ҮЕҰ мекемесі.
Семинарда келесі сұрақтар қарастырылды:
Дәріс оқығандар:
Досмакова Бизара Жакиевна – ҚР ЭМ Қалдықтарды басқару департаменті директорының орынбасары;
Ингербаева Жанат Умбетовна – ҚР ЭМ ЭРБК бас сарапшысы;
Абилова Ляйа Толегеновна – ҚР ЭМ ЭРБК бас сарапшысы;
Токтасынова Тоты Клышбековна – ҚР ЭМ ЭРБК бас сарапшысы;
Садвокасова Алия Малаевна – ҚР ЭМ «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК МЭАҚД басқарма басшысы;
Балабаева Алтын Ибрагимовна – ҚР ЭМ «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК ҚОҚҰБДжәнеЭАТ басқармасының басшысы;
Кондратенко Михаил Геннадьевич – ҚР ЭМ «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК Ақпараттық технологиялар департаменті директоры;
Семинар соңында тыңдаушыларға куәліктер табыс етілді.
Дереккөз: www.24.kz
Бүгінде құрылғанына 85 жыл толып отырған Алматыдағы әйгілі ботаникалық бақта заманауи әдістер қолданылып, қайта түлейді. Бұл туралы Алатау баурайында өткен шетелдік ғалымдардың басқосуында айтылды. Конференция барысында қазақстандық ботаникалық бақ өкілдері жаңа келісімдерге де қол жеткізді.
Тек Алматыда ғана емес, бүкіл Қазақстандағы жасыл желекті дамытуда үлесі зор ботаникалық бақтың қорында қазір 258 мың өсімдік түрі бар. Оның елу бес мыңын бақ аумағынан көруге болады. Олардың арасында 3 мың жыл бұрын жер бетінен жойылып кете жаздаған Гинкго билоба өсімдігі де бар. Ми қызметінің жақсы жұмыс істеуіне таптырмас ем саналатын ағашты мамандар ботаникалық бақтан тыс жерге жерсіндеру жолдарын қарастырып жатыр.
Эльмира Саметова, Ботаника және фитоинтродукция институтының ғылыми қызметкері:
– Қазақстан бойынша сирек кездесетін, жоғалып кеткен өсімдіктер осы бақта сақталып, өсіп жатыр. Бүкіл Қазақстаннан жиналған, басқа мемлекеттен АҚШ, Мексикадан әкелінген өсімдіктердің бәрі осы жерде өсіп жатыр.
Енді Алматы ботаникалық бағын қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ. Оған Нью-Йорк пен Лондонның жасыл желекті дамытудағы тәжірибесі қолданылатын болады. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін арнайы құрылған қор қазір тың жобаларды талқылап, қаржы көздерін қарастырып жатыр. Қазір бақтың арық жүйелері, жүргінші жолдары жаңартылып, көше шамдарын әсемдеу қолға алынды.
Арна Әкімбаева, Бас ботаникалық дамыту қорының атқарушы директоры:
– Әзірге қанша жоба жүзеге асырылатынын айта алмаймын. Біздің мақсат – ботаникалық бақты Нью-Йорк немесе Лондондағы ботаникалық бақтар сияқты халықаралық талапқа сай ету.
Ботаникалық бақтың 85 жылдығына арнайы шақырылған 14 елдің өкілдері Алматының мақтанышымен танысып, халықаралық конференцияда өз ойларымен бөлісті. Жиын барысында Венгрия мен Алматы ботаникалық бақ өкілдері жасыл желекті жерсіндіріп, дамытуда тәжірибе алмасу жөнінде келісті.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон
Дереккөз: www.24.kz
Атыраулық бағбандар алма өсіріп жатыр.
Осыған дейін мұнайлы өңірде өндірістік бағыттағы бірде-бір алма бағы болмаған еді. Мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен үш жыл бұрын алма өсіруді қолға алған жергілікті шаруашылық биыл айтарлықтай өнім жинады. Ауа райының қолайсыздығы, топырақ құрамының тұздылығына қарамастан, бағбандар осы маусымда әр түп алма ағашынан 40 келіден астам өнім алды.
Бастапқы да төрт гектар алқапқа алма ағаштарын отырғызған шаруашылықтың алма бағы бүгінде 150 гектарға жетті. Отандық ғылыми-зерттеу институттарындағы кәсіби мамандардың кеңесі мен үш жылғы тәжірибе арқасында жүзеге асқан жоба біртіндеп жемісін бере бастады.
Елдос Бегәлиев, агроном:
– Біз ағаштарды тамшылатып суару әдісімен суарып жатырмыз. Оның алмаға пайдасы мол. Ол ылғалды жақсы ұстайды. Тамыр бойына жақсы таратылады. Оның тағы бір пайдасы, бізде су қымбат тұрады. Оңтүстік өңірлерде судың бағасы 30 тиын болса, Атырау облысында судың бағасы 14 теңге тұрады.
Ал жылда мол табысқа кенелудің өзіндік қыр-сыры бар. Ол – мамандардың маңдай тері мен күні-түнгі еңбегінің нәтижесі. Жергілікті ауыл тұрғындары біртіндеп үйреніп, қазір нағыз бағбанға айналды. Қазір шаруашылықтың бағында алманың 32 түрі өсіріледі.
Сембей Мұхамбетов, бағбан:
– Мен осы жердің жергілікті тұрғынымын – Сарайшық ауылынан. Осы алма бағында көп жылдан жұмыс істеп жатырмыз. Алма өнімі жақсы. Бір түп алмадан 40 келідей алма аламыз.
Биыл көктемнің кеш келіп, ал жаздың күрт ысып кетуіне қарамастан, жергілікті бағбандардың бұл маусымға өкпесі жоқ. Олар 150 га бақтан 300 тоннадан астам өнім жинады. Алғашқы белестен сүрінбей өткен шаруалар келер жылдан бастап жүзім, құлпынай секілді жеміс-жидектерді де өсірмек ниетте.
Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов
Дереккөз: www.24.kz
Қазір диқандар өзге елдерден әкелінген өсімдіктерді де жер сіңдіріп жатыр. Шығыс Қазақстандағы Зайсан ауданының шаруалары майлы дақыл өсіруді қолға алған. Қазір 20 мың гектар алқаптың 60 пайызына аталған өнім түрі егіліпті. Осы арқылы майлы дақылдың отандық үлесін арттыру көзделіп отыр.
Топырағы құнарлы Зайсан ауданында мақсары өсіріле бастады. Дәурен Айтмұхаметов негізгі отаны Эфиопия мен Ауғанстан саналатын майлы дақылдың 1,5 тоннасын Жамбыл облысынан сатып алған. Бұл тәжірибе агрономдар тарапынан да қолдау тауып отыр. Себебі өнімнің пайдасы орасан әрі қалдықсыз екен.
Дәурен Айтмұхаметов, кооператив жетекшісі:
– Мақсары деген өсімдікті 50 гектарға әкеліп, егіп отырмыз. Алдағы уақытта 200-180 гектарға көбейтсек деген ой да бар. Майдың сапасы жоғары, мөлдір болады. Гүлі де пайдалы.
Зайсандық шаруалар сояның да берекелі дақыл екенін айтады. Болатбек Мизамхан 13 жылдан бері жер шаруашылығымен айналысады. Иелігінде үш жүз гектар алқабы бар. Оның 200 гектарына соя егіпті. Енді сатқан өнімдері үшін мемлекеттен субсидия алмақ.
Болатбек Мизамхан, шаруа қожалығының жетекшісі:
– Диқан үшін үш түрлі ерекшелігі бар. Жерін тыңайтып береді, малының шөбін тауып береді, қалтасындағы ақшасын тауып береді. Бұдан не зиян?
Биыл ауданда 21 мың гектар егіс алқабы игерілген. Тағы 7 мыңы резервте тұр. Ал жергілікті билік шаруалардың жер, су мәселелерін шешіп беруге мүдделі.
Темірбек Қасымжанов, Зайсан ауданының әкімі:
– Биыл 2 млрд. 200 млн. теңгеге «Үйдене» су қоймасын жөндеу жұмыстары егін аяғы біткенше басталады. Келесі жылдары осы егінді ары қарай да ұлғайтып, біздің ауданда суармалы егіннің 28 мың гектары бар, соны толығымен игеруге мүмкіншілігіміз болады.
Алдағы уақытта Зайсанда майлы дақылдарды өңдеу кластері құрылмақ. Бұл отандық өнімнің үлесін арттыруға мол мүмкіндік бермек. Ал шаруалар болса, тың технологияны меңгеріп, жерлестеріне жаңа жұмыс орындарын ұсынбақ.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аслан Төлепов