Жаңалықтар | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Елімізде туризм саласын дамытуға арналған ұлттық компания құрылды

Дереккөз: www.24.kz

3cfb42c1336c7f750c6deaebaae46efb_l

Бұл ұйым кең байтақ еліміздің тарихи, мәдени һәм рухани құндылықтарын шет мемлекеттерде кеңінен насихаттап, инвестиция тартумен айналысатын болады. Ұлт жоспары аясында жүзеге асқан бұл міндетпен қоса үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы да жүйелі жолға қойылды.

Кең байтақ қазақ жерінің кез келген шетелдік қонақты таң қалдырып, таңдай қақтыратын мүмкіндігі мол. Алтай мен Атырау, Ертіс пен Еділ арасындағы ұланғайыр атырап тарихи, мәдени мұралар мен рухани құндылықтарға толы. Бұл ретте межелі міндеттерді жүйелі жүзеге асыру үшін географиялық жағынан тұтас елді қамтитын 6 өңірлік-туристік кластер құру көзделген.

Астана мәдениеттердің геосаяси тоғысатын жеріне айналса, Алматы – өркениет бесігі, Шығыс Қазақстан – Алтай маржаны, Батыс Қазақстан – Каспий қақпалары, Оңтүстік Қазақстан – Ұлы Жібек жолының жаңғыруы, ал Солтүстік Қазақстан табиғат пен көшпенді мәдениеттің тұтастығы ретінде кеңірек танылатын бірегей мекендер болады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Үкімет қаулысына сәйкес, «Қазақ турист» акционерлік қоғамын құрдық. Бұл компания еліміздің туристік әлеуетін шет мемлекеттерде ілгерілетеді. Және инвесторлар тартумен айналысады. Ол үшін шетелдіктердің қызығушылығы зор. Келер жылы бұл мекеменің қаржылық жағдайы да тұрақталады.

Мәдениет орындарын ел мәйегіне айналдыру да маңызды міндет. Осы мақсатта сала жұмысы халықаралық талаптарға сәйкестендіріліп, маңызды жобалар басталды. Соның арқасында Астанадағы ұлттық музей мен облыстық музейлер ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ халыққа ақылы түрде қызмет көрсетіп, өздігінен пайда таба бастады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Ұлттық музей мен 13 облыстық музейде көпэтносты Қазақстан жайлы арнайы залдар ашылды. Сол арқылы қазақстандықтардың патриоттық тәрбиесін қалыптастырып, оны одан әрі күшейтуге жол ашылды. 

Бұқаралық спорт саласы да қарқын алды. Бұл салаға тиесілі қазір 11 мың спорттық нысан жұмыс істейді. Ал тіл саясатын дамыту үшін 80 мыңнан аса орталық құрылды. Елді мекендерде қазақ және жергілікті этнос өкілдерінің ана тілдерін оқыту ісі жолға қойылған. Біртектілік және бірлік ұғымдары аясында тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптейтін кинотуындылар да түсіріліп келеді. Биыл «Сұлтан Бейбарыс», «Қазақ елі 2», «Томирис» және «Алаштың 100 жылдығы» сынды 28 фильмнің өндірісі жалғасады. Әртүрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру қоғам дамуын жеделдетеді. Ол үшін үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру ісі біршама жеңілдеді. Арнайы заң жобасы әзірленіп, гранттарды бөлудің жаңа тәртібі енгізілді.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:

– Гранттарды бөлу үдерісі өте қарапайым болады. Гранттардың бағыты кеңейеді. Қазір операторлардың қорлары біздің есебіміз бойынша толықтырылады. Ал болашақта жергілікті әкімдіктер мен басқа министрліктерден тартылады деген үміттеміз.

Биыл үкіметтік емес ұйымдарға берілетін қаржы үш есе ұлғайды. Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын гранттарға 588 млн теңге бөлініп, келісімшарттарға қол қойылды. Жаңа талаптар арқылы үкіметтік емес ұйымдар берілген қаражаттың 10%-ын материалдық-техникалық базасын жақсартуға жұмсай алады.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:

– ҮЕҰ жүзеге асырылып жатқан жоба ретінде біреуін айта кетейін. Биыл Қазақстанның барлық өңірлерінің тұрғындары арасында «Болашаққа қадам» жобасы басталды. Мұнда түрлі номинациялар бар. Конкурсқа еліміздің 12 өңірінен 80-нен астам өтінім түсті. Қорытындысы шілде айында жарияланатын болады.

Қазір елімізде үкіметтік емес ұйымдардың бірыңғай базасы жұмыс істейді. Оған 3 мыңдай қазақстандық және шетелдік мекеме тіркелген. Сол арқылы жүйе жұмысы бір ретке келтіріліп, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға көп көңіл бөліне бастады.

Айта кетейік, «Менің елім» ұлттық жобасы аясында ілкімді істерді ілгерілеткен үкіметтік емес ұйымдарға арнайы сыйақы беріледі. Сол секілді жастар саясатын дамыту үшін қала және ауылдық жерлерде уақытты тиімді әрі қызықты өткізуге арналған нысандар салынады. Сондай-ақ бос жұмыс орындары туралы мәлімет беретін түлектер тақтасы және өскелең ұрпақтың жалпыға ортақ жобалары әзірлене бастады. Ал жастар ұйымдарына биыл 3 грант бөлініп, 30 млн теңге берілді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ғани Алшынбаев

Гидрологиялық болжамдарды жақсарту мақсатында, ДМҰ, АҚШ және Еуропа ұлттық гидрометеолық қызметінің сарапшылары тартылды

Дереккөз: energo.gov.kz

2017 жылғы 14 шілдеде 2016 жылы және 2017 жылы І жартыжылдық қорытындысы бойынша, «Қазгидромет» РМК-ның – кеңейтілген отырысы өткізілді. Отырысқа Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы (бұдан әрі – ҚР ЭМ ЭРБК)  Нұрлыбаев Сәбит және ҚР Энергетика министрлігі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары комитетінің жауапты қызметкерлері қатысты.

РМК «Қазгидромет» бас директоры Марат Кынатов экологиялық, гидрологиялық және метеорологиялық мониторингтің нәтижелерін атай отырып, гидрологиялық болжау сапасын жақсарту бойынша қолданылатын шаралар туралы баяндады: «Бүгінгі күнге өткен ғасырдың 80-ші жылдарындағы техниканы пайдаланған болатын. 2018 жылдан бастап гидрологиялық болжамдарға арналған жаңа үш әдістеме қолдану жоспарлануда, соның ішінде гидрологиялық болжамдарға арналған сандық модельдер.

«Біз Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымға жүгіндік. Қазақстанның су тасқының болжау жұмыстарына алғаш рет ДМҰ және Еуропадағы Ұлттық метеорологиялық қызметкерлері консультативтік кеңес және техникалық қолдау көрсететін сарапшылары тартылғандығын» – М.Кынатов атап өтті.

2017 жылғы 12-13 шілде Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым және Италияның ұлттық гидрологиялық қызметінің сарапшылары «Қазгидромет» РМК Есептеу орталығы және гидрология бөлімінің қызметкерлері бірлесіп Арыс өзені үлгісінде  гидрологиялық болжаудың пилоттық моделін әзірлеуге кірісті.

Сондай-ақ АҚШ-тың Ұлттық су орталығындағы және басқа да АҚШ-тың мамандандырылған ұйымдарындағы әріптестеріміз «Қазгидромет» РМК-ға консультативтік техникалық кеңес көрсетуде.

Кеңейтілген отырыс барысында ҚР ЭМ ЭРБК бірлесе отырып қоршаған ортаның жоғары және өте жоғары ластануын анықтау барысында қолданылатын іс-шаралар анықталды.

Сондай ақ, ҚР ЭM бекіткен, 2017-2020 жж. «Қазгидромет» РМК жетілдіру бағдарламасымен танысты. Жетілдіру бағдарламасы экологиялық, метеорологиялық және гидрологиялық мониторингін толық жабдықталған бақылау желілерімен қамтамасыз етуге бағытталғын. Осы бағдарлама бойынша, «Қазаэронавигация» РМК бірлесіп, нақты болжамдармен қамтамасыз ету үшін, Қазақстан аумағын толық қамтитын,  25 метеорологиялық  радарлар орнату жоспарлануда.

Елбасы «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-інде болды

Дереккөз: www.24.kz

f9b22e65733355579a324c4ddb77e858_l

Қазақстан Президенті сүт өнімдерін өндіруге, мал және егін шаруашылығына маманданған «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-тің жұмысымен танысты. Мемлекет басшысы сүт-тауар фермасын аралап, онда сауын залы мен сүт қабылдайтын цехты көрді.

Сондай-ақ, Елбасы облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жетістіктерімен танысып, өңірдің шаруаларымен әңгімелесті.

– Шығыс Қазақстан облысы экономикамыздың аграрлық секторында ертеден қалыптасқан берік дәстүрге ие. Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор, болашақта бұл салаға деген сұраныс арта түседі. Қазір біз үшін Қытай Халық Республикасының орасан зор нарығы ашық, сіздер шығаратын өнім шет елдерге экспорттала алады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Мемлекет басшысы кездесуге қатысушыларға бақ-береке және өндірісте жаңа жетістіктер тіледі.

***

«Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-і күнбағыс дәнін өсіріп-өндіретін шаруашылық болып табылады әрі таңдаулы тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие. Кәсіпорын майлы дақылдарды сұрыптаумен және тұқым өсірумен, мүйізді ірі қара малдың асыл тұқымды түрлерін жақсартумен, ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен, сатумен, қайта өңдеумен, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелерін апробациялаумен және аяқталған ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізумен айналысады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Мемлекет басшысының ШҚО-ға жұмыс сапарының қорытындысы

Дереккөз: www.24.kz

7684cea4ddfd9af29af445d2d4715c80_l

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды. Президент әуелі Өскеменде жаңадан ашылған «Нұрлы жол» саябағында болып, өңірдегі белсенді азаматтармен кездесіп, хал сұрасты. Бұдан соң қала маңындағы көпсалалы іс-тәжірибелік шаруа қожалығының жұмысын көріп, аймақтағы аграрлық сала мамандарымен жүздесті.

«Нұрлы жол» саябағы. Алты айдан кейін құрылысы аяқталған парк дәл бүгін ашылды. Президент әуелі осы көрікті орынға аялдады.

Қаланың оңтүстік-шығысында салынған бұл саябақ ерекше инфрақұрылымдық маңызға ие. Әрине, шығыс бөліктің таңдалуы да бекер емес. Өйткені соңғы 5 жылда Өскемен осы бағытта дамып келеді. Президент аралап көрген бұл парк алдағы уақытта жайқала түседі. Нақтырақ айтсақ, саябақ төңірегінде көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтермек.

Елбасы саябақты аралау барысында Шілікті, Берел қорғандарында жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесін көрді. Сақ дәуіріне жататын бұл жәдігерлер тарихи маңызға ие. Бір ғана мысал. Былтыр Берелдегі қорғаннан алтынмен апталып, күміспен күптелген 7 ат және сақ патшасы табылған. Дәл сол қорған бүгінде аспан астындағы музейге айналды. Бұл игі істер бүгінде қолға алынған рухани жаңғыру жұмыстарының жалғасы.

Көне тарихтың жан-жақты насихатталуын тапсырған Елбасы одан кейін аймақтағы кәсіпкерлермен жолықты. Дені мемлекеттік және жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істеп жүрген іскер азаматтар. Олар өңірдің өрге басуын ілгерілетіп, түрлі нысандар мен инфрақұрылымдардың жаңғыруына үлес қосып жүр.

Саябақты аралау кезінде Елбасы өңірдің белсенді азаматтарымен де кездесті. Олар әңгіменің әлқиссасын ЕХРО көрмесінен бастады. Дені игі шараны өз көздерімен көрген. Сондықтан алған әсерлерін қуана-қуана баяндады. Сонымен бірге ел ағалары Елбасына аймақта бүгінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімеледі.

Президент облыстың экономикалық-әлеуметтік даму қарқынына тоқталды. Әсіресе білім мен денсаулық сақтау салаларындағы мәселелер шешімін тапқанын айтты. Шығыс Қазақстан елімізде бөбектерді балабақшамен қамтуда 90%-дан асып, бірінші орында тұр. Осыдан-ақ мемлекеттің өңірге жасаған қолдауы анық аңғарылады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Это индустриальный край. Я люблю Восточный Казахстан за то, что это основа индустрии: металлургия, руды, сельское хозяйство здесь. Иртыш. Гидроэлектростанция. Машиностроение. И область развивается. Бюджет области – 430 млрд тенге. 53% идут на социальные нужды.

Бұл – көпсалалы іс-тәжірибелік шаруашылық. Серіктестік асылтұқымды мал өсіріп, дәнді және майлы дақыл тұқымдарының бірнеше сұрпын өсіреді. Облыстағы, тіпті еліміздегі егін өсіретін ірі шаруаларға тұқымдықтар береді. Тек соңғы үш жылда бидай, күнбағыс, соя тәріздес дақылдардың жаңа сұрпын шығарған. Нәтижесінде өнім түсімі 5-тен 10 есеге артты. Шаруашылық былтыр 600 бас ірі қараға арналған сүт фермасын салды. Ол үшін мемлекет жеңілдетілген пайызбен 417 млн теңге несие берді. Бұл – Үкімет көрсеткен қолдаудың бір парасы. Ал кооперацияға біріккен шаруалар бұдан үлкен демеуге ие.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Кооперации развиваем. Вы чувствуете. Это надо нам? Потому что в Казахстане есть мясокомбинаты, молокозаводы, но они не загружены. Загружены на 30-40%. Говорят, нет сырья. Сырье-то есть. Но для этого крестьянин должен привезти продукцию, с ним кто-то должен рассчитаться, отправить, и спокойно заниматься своим делом. Если мы кооперацию разовьем, это вы будете сами создавать.

Ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім бүгінде ел экономикасының 5%-ын құрайды. Сондықтан Елбасы бұл бағыттағы жұмысқа қарқын беріп, әлеуетін әлдендіруді тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сельское хозяйство дает меньше 5% экономики. Так не должно быть. Продаем дешевое сырье. Сами не перерабатываем. Переработка сельского хозяйства страны на первом месте. Спрос есть, значит надо наращивать. Сельское хозяйство, запомните, будет одним из лучших бизнесов в стране.

Отандық өнімге қазір барлық елдің нарығы ашық. Бұл келісімдерге қол жеткізуде ел Президентінің еңбегі ерен. Жаһанның дамыған елдеріне жасаған сапары аясында осы маңызды мәмілелерге қол жеткізді. Енді осы мүмкіндікті отандық тауар өндірушілер тиімді пайдаланып, шаруасын шалқытуы тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Чтобы открыть рынок, я везде договаривался. Персидский залив, Иран, Китай открылись. У вас есть возможность заключить договор и поставлять свежие продукты.

Шығыс өңірінің іскерлері ішкі және сыртқы нарықты бағындыру үшін бұрын бірқатар кедергі болды. Ол жол азабы еді. Бұл тасымалға кері әсерін тигізетін. Енді осы мәселе де шешімін тауып жатыр. Астанадан басталған жол құрылысы қазір Павлодарға жетті. 2019 жылға дейін Өскемен халқы бас қалаға баруға бас ауыртпайды. Тегіс жолмен қатынайды, тауар апаруда да тартынбайды.

Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Дулат Ентебеков

2017жылдың 12-14 шілде аралығында «Экологиялық кодекс. Құқыққолдану» тақырыбына өткізілген семинар туралы баспасөз хабарламасы

ҚР ЭМ «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК 2017 жылғы шілденің 12-нен 14-не дейінгі мерзім аралығында қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану саласындағы мамандар үшін Астана қаласында «Экологиялық кодекс. Құқыққолдану» тақырыбына оқыту семинарын өткізді.

Семинарға қатысушылар келесі ұйымдар өкілдері: «Компания Нефтехим LTD» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, Астана қаласы әкімдігінің ШЖҚ «Астана су арнасы» МКК, «Ақжар-хром» ЖШС, «Казатомпром-SaUran» ЖШС, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті.

event6-big

 Семинарда келесі сұрақтар қарастырылды:

  • Өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасын әзірлеу;
  • Қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шаралар жоспарын қалыптастыру;
  • Өндіріс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс істеу кезіндегі негізгі экологиялық талаптар;
  • Қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік саясат;
  • Мемлекеттік бақылауды жүргізу рәсімі. Қалдықтар саласындағы экологиялық нормалар мен талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік;
  • ҚОӘБ және жобалық құжат құрамындағы қалдықтарды басқару бағдарламасының жобаларын әзірлеу және т.б.

Дәріс оқығандар:

Досмакова Бизара Жакиевна – ҚР ЭМ Қалдықтарды басқару департаменті  директорының орынбасары;

Токтасынова Тоты Клышбековна – ҚР ЭМ ЭРБК бас сарапшысы;

Ингербаева Жанат Умбетовна – ҚР ЭМ ЭРБК бас сарапшысы;

Абилова Ляйа Толегеновна – ҚР ЭМ ЭРБК бас сарапшысы;

Садвокасова Алия Малаевна – ҚР ЭМ «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК МЭАҚД басқарма басшысы;

Балабаева Алтын Ибрагимовна – ҚР ЭМ «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК ҚОҚҰБДжәнеЭАТ басқармасының басшысы;

Досанова Акмарал Наурызбаевна – ҚР ЭМ «ҚОҚ АТО» ШЖҚ РМК АТД ТРК басқарма басшысы.

Семинар соңында тыңдаушыларға куәліктер табыс етілді.

event5-big

Ақтөбелік диқандарға субсидия төленіп жатыр

Дереккөз: www.24.kz

88469983fbc004806cdf0e6cf3ce3c59_l

Ақтөбелік диқандарға субсидия төлеу басталды.

Минералды тыңайтқыштарға, тұқым мен гербицидтерді субсидиялауға 1 млрд 200 млн теңге бөлінген. Биыл 642 мың гектар жерге дәнді-дақылдар егілсе, оның 382 гектары – бидай. Бұл өткен жылғыдан 13 пайызға артық. Ауыл шаруашылығы мамандары қазір алқаптарды аралап, егіннің жай-күйін қарап жүр.

Владимир Евстратовтың шаруашылығы биыл егіс алқабын ұлғайтқан. Бидайдан бөлек 530 гектар жерге күнбағыс, 350 гектар алқапқа бұршақ егіпті. Құрылғанына 3 жыл болған серіктестік су жаңа техникалар алып үлгерген. Тұқым себетін 2 канадалық машина мен 3 комбайнды несиеге алса, оның 25 пайызын мемлекет субсидиялаған.

Владимир Евстратов, шаруа қожалығы жетекшісінің орынбасары:

– Биыл бірінші рет егіс алқаптарын фунгицидпен өңдеп жатырмыз. Бұл – өте қымбат тұратын химиялық зат. Сонымен бірге гербицидтерді де пайдаланамыз. Оның 50 пайызы субсидияланады. Өткен жылы несиеге алған техникамыздың субсидиясы төленді. Бұл – үлкен қолдау. Жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай да берілді.

Шаруашылық 40 мың гектар алқапқа мал азығы дақылдарын еккен. Қарғалы ауданының жері егіншілікке қолайлы болғандықтан, мол өнімнен үміттері бар. Тұқымның сапасына да көп көңіл бөлген. Жалпы биыл өңірде себілген тұқымның 23 пайызы элиталы тұқымға жатады. Тұқым шаруашылығын субсидиялауға өткен жылы 84 млн теңге бөлінсе, биыл 280 млн теңге жұмсалған. Минералды тыңайтқыштар көлемі де екі есеге артқан.

Асылхан Әптиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Мал азығы дақылдарына біз бір гектарға әрбір шаруашылыққа 8 мың теңгеден береміз, ал сүрлемге 10 мың теңгеден субсидия қарастырылып отыр. Орташа айтқанда, қазір қолайлы ауа райы болып тұрса да, мамандардың қарауымен орташа 7-8 центнерден болатын шығар деп күтіп отырмыз. Бірақ күн райы әлі де үлесін қосуы мүмкін, жоспардан артық немесе төмен болуы да мүмкін.

Өсімдік шаруашылығын субсидиялауға бөлінген 1 млрд 200 млн теңгенің 300 млн-ы төленіп болған. Тағы 400 млн теңге мал азығы дақылдарын еккен қожалықтарға беріледі. Қазір егін жинау науқанына дайындық басталды. Биыл жеңілдетілген бағамен 9 мың тонна жанар-жағармай беріледі.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Айбек Дәуітов

«Жасыл ел» жастар жасағы жұмысшыларының жалақысы көтерілді

Дереккөз: www.24.kz

fcd08e371e62e7e6b341992d0c89956a_l

Қазақстанда соңғы жаңалықтар Жасыл ел жұмысшылар жастар жасағы «Жасыл ел» жастар жасағы жұмысшыларының жалақысы көтерілді.

Енді олардың айлығына тағы 35 мың теңге қосылады. Сондықтан жазғы уақытта табыс табамын деушілердің қатары артып отыр. Мәселен, биыл

Солтүстік Қазақстан облысында 665 адам еңбекпен қамтылды.

«Жасылелдіктерге» тағы бір жауапты жұмыс жүктелді. Бүгін олар осы орманда арамшөптерді жұлып жатыр. Бұл шыршалардың өсуіне септігін тигізеді.

«Жасыл ел» жастар жасақтары үшін жаңа еңбек маусымы басталды. Жазда демалудың орнына, жұмыс істеп жүргендердің бірі – Сәния Жүкенова.

3-курс студенті осылайша ата-анасына көмектесіп, керек-жарағын өз ақшасына сатып алады. Сәния Жүкенова, Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Мен «Жасыл елде» үшінші жыл қатарынан жұмыс істеп жатырмын. Бостан-босқа жатқанша одан да жұмыс істеп, қосымша айлықты осылай табамын.

Солтүстік Қазақстан облысында «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 665-тей адам еңбекпен қамтылды.Биыл олардың жалақысы көтерілді.

Асқар Баймұқанов, «Жасыл ел» еңбек жасағы облыстық штабының жетекшісі:

– Биыл жұмысшылар орташа есеппен 40 мың теңгеден табыс табады. Айта кетерлігі, республикалық штабтан олардың жалақысы 2 есеге өсіп отыр. Яғни айлықтарына 35 мың теңгеден қосылады.

Биыл «жасылелдіктер» ормандарға ғана емес, елді мекендерде де еңбек етеді. 350-дей адам ауыл-аймақтарда абаттандыру жұмыстарын жүргізеді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев

Жамбыл облысында қойдың жаңа тұқымы өсіріле бастады

Дереккөз: www.24.kz

2bccc478933ab6fb229a5899a7e4eea6_l

55 градусқа дейінгі аптапта өрісте жайыла алатын аша тұяқтының еті де мол.

Қойдың бұл түрі долан деп аталады. Түрі де, дене бітімі де ерекше. Ыстыққа өте төзімді келеді. Жануар үлкен құлақтары арқылы салқындалады екен. Ал жүні жартылай биязы. Шаруа бастапқыда Еділбай қойымен будандастырып көрген. Нәтижесін өзі айтып берді.

Жалал Худайбердиев, шаруа қожалығының төрағасы:

– Өткенде 8 айлық бір қошқарымыз 48 келі ет берді. Демек біздің қожалықта болашақ бар.

Қойдың тұратын қорасы да ерекше. Ағашпен еденделген. Қи қуыстан төмен түсіп кетеді. Жұмысшылар көң ойып, астын тазалап әуреленбейді. Ал жыл соңында жиналған қиды тыңайтқыш шығаратын кәсіпорындарға келісін 100 теңгеден саудалайды.

Бауыржан Жолыбаев, жұмысшы:

– Жұмысымыз осы. Шұңқыр жасадық. Жылына бір рет тазалаймыз. Одан кейін 450 бас қойдың өзін 3-ақ адам қарап отырмыз.

Меркі ауданындағы кешенді шаруақожалық негізінен ет өндіру бағытында жұмыс істейді. Мұнда төрт түліктің басым бөлігі асылтұқымды. Жақында маңайдағы 20 шаруа бірігіп кооперация құрды. Мал сою алаңын салып, мемлекеттен тиісті қолдау көріп отыр.

Жалал Худайбердиев, шаруа қожалығының төрағасы:

– Әрбір бұқаны сойғанда 20 мың теңгеден Үкімет көмектесіп жатыр. Ол 20 мың теңгеге жеміміз бар, шөбіміз бар. 102 бас болғанда, 6 айда 2 миллион 40 мың теңге алып жатырмыз. Жылына екі рет ауыстырып жатырмыз.

Жалпы, аймақта ет бағыты бойынша өсім байқалады. Бүгінгі күнге дейін Иранға 28 тонна мұздатылған ет экспортқа шығарылған. Сондай-ақ жуырда осы елге тағы 24 тонна қой тірідей жөнелтілді.

Кәрім Көкірекбаев, облыс әкімі:

– Жамбыл облысында үш ет комбинаты соғылып отыр. Оның ең үлкені – 2,5 млрд теңгеге Тараз қаласының жанындағы халал ет комбинаты. Бұл комбинат қазір Кувейт, Араб Әмірліктері, Иранмен келісімшартқа қол қойып, етті қоямыз деп отырмыз.

Айта кету керек, өңірде бүгінде 390 мың бас ірі қара, 105 мың бас жылқы, үш миллионнан астам қой мен ешкі бар. Мал басын одан әрі көбейтіп, өнімді тиімді пайдалану үшін кооперацияға бірігу ісі қарқын алған. Қазір облыста 120 кооперация жұмыс істеп тұр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Жамбыл облысында егін орау науқаны басталды

Дереккөз: www.24.kz

e5f50499722eaf1e0b12311922466c84_l

Биыл өңірде 254 мың 489 гектар жерге дақыл себілген. Қажетті жанар-жағар май мен техника алдын-ала дайындалғандықтан, науқан белгіленген мерзімде басталды.

Жергілікті диқандар өнімді дер кезінде жинап алу үшін барын салуда, жұмыс қызу жүріп жатыр. Өңірде биыл ауыл шаруашылығының егістік алқабы 620 мың гектарға жуықтады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26,2 мың гектарға көп.

Сонымен қатар жаздық арпа 140 мың, күздік бидай 107,6 мың гектар жерге егілген. Өткен жылы ауа райы қолайлы болып, жергілікті диқандар орта есеппен 24,5 центнерге дейін өнім жинады. Тіпті кейбір шаруақожалықтар өнімділікті 40-45 центнерге дейін жеткізіп, 10 жылда болмаған көрсеткішке қол жеткізген болатын.

Биыл көктемнің кеш шығуына байланысты өнім былтырғыға қарағанда аздау. Дегенмен гектарынан 21,2 центнер алу жоспарланып отыр. Мамандар: «бұл жаман көрсеткіш емес», – дейді. Жалпы науқан басталғалы егістіктерде мыңдаған адам еңбекке тартылған. Қажетті техникалар мен қосалқы құрал-жабдықтардың басым бөлігі жаңартылған. Былтыр бұл бағытта 2 миллиардтан астам қаражат жұмсалып, 266 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынса, биыл тағы әртүрлі бағыттағы 140 жаңа техника әкелінді. Бұл бірінші кезекте еңбек өнімділігін еселеп, өнімді қалдықсыз, шашпай-төкпей жинап алуға мүмкіндік береді.

Егіс алқабындағы жұмысты қадағалап, диқаншылармен кездесуге облыс әкімі де келді.

Биыл көктемгі, жазғы-күзгі дала жұмыстарына Үкімет тарапынан облысқа 30,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Бұл өткен жылға қарағанда 10 пайызға артық. Ал бағасы нарықта 140 теңге болса, аталған бағытта еңбек ететін шаруақожалықтарға 125 теңгеден сатылады. Авторы: Руслан Бақытбекұлы

Елбасы Астана қаласының көрікті орындарын аралады

Дереккөз: www.24.kz

114937b647534d9d49848cbdbb1f903d_l

Мемлекет басшысы елордамыздың символына айналған, қайта жөндеуден өткен «Бәйтерек» монументінде болды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Күрделі жөндеуден соң ғимараттың ішкі кейпі өзгерген. Атап айтқанда, монументтің күмбезі мен бағанасына жылуды сақтауға әрі оған жұмсалатын шығынды азайтуға мүмкіндік беретін энергия үнемдегіш жаңа шыныпакеттер орнатылған. Монументтің холына үлкен LED-экран қойылды.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті «Нұржол» бульварында ашық аспан астында өтіп жатқан жыл сайынғы халықаралық ASTANA ART FEST мәдени фестиваліндегі экспозициялармен танысты.

Фестивальда Қазақстан, Ресей, Франция, Украина, Испания, АҚШ, Германия, Армения, Жапония және Өзбекстан елдерінен келген 60-тан астам автордың туындылары көпшілік назарына ұсынылады.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Кенесары ханға арналған ескерткіштің жанында орналасқан «Арбат» жаяу жүргінші жолымен жүріп өтті.

Онда Мемлекет басшысы Қазақстан қолөнершілері теріден, киізден, саз балшықтан және ағаштан жасаған бірегей бұйымдарды көріп, көше музыканттарының өнерін тамашалады.

Осы жерде елордадағы «Сарыарқа» ауданының әкімі Мемлекет басшысын аудан инфрақұрылымын одан әрі дамыту жоспарымен таныстырды. Қазақстан Президенті елорда тұрғындарымен және қонақтарымен әңгімелесті, сондай-ақ барша жұртты келе жатқан Астана күнімен құттықтап, оларға зор денсаулық пен бақ-береке тіледі.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Есіл өзенінің жағасында лазерлік шоуды тамашалады.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика