Жаңалықтар | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Павлодарлық картоп өсірушілер отандық көкөністің жаңа сұрыптарын көбейтпек

Дереккөз: www.24.kz

92c2d5e95a4326fe39b148465f886bc6_l

Жердің жайын білетін еңбекқор шаруалар мен диқандар ауыл шаруашылығы форумында бас қосты.

«Дала күні» мерекесі аясында өткен шара барысында сала мамандары мен ғалымдар тобы картоп шаруашылығының бүгіні мен ертеңін сарапқа салып, толғандырған мәселелерін талқылады.

Форум картоп шаруашылығындағы көшбасшы кәсіпорында ұйымдастырылды. Тұқым шаруашылығын қатар тізгіндеген нысан соңғы жылдары көкөністер мен картоптың жаңа сұрыптарын айналымға енгізген. Отандық өнімдер нарықта өз орнын ойып алған. Былтырғы жылдан бері техникалық өсімдіктердің алқаптарын ұлғайтқан.

Виктор Сұлтанов, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

– Өзіміздің отандық сұрыптарды көбейту керек. Отандық сорттарды көріп тұрсыздар, бұлар сорттардан қалып тұрған жоқ. Бойы да, ойы да, барлық жағынан артық болмаса, кем емес.

Бүгінгі таңда шаруашылықтардың көбі шетелдік селекциядағы көкөністерді өсіреді. Дегенмен ғалымдар үздік технологияларды қолдану арқылы шеттен келген тұқымдарды ығыстыруға ниетті. Ең бастысы, картоптың сапалы сұрыптарын шығаруға мүмкіндік зор. Мол өнім алуға сеп болатын заманауи техникаға да басымдық беріледі.

Темірболат Қабыкенов, облыстық ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі:

– Биыл қазақстандық картоптың 10 сұрыбын ұсындық. Көкөніс өнімділігі мен салмағы жағынан шетелдік селекциядағы өсімдіктерден кем емес.

Александр Поляков, шаруа қожалығының директоры:

– Мемлекет қолдауының арқасында өндірістік қабілеті мол техникаға қол жеткіздік. Бағасы қолжетімді техниканың көмегімен өнімділігімізді арттырып жатқан жайымыз бар.

Шаруалар қауымы форум барысында зиянкестермен күрес, кәсіби мамандардың жетіспеушілігіне алаңдаушылық білдірді. Бүгінде өңірдің ауыл-аймақтарында гидромелиоратор, агрономдар мен механизаторлар тапшы.

Болат Бақауов, облыс әкімі:

– Диқандармен әңгімелестім. Салада күрмеуі қалың мәселелер бар. Бізге ескі модельдегі арнайы техникаларды меңгерген механизаторлар керек емес екенін түсінеміз. Сондықтан салаға қажет құрал-жабдықтарды тасымалдайтын кәсіпорындар жергілікті колледжер базасында мамандарды оқытуға әзір.

Алдағы уақытта өңірдің картоп өсірушілері отандық көкөністің жаңа сұрыптарын көбейтпек. Ірі кәсіпорындар суармалы егін шаруашылығын барынша дамытпақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Алексей Омельницкий

Ақмола облысында Орта Азиядағы ең ірі күн электр станциясы салынады

Дереккөз: www.24.kz

f60e0691dec85c9818910b580facea58_l

Ақмола облысында жақында Орта Азиядағы ең ірі күн электр станциясының құрылысы басталады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Целиноград ауданының Қабанбай батыр ауылы жанынан тұрғызылатын нысанды «KB Enterprises» атты шетелдік компания қолға алыпты. Инвестор бұл жобаға 165 миллион евро қаржы құймақшы.

Ал қуаттылығы 100 МВт электр станциясын салуға 300 га жер телімі бөлінген. Нысанның инженерлік мердігері SUMEC CLEAN ENERGY INTERNATIONAL CO.LTD халықаралық холдингі. Құрылыс жұмыстары, энергетика саласындағы әлемдік көшбасшы ABB еуропалық концернімен бірге жүзеге асырылмақ. Аталған концерн электр станциясына қажетті қондырғыларды орнатумен айналысады.

Тың жоба ауданда жаңа жұмыс орындарының ашылуымен қатар елімізде «жасыл экономиканың» дамуына зор үлес қосады деп күтілуде.

Авторы: Дамир Шайдаров

Алматы қаласында «Doing Business» рейтингіндегі «электр желілеріне қосылу» индикаторы бойынша Қазақстанның ұстанымын жақсарту бойынша жиын өтті

Дереккөз: www.energo.gov.kz

2017 жылғы 20 шілдеде Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалывқ қадағалау мен бақылау комитетімен «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ ұйымдастырылуымен «Doing Business» рейтингіндегі «электр желілеріне қосылу» индикаторы бойынша Қазақстанның ұстанымын жақсарту бойынша жиын өтті.

 Аталған жиында энергия беруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың өкілдері, Қостанай, Жамбыл, Атырау, Маңғыстау, Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының, Алматы және Астана қалаларының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері, сонымен қатар тұтынушылар ат салысты. Жиында электрмен жабдықтау желілеріне қосылу тәртібін және Қазақстан Республикасының электрмен жабдықтау сенімділігін жақсартуға бағытталған электр энергетикасы саласындағы заңнамасының нормаларын түсіндіру жүргізілді.

Жиында Қазақстан Республикасының Энергетика Министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Төрағасы Сұңғат Есімханов, «АЖК» АҚ Басқармасының Төрағасы М. Үмбетов, «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС Атқарушы директоры А. Мұқажанов, сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігі және «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері баяндама жасады.

Рейтинг аймақтағы бизнес жүргiзудің қарапайымдылығы және жеңiлдiгі бойынша 10 көрсеткiшпен бағаланады. 2017 жылы Қазақстан рейтингтегі «Электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу» индикаторы бойынша орнын жақсарта отырып, өткен жылмен салыстырғанда 27 позицияға (102-орыннан 75-ке дейін) көтерілді, осы индикатор бойынша Қазақстанда бірінші орын «АЖК» АҚ-на тиесілі. Рейтинг қорытындысы бойынша Алматы бизнес жүргізу және кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін неғұрлым қолайлы қала болып табылды. Жиын мамандардың өзара тәжірибе алмасуы және ең озық технологияларды саралау әрі оны қолдану, соған сәйкес жетістіктерді жақсарту мақсатында ұйымдастырылған. Оған 16 аймақ әкімдіктерінің өкілдері, сонымен қатар энергия беруші және энергиямен жабдықтаушы компания басшылары мен қызметкерлері қатысты.

 Мәжiлiсте энергетика саласындағы көкейкесті сұрақтар талқыланды, қонақтар өз кезегiнде, пiкiрсайыстарға белсендi қатыса отырып, өздерінің тәжiрибесімен бөлiстi. Бұл аймақтарды белгiлi бағыттар бойынша дамуына жалпы көрiнiсiн жинауға мүмкiндiк берді.

 Бүгінгі таңда жаңғыртумен байланысты тiршiлiк әрекетi салаларында, тұтынушы жайлы және ресурстарын үнемдеп түрлi қызметтердi алуына үлкен назар аударылады. Осыған байланысты жұмыс барысын оңтайландыруына арналған жобалар жасалып жатыр. Жеке алғанда, энергетика саласында да, тұтынушылардан түскен сауалдарына шапшаң және түсінерлік жауап қайтаруына және оларға жағдай жасау бойынша жұмыстар жүргізіліп отыр.

ҚР ЭМ Баспасөз қызметі

Әзербайжандық ғалымдар жаңа баламалы энергия түрлерін ұсынады

Дереккөз: www.24.kz

1b7a0e8441aae01f32b42a28a29abab2_l

«Энергия, өмір, ғылым».

Әзербайжандық ғалымдар EXPO 2017 көрмесі аясында осындай тақырыпта конференция өткізеді. Астанадағы халықаралық алаң жиынға қатысушыларды жаңашылдықтармен таныстырып, әзербайжандық жобаларға инвестиция тарту мақсатында таңдалған.

Астанада EXPO 2017 көрмесі ұйымдастырушыларының қолдауымен өтетін әзербайжандық ғалымдардың конференциясы шілденің 26-сына жоспарланып отыр. Онда шетелдік меймандар жаңа баламалы энергия түрлерін таныстырып, оларды өндірудің жолдарын көрсетеді.

Нурида Гулиева, Әзербайжанның ғылым академиясы ғалымдары үйінің директоры:

– EXPO 2017 көрмесі аясында өтетін ғылыми конференцияда газгидрат саласындағы жетістіктерімізді көрсетеміз. Сондай-ақ биомоторлы отын өндіру үшін алынатын биоресурстарды қолдануға арналған көрме ұйымдастырылады. Күн энергиясын алудың жаңа жолдарымен де таныстырамыз. Жалпы EXPO-ны өткізу Қазақстан үшін үлкен жетістік. Өйткені осы көрменің арқасында елге әлемнің әр түкпірінен ғалымдар, сарапшылар мен туристер келеді. Сондай-ақ EXPO ұйымдастырушы елдің жетістіктерін бүкіл дүниежүзіне таныстырады.

«EXPO сияқты ірі көрмелерде конференцияларға деген қызығушылық та көп болады», – дейді сарапшылар. Өйткені әлем ғылымда болып жатқан жаңалықтар жайлы хабардар болғысы келеді. Ғалымдар да өз кезегінде жанданатын энергия өндірудің жаңа жолдарын іздейді.

Назим Мамедов, Ғылым академиясының академик-хатшысы:

– Кез келген материалды энергияға айналдыруға болады. Тек қолыңда тиісті технология болу керек. Біздің айналамызды энергия қоршап тұр. Ал біз оның тиімділігін, адамзат үшін ыңғайлылығын, қолжетімділігін де ескеруіміз қажет.

Әлем назары қазір баламалы энергияның болашағына арналған Астанадағы көрмеде. Осы орайда әзербайжандық ғалымдар EXPO алаңын пайдаланып, өз баяндамаларымен бөліскісі келеді.

Авторлары: Мөлдір Доспаева, Шафаг Алиева, Эльшан Шахбалаев

Жамбыл облысының диқандары өзара тәжірибе алмасты

Дереккөз: www.24.kz

3d6ec1e3487d72189d1bd79e0349eed4_l

Жамбыл облысында «Егінжай-2017» шарасы өтті.

Дәстүрлі семинар-кеңеске 100-ге жуық үздік шаруа қожалығының жетекшілері мен сала мамандары қатысты. Олар агросаладағы тың жаңалықтар мен заманауи технологиялардың мүмкіндіктерімен танысып, өзара тәжірибе алмасты.

Биылғы «Егінжай-2017» шарасы жылдағыдан өзгеше ұйымдастырылды. 10 ауданнан келген сала мамандары Меркі ауданындағы үздік шаруақожалықтарды аралаудан бастады. Оларға озық технология мен ғылыми жаңашылдықтарды пайдалана отырып, өнімділікті еселеп отырған шаруалардың тірлігі көрсетілді. Ұйымдастырушылар жүз айтып түсіндіргеннен бір көрсеткен нәтижелі болады дейді.

Кәрім Көкірекбаев, облыс әкімі:

– Жұмыстың сапасын да, жетістіктерін де көріп отырмыз. Былтыр, мысалы, 5600 гектар жерге қызылша салса, биыл 9 мың гектарға салып отыр. Сонда былтырғы егінжайға келген азаматтар сол қызылшаны көріп, «қанша пайда бар екен, қандай жұмыс болады екен» деп бір-бірінен үйреніп, биыл міне 9 мың гектарға жетті. Ғалымдар да осы жерге шақырылып отыр. Олар не пайдаланады, қандай тыңайтқыш пайдаланады – осыны көріп, бір-бірінен қарап жатыр.

Қонақтарды 4 жарым келі тартатын қант қызылшасы таңғалдырды. Жергілікті шаруа оған тамшылатып суару технологияның арқасында қол жеткізген. Қазір өңірде балтамыр алқабының 1555 гектары тамшылатып, тағы 1300-ден астамы жаңбырлатып суарылады. Соның арқасында өнімділік артқан. Былтыр жалпы облыс бойныша алынған өнім 124 мың тоннаны құраса, биыл бір ғана Меркі ауданының шаруалары 2200 гектар жерден 100 мың тонна балтамыр алуды жоспарлап отыр.

Нуриддин Бекманов, шаруа:

– Жай егістен ерекшелігі көп және тамшылатып суарудың өнімділігі өте көп деп ойлап отырмын. Қазір өсімдіктің өсуі біздікінен өте ілгері. Сондықтан енді осы технологияны біз өзімізге енгізсек деген жоспарымыз бар.

Рахым Оразалиев, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ-ның дәнді масақты бөлімінің меңгерушісі:

– Сұрпы жақсы болмаса, тұқым жақсы болмаса, өнім болмайды. Сұрып жақсы, тұқым жақсы. Технология бізде беріп жатырмыз. Жылда Жамбыл облысының өнімділігі 15 центнер болатын болса, қазір 22-24 центнер, соның ішінде күздік бидай 30-35-40 центнерге дейін жақындап қалды.

Семинар-кеңес барысында арнайы көрме қойылды. Онда 20-дан астам шаруақожалықтың өнімдері, асылтұқымды мал және қолданыстағы заманауи ауыл шаруашылығы техникалары көрсетілді.

Айта кету керек, облыс шаруалары ет өндіру ісіне ден қойып отыр. Қазір аймақта жалпы 20 мың ірі қараға арналған 26 мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Биыл осының арқасында 500 тонна ет экспортқа шығарылмақ.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Астанада қағаз жинайтын арнайы қоқыс жәшіктері орнатылады

Дереккөз: www.24.kz

5872a5fe85383e8c5b0bc4f2a14a473e_l

Жыл соңына дейін елордада қағаз жинайтын 700-ге жуық арнайы қоқыс жәшігі орнатылады деп күтілуде.

– Бүгінде Астана қаласының әкімдігімен қоқыстарды бөліп-жинау жүйесін енгізу бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Халық бұл бастаманы басынан-ақ қолдады. Бұл бағыт шеңберінде жыл соңына дейін қағаздарды жинау үшін 700 арнайы қоқыс жәшігін орнату жоспарлануда, – деді Астана қаласы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің басшысы Мирас Ғайсин.

Оған қоса елордада электр жарығын үнемдейтін құрамында сынап бар шамдарды жинау және жою бойынша жобалар іске асырылып жатыр.

Бүгінде Астанада мұндай контейнерлердің 700-ден астамы орнатылды. Әрі қарай өндіру үшін бұл шамдар тамақ қалдықтарынан бөлек жиналып, сұрыпталып, арнайы сарғылт түсті жәшіктерге салынады.

Өз кезегінде сары түсті қоқыс жәшіктері пластик қалдықтары үшін арналған. Қазіргі уақытта тұрғын үйлердің аулаларында мұндай контейлердерің 600-ден астамы бар. Барлық жиналған пластик әрі қарай қоқыс өндіру зауытына жөнелтіледі.

Қалдықтар сұрыпталып, брикеттеледі.

– Бұл контейнерлер күн сайын толады. Қала тұрғындары мен қонақтары бұл жобаны қолдап, елорданың экологиялық ахуалын жақсартуға өз үлестерін қосады деген сенімдеміз, – деді М.Ғайсин.

Әкімдіктің мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта елорда аумағында 9 мыңнан астам түрлі қоқыс жәшігі орнатылған. Бұған дейін Астанада маусым айында тұрмыстық қатты қалдықтарды сыртқа шығаратын компания ауысты. «Астана-Тазарту» компаниясының орнына арнайы базасы мен техникасы бар «Clean City NC» ЖШС келді.

Ақпарат көзі: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қызылордалық ғалымдар күріштің жаңа сұрпын шығарды

Дереккөз: www.24.kz

6e466ff1bd7ce4502deb12d4e2185399_l

Күріштің жаңа сұрпы Сыр өңірінің қатаң климатына төзімді.

Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институты шетелдің элиталы тұқымдарын нарықтан ығыстыратын «Сыр сұлуы» сұрпын шығарды. Сондай-ақ түйе-жоңышқа мен арпаның да өнімділігін арттырмақ. Қызылордалық ғалымдар еңбек күші мен су ресурстарын үнемдеудің де тың технологияларын қатар дамытып келеді.

Институттың тәжірибелік алқабында түйежоңышқаның жаңа сорты сынақтан өтуде. Сыр өңірінің ауа райына қолайлы бұл тұқымға «Алаула» деген ат беріліп отыр. Адам бойынан да биік өскен бұршақ тұқымдастың ерекше қасиеттері көп. Ең бастысы – құрамында малға жақпайтын кумарин жоқ әрі өнімділігі бірнеше есе жоғары.

Өмірзақ Аймұхамедов, Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ ғылыми қызметкері:

– Түйежоңышқаның көбісінде кумарин деген зат болады. Сол кумарин орып болғаннан кейін дұрыс өңделмесе бикумарол деген затқа айналады. Ол – улы зат. Ал мынада ондай зат жоқ, сосын мұны мал жақсы жейді.

Ал «Сыр сұлуы» деп айдар таққан күріштің жаңа сорты көп ұзамай Қызылорданың брэндіне айналуы ғажап емес. Ыстық, құрғақ ауа райына бейімделген бұл сұрыптың әр гектарынан 90 центнерге дейін өнім алуға болады. Өнімділігі элиталы тұқымдардан кем түспейді және тауарлық сапасы да жақсы.

Әсет Тоқтамысов, Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ директорының орынбасары:

– 2020 жылға қарай Қызылорда облысында егілетін күріш көлемінің 50%-ын өзіміздің Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының тұқымдарымен егетін боламыз. Біз оған уәде береміз. Қазір көбіне «Лидер», «Янтарь», «Титанға» көңіл бөліп жатыр. Олардың барлығы Ресейдің сорттары.

Күріштің құрғақ жерде өсуі тіршілік нәрін үнемдеуден бөлек, селекциялық зерттеулерге де қолайлы болып тұр. Әдетте институттың ғылыми қызметкерлері шыжыған шілдеде тізеден су кешіп жүріп, будандастыру жолымен жоғары сұрып алу жолында тер төгетін. Енді топырағы сортаң келетін Сыр өңірінде тамшылатып суару арқылы ақ күрішті көктетуге болатыны дәлелденді.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды

Дереккөз: www.kazinform.kz

20170721114625

АСТАНА. ҚазАқпарат- Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды, онда «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттердің орындалу барысымен танысады.

Үкімет басшысының жұмыс сапары облыстың Баянауыл ауданынан басталды, онда туризмді дамыту, инфрақұрылымдық дамыту мәселелері, сондай-ақ, «Сакралды Қазақстан» және «Туған жер» жобалары аясындағы міндеттер қаралды, деп хабарлайды primeminister.kz.

Өңірде Бақытжан Сағынтаев облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындарының жаңғыртылу үдерістерімен танысады, олардың қатарында «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС мыс кенін өндіру мен қайта өңдеу өндірісі, «R.W.S. Whelset» теміржол білігі зауыты, «Проммашкомплект» теміржол дөңгелектерін шығару цехы, «Павлодар мұнай-химия зауыты», «Қазақстан электролиз зауыты» бар.

Бақытжан Сағынтаев Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын іске асыру аясында облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту мәселелері жөнінде арнайы кеңес өткізеді деп күтілуде.

Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Павлодар» АЭА-на барады, облыстың бизнес қауымдастығының өкілдерімен кездеседі, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс қарқынымен және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының инфрақұрылымдық міндеттерін іске асыру жұмыстарымен танысады.

Павлодар облысының ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіп үлесі 49,3%-ды, ауыл шаруашылығы – 2,2%, құрылыс – 2,5%, сауда – 7,2%, көлік және байланыс – 13,1%, басқалары – 25,7%-ды құрайды.

Облыста 16 жүйе құрушы кәсіпорын бар: «Богатырь Көмір» ЖШС, «Еуроазиялық энергетикалық корпорация» АҚ, «Майкүбен-Вест» ЖШС, «Қазхром ТҰК» АҚ бөлімшесі – Ақсу ферроқорытпа зауыты, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «KSP Steel» ЖШС, «Кастинг» ЖШС ПБ, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «Қазэнергокабель» АҚ, «ERG Service» АҚ бөлімшесі – Павлодар машина жасау зауыты, «Майқайыңалтын» АҚ, «KAZ MINERALS BOZSHAKOL» ЖШС, «Павлодарэнерго» АҚ, «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз СЭС-1» ЖШС, «Екібастұз СЭС-2 стансасы» АҚ. Бұл кәсіпорындар өңірдің барлық өнеркәсіптік өндіріс көлемінің 81,5%-ға жуығын қамтамасыз етеді.

Елімізде туризм саласын дамытуға арналған ұлттық компания құрылды

Дереккөз: www.24.kz

3cfb42c1336c7f750c6deaebaae46efb_l

Бұл ұйым кең байтақ еліміздің тарихи, мәдени һәм рухани құндылықтарын шет мемлекеттерде кеңінен насихаттап, инвестиция тартумен айналысатын болады. Ұлт жоспары аясында жүзеге асқан бұл міндетпен қоса үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы да жүйелі жолға қойылды.

Кең байтақ қазақ жерінің кез келген шетелдік қонақты таң қалдырып, таңдай қақтыратын мүмкіндігі мол. Алтай мен Атырау, Ертіс пен Еділ арасындағы ұланғайыр атырап тарихи, мәдени мұралар мен рухани құндылықтарға толы. Бұл ретте межелі міндеттерді жүйелі жүзеге асыру үшін географиялық жағынан тұтас елді қамтитын 6 өңірлік-туристік кластер құру көзделген.

Астана мәдениеттердің геосаяси тоғысатын жеріне айналса, Алматы – өркениет бесігі, Шығыс Қазақстан – Алтай маржаны, Батыс Қазақстан – Каспий қақпалары, Оңтүстік Қазақстан – Ұлы Жібек жолының жаңғыруы, ал Солтүстік Қазақстан табиғат пен көшпенді мәдениеттің тұтастығы ретінде кеңірек танылатын бірегей мекендер болады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Үкімет қаулысына сәйкес, «Қазақ турист» акционерлік қоғамын құрдық. Бұл компания еліміздің туристік әлеуетін шет мемлекеттерде ілгерілетеді. Және инвесторлар тартумен айналысады. Ол үшін шетелдіктердің қызығушылығы зор. Келер жылы бұл мекеменің қаржылық жағдайы да тұрақталады.

Мәдениет орындарын ел мәйегіне айналдыру да маңызды міндет. Осы мақсатта сала жұмысы халықаралық талаптарға сәйкестендіріліп, маңызды жобалар басталды. Соның арқасында Астанадағы ұлттық музей мен облыстық музейлер ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ халыққа ақылы түрде қызмет көрсетіп, өздігінен пайда таба бастады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Ұлттық музей мен 13 облыстық музейде көпэтносты Қазақстан жайлы арнайы залдар ашылды. Сол арқылы қазақстандықтардың патриоттық тәрбиесін қалыптастырып, оны одан әрі күшейтуге жол ашылды. 

Бұқаралық спорт саласы да қарқын алды. Бұл салаға тиесілі қазір 11 мың спорттық нысан жұмыс істейді. Ал тіл саясатын дамыту үшін 80 мыңнан аса орталық құрылды. Елді мекендерде қазақ және жергілікті этнос өкілдерінің ана тілдерін оқыту ісі жолға қойылған. Біртектілік және бірлік ұғымдары аясында тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптейтін кинотуындылар да түсіріліп келеді. Биыл «Сұлтан Бейбарыс», «Қазақ елі 2», «Томирис» және «Алаштың 100 жылдығы» сынды 28 фильмнің өндірісі жалғасады. Әртүрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру қоғам дамуын жеделдетеді. Ол үшін үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру ісі біршама жеңілдеді. Арнайы заң жобасы әзірленіп, гранттарды бөлудің жаңа тәртібі енгізілді.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:

– Гранттарды бөлу үдерісі өте қарапайым болады. Гранттардың бағыты кеңейеді. Қазір операторлардың қорлары біздің есебіміз бойынша толықтырылады. Ал болашақта жергілікті әкімдіктер мен басқа министрліктерден тартылады деген үміттеміз.

Биыл үкіметтік емес ұйымдарға берілетін қаржы үш есе ұлғайды. Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын гранттарға 588 млн теңге бөлініп, келісімшарттарға қол қойылды. Жаңа талаптар арқылы үкіметтік емес ұйымдар берілген қаражаттың 10%-ын материалдық-техникалық базасын жақсартуға жұмсай алады.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:

– ҮЕҰ жүзеге асырылып жатқан жоба ретінде біреуін айта кетейін. Биыл Қазақстанның барлық өңірлерінің тұрғындары арасында «Болашаққа қадам» жобасы басталды. Мұнда түрлі номинациялар бар. Конкурсқа еліміздің 12 өңірінен 80-нен астам өтінім түсті. Қорытындысы шілде айында жарияланатын болады.

Қазір елімізде үкіметтік емес ұйымдардың бірыңғай базасы жұмыс істейді. Оған 3 мыңдай қазақстандық және шетелдік мекеме тіркелген. Сол арқылы жүйе жұмысы бір ретке келтіріліп, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға көп көңіл бөліне бастады.

Айта кетейік, «Менің елім» ұлттық жобасы аясында ілкімді істерді ілгерілеткен үкіметтік емес ұйымдарға арнайы сыйақы беріледі. Сол секілді жастар саясатын дамыту үшін қала және ауылдық жерлерде уақытты тиімді әрі қызықты өткізуге арналған нысандар салынады. Сондай-ақ бос жұмыс орындары туралы мәлімет беретін түлектер тақтасы және өскелең ұрпақтың жалпыға ортақ жобалары әзірлене бастады. Ал жастар ұйымдарына биыл 3 грант бөлініп, 30 млн теңге берілді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ғани Алшынбаев

Гидрологиялық болжамдарды жақсарту мақсатында, ДМҰ, АҚШ және Еуропа ұлттық гидрометеолық қызметінің сарапшылары тартылды

Дереккөз: energo.gov.kz

2017 жылғы 14 шілдеде 2016 жылы және 2017 жылы І жартыжылдық қорытындысы бойынша, «Қазгидромет» РМК-ның – кеңейтілген отырысы өткізілді. Отырысқа Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы (бұдан әрі – ҚР ЭМ ЭРБК)  Нұрлыбаев Сәбит және ҚР Энергетика министрлігі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары комитетінің жауапты қызметкерлері қатысты.

РМК «Қазгидромет» бас директоры Марат Кынатов экологиялық, гидрологиялық және метеорологиялық мониторингтің нәтижелерін атай отырып, гидрологиялық болжау сапасын жақсарту бойынша қолданылатын шаралар туралы баяндады: «Бүгінгі күнге өткен ғасырдың 80-ші жылдарындағы техниканы пайдаланған болатын. 2018 жылдан бастап гидрологиялық болжамдарға арналған жаңа үш әдістеме қолдану жоспарлануда, соның ішінде гидрологиялық болжамдарға арналған сандық модельдер.

«Біз Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымға жүгіндік. Қазақстанның су тасқының болжау жұмыстарына алғаш рет ДМҰ және Еуропадағы Ұлттық метеорологиялық қызметкерлері консультативтік кеңес және техникалық қолдау көрсететін сарапшылары тартылғандығын» – М.Кынатов атап өтті.

2017 жылғы 12-13 шілде Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым және Италияның ұлттық гидрологиялық қызметінің сарапшылары «Қазгидромет» РМК Есептеу орталығы және гидрология бөлімінің қызметкерлері бірлесіп Арыс өзені үлгісінде  гидрологиялық болжаудың пилоттық моделін әзірлеуге кірісті.

Сондай-ақ АҚШ-тың Ұлттық су орталығындағы және басқа да АҚШ-тың мамандандырылған ұйымдарындағы әріптестеріміз «Қазгидромет» РМК-ға консультативтік техникалық кеңес көрсетуде.

Кеңейтілген отырыс барысында ҚР ЭМ ЭРБК бірлесе отырып қоршаған ортаның жоғары және өте жоғары ластануын анықтау барысында қолданылатын іс-шаралар анықталды.

Сондай ақ, ҚР ЭM бекіткен, 2017-2020 жж. «Қазгидромет» РМК жетілдіру бағдарламасымен танысты. Жетілдіру бағдарламасы экологиялық, метеорологиялық және гидрологиялық мониторингін толық жабдықталған бақылау желілерімен қамтамасыз етуге бағытталғын. Осы бағдарлама бойынша, «Қазаэронавигация» РМК бірлесіп, нақты болжамдармен қамтамасыз ету үшін, Қазақстан аумағын толық қамтитын,  25 метеорологиялық  радарлар орнату жоспарлануда.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика