Бейне материалдар | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Мамандар Сырдария жағасындағы бөгеттердің беріктігін үздіксіз қадағалауға алды

Асау дәрияның ағыны қатты. Сырдария суының екпіні арна иіндерін қажап, бөгеттер жұқарып қалып жатыр.

Осыған орай сала мамандары өзен жағасындағы бөгеттердің беріктігін үздіксіз қадағалауға алды. Бірақ суды реттеуші құрылымдарға жағалауды қойтастармен көмкеріп, нығыздап шегендеу жағы қиынға соғып тұр. Себебі инертті материалдарды тасымалдауға көлік инспекторлары кедергі.

Сырдария бетінде мұз әлі қатқан жоқ. Мамандардың өзегі талып, өзен жағалап, алаңдауы тегін емес. Қазіргі таңда Қызылорда гидротоспасынан секундына 430 текше метр су төмен түсуде.

Бөгет берік болмаса, асау ағыс айылын жимасы анық. Мемлекеттік «Қазсушар» мекемесінің Қызылорда облысындағы өкілі Жорабек Нұрымбетов өзен бөгетінің бүтіндігіне жауапты мамандардың бірі. Ол қала іргесіндегі «Пищевик» саяжайы маңын қойтастармен шегендеу қажет екендігін айтады. Өйткені иін тұсқа тап келгендіктен, күшті ағын жағалауды сәт сайын жұқартуда.

Жорабек Нұрымбетов, «Қазсушар» РМК өндірістік учаске басшысы:

– Күн суытып, мұз қатып кеткен жағдайда 400-500 куб су келетін болса, жеу процесі 2-3 есеге дейін көбейіп кетуі мүмкін. Сол уақытта мына дамбаның бір осал жерінен тесіп кете ме деген бізде қауіп бар.

Тасқынға тосқауыл болар ірі тастарды жеткізу қиындық тудырып тұр. Жағалауды шегендеуге қажет инертті материалдар облыс орталығынан 180 шақырым жердегі Қаратау бөктерінен алынып, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі арқылы жеткізіледі. Бұл ретте заңға сәйкес облыстық және республикалық маңыздағы автомобиль жолдарында жүк тасымалдау арнайы белгіленген салмақтан аспауы керек. Ал карьерден 30-40 тонна тас тиеп, тасымалдайтын жүк көліктерін тізгіндегендер аталған талапқа мойын ұсынғысы жоқ.

Ержан Жолдасов, Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы:

– Тасымалдаушы 3 рет баратын жерге ол бір-ақ рет апарғысы келеді. Бір апарғанда 50-70 тонна болмаса, 40 тонна апарғысы келеді. Бұл жерде бізде осы артық салмақ үшін ҚР ӘК 593-бабының III бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Үкіметтің арнайы қаулысына сәйкес төтенше жағдай жарияланған кезде ғана маңызды магистральда жүкті шамадан тыс алып жүруге рұқсат беріледі. Ал басқа уақытта жүк тасымалдау ережесін сақтамағандардың жазасы жеңілдемейді. Заңнан аттағандарға 50-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу қарастырылған. Заң талаптары қатаң қадағаланбаса, ғасыр жобасына баланған мына халықаралық автодәліздің көп ұзамай тоз-тозы шығуы мүмкін, – дейді мамандар.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Әлхайдар Тұрлыханов

Дерексөз: 24.kz

ЕАЭО аясында зейнетақы салымдарын жоғалтпай жұмыс істеу мүмкін болмақ

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения зейнетақымен қамсыздандыру тұжырымдамасын аяқтауға жақындап қалды.

Нәтижесінде құжат күшіне енсе, аталған бес мемлекеттің тұрғындары кез келген елде зейнетақы қорындағы төлемдерін жоғалтпай жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болмақ. Бір сөзбен айтқанда халық еш қорықпастан, бiр елден екiншi елге барып, жұмыс істей бермек.

Ресейлік Наталья Клюшина бір жарым жылдан бері Қазақстанда еңбек етіп жүр. Астанада ағынды суларды тазартатын құрылғылар шығарумен айналысатын ресейлік компанияда коммерциялық директор қызметін атқарады. Жұмыс беруші ел зейнетақы салымдарын өз мойнына алады деген жаңалық шетелдіктерді қуантпай қоймады.

Наталья Клюшина, сату бөлімінің жетекшісі:

– Мен Қазақстанда өткен жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істеп жатырмын. Осы уақытқа дейін зейнетақы салымдарын жоғалтып келдім. Өйткені Қазақстан азаматы емеспін. Ал енді барлық салымдарымды Ресейде жүріп те ала аламын. Бұл екі ел арасындағы байланысты нығайтары сөзсіз.

2018 жылдан бастап жұмыс беруші әр қызметкерінің зейнетақы қорына ай сайын 5% жарна төлеп отырады. Қалған 10%-ды жұмысшы өзі төлейді. Зейнетақы туралы заңға енгізілген бұл өзгерістерді компания басшысы оң қабылдайды.

Михаил Сагдиев, «Эколос» ЖШС басшысы:

– Менің ойымша, білікті маман тәжірибесін өзге елде тиімді пайдаланудан қорықпау керек. Мұнымен қоса, оның еңбегі бағаланып, салымдар төленсе, бұл тіпті де қуантады.

ЕАЭО аясында зейнетақымен қамсыздандыру тұжырымдамасы биылғы жылдың шiлдесiне дейiн әзiрленуi тиiс. Қазiр оған қатысты жұмыстар жүргiзiліп жатыр.

Светлана Жақыпова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары:

– Қазақстандықтар Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстанға жұмыс істеуге барып жатса, олар зейнетақы салымдарын жоғалтпайды. Ал қоныс аударған жағдайда азаматтардың салымдары қалаған елге аударылады. Кейін сол елдің заңына тиіс төленеді.

Мұндай шаралар Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы елдердің серіктестік аясын кеңейтеді дейді мамандар.

Авторлары: Мәншүк Мақсұтқызы, Ерлан Наурызбаев

Дерексөз: 24.kz

Қ.Тұрғанқұлов: Сайлауды мерзімінен бұрын өткізу бізге қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді

Дерексөз: «24.kz»

Президенттің шешімінен кейін Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті.

Онда мерзімінен бұрын өтетін Мәжіліс депутаттарының сайлауын әзірлеу және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Атап айтсақ, партиялық тізімдер бойынша дауысқа түсетін Мәжіліс депутаттарының сайлауы 20 наурызда, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы дауыс беретін сайлау 21 наурыз күні өтетін болды. Ал мәслихат депутаттарының кезекті сайлауын комиссия 20 наурызға белгіледі.

Қуандық Тұрғанқұлов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

– Сайлауды мерзімінен бұрын өткізу бізге қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді. Біз бүгін стандартты құжаттарды қабылдадық. Күн тәртібінде 5 мәселе қаралды. Оның ішінде күнтізбелік жоспар, сайлау науқандарын ұйымдастыруға қажетті сайлау құжаттары бекітілді.

Cарапшы: «100 нақты қадам» – Қазақстанның қарқынды дамуының жолы

Дерексөз: «24.kz»

Әр мемлекеттің экономикалық даму жолында ұзақмерзімге негізделген нақты  жоспары болу керек.

Егер ешқандай бастама болмаса, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу қиын. Бұл жөнінде  Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің Бельгиямен ынтымақтастық дөңгелек үстеліне қатысушылары біздің арнамызға «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының маңыздылығын айтып  берді. Қазақстанның халықаралық көлік-коммуникация ағынына тәжірибе жүзінде ықпалдасуын сарапшылар: Қазақстанның автокөлік және теміржол инфрақұрылымын, Қытайдың Азия мен Еуропаны біріктіретін жаңа «Жібек жолы» жобасымен жақсы үйлесім табатынын атап өтуде.

Шанталь Де Блё, Валлония сыртқы сауда және инвестиция агенттігі директорының орынбасары (AWEX):

– Қазақстан табиғи қазба байлықтарына бай мемлекет болғанымен, жоспардың басым бағыттарының бірі баламалы индустрияны дамытуға бағытталған. Үкімет елде инвестициялық климатты оңтайландыру мақсатында бірқатар жұмысты қолға алған. Мен сіздің елге қаржы құюға ниеттілердің қатары көбейетініне сенімдімін. Алдағы уақытта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізін жаңғырту жобасы аясында қолға алынған «Алматы-Хоргос» автожолы Шығыс пен Батыс арасындағы сауда-саттықты жандандыра түспек. Оған қоса Ұлы Жібек жолының сізің елдің аумағынан өткенін білеміз. Менің ойымша, бұл – қызықты әрі сәтті жоба.

Неміс кәсіпкерлері Қазақстанның аграрлық секторын инвестициялауға дайын

Дереккөз: «khabar.kz» 

Неміс бизнесмендері Қазақстанның аграрлық секторын инвестициялауға дайын. Әрі бірлескен өндірістерді жолға қойсақ деген ниеттері бар.

Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың Германияға іссапары барысында айтылды.

Вице-министр Германияның белді деген 60-тан астам компаниясының өкілдерімен арнайы кездесіп, Қазақстандағы инвесторларларға жасалған жеңілдіктерді айтып берді.

Сондай-ақ Ермек Көшербаев азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі қаралған салалық министрлердің конференциясына қатысты. Бұдан бөлек, қазақстандық делегация Берлинде өтіп жатқан «Жасыл апта» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысып, 70 елден келген шаруалардың өнімдерін көріп қайтты.

Ермек Көшербаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары

-Бүгінде Қазақстанда бірнеше неміс компаниялары жұмыс істейді. Мәселен, жақсы үлгі ретінде «ҚазАгро» мен немістің «АргоВис» компанияларының жобасы қоспа жем зауытының құрылысын айрықша атап өтер едім. Көптеген компаниялар Қазақстанға келуге ниет білдірді. Сондықтан мен ойлаймын, бізде ортақ жұмысқа басымдық бар деп.

ОҚО: ауылға ауызсу берілді

Дереккөз: «24.kz» 

Көп күттірген ауызсуға да қол жетті.

Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданыдағы Бестораңғыл ауылы тұрғындары бұған дейін тіршілік нәрін құдықтан тартып не сатып алып ішетін. Енді тұщы су шүмектен ағып тұр. Қызыл құмды бойлай орналасқан аудан халқының 89 пайызы құбырмен қамтылған. Олар тәулік бойы тұщы су тұтынып отыр.

Қолына шелегін алып атасына қарай асыққан немересінің қуанышында шек жоқ. Себебі есік алдындағы шүмекке тұщы су келді. 40 жыл бойы қой бағып осы күнді асыға күткен Қарпысбай қария жалпы ауыл болып құрылғалы бері жергілікті жұрттың қанып су ішпегенін айтады.

Қарпысбай Құдайбергенов, Бестораңғыл ауылының тұрғыны:

– Бұрын ауыз су жүйесі мүлдем болған жоқ. Бұрын 10-15 метр тереңдіктегі жерден су ішетінбіз. Солай күнелттік. Халық риза.

Ұлбике Досымбекова, Бестораңғыл ауылының тұрғыны:

– Шүмектен тұщы су ішіп жатырмыз. Бұрын ащы суды өзеннен тасып ішетін едік. Қазір жақсы болды.

Тоқырау жылдары жұрт тіршілік нәрі болмаған соң үйлерін тастап көшкен. Енді ауылға қарай қоныс аударатын көштің беті де түзелер, дейді қария. Қарпысбай Құдайбергенов, Бестораңғыл ауылының тұрғыны:

– Су келген соң жағдай өзгеруі мүмкін. Бірлі-жарым келеді ғой. Бұған дейін бәрі су ащы болған соң кетіп қалған еді. Енді келе жатар.

Шағын ғана ауыл аудан орталығына жақын орналасқанымен халық саны аз болғандықтан жылдар бойы ескерусіз қалып келген. Былтыр «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша су торабы салынып, жаңа жүйе 11 елді мекен су ішіп отырған жер асты қорына жалғанған.

Серік Дәулетбаев, Шәуілдір топтық су жүйесінің басшысы:

– Бұл жерде екі су қоймасы бар. Жер асты суы қоймаға келіп құйылады. Сорғы арқылы залалсыздандыру қондырығысынан өтеді. Ол лампа жарығымен жұмыс істейді. Тазаланған соң халыққа беріледі.

Жалпы Отырар ауданыдағы бірқатар елді мекен ысылдаған құзылдың құмына жақын орналасқан. Жер асты тұщы су көзінің тапшылығы халықты толық құбыр суымен қамтуда біршама қиындық тудырып отыр, дейді әкімдіктегілер.

Салыхан Полатов, Отырар ауданының әкімі:

– Отырар ауданы бойынша, 38 елді мекен бар. Соның 31 елді мекені су құбырымен қамтылды. 7 елді мекен қалды. 2-еуінің су қоры анықталып, жобалық-сметалық құжатқа қаржы қарастырылуда. Қалған 5 елді мекеннің су қоры биыл анықталады. 2020 жылға дейін 38 елді мекен толық су құбыры арқылы су ішетін болады.

Аудан аумағында жер астынан өздігінен шығып жатқан термалды ыстық суы көп. Орталықтағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар сол сумен жылытылады. Жылыжай да салынған. Алайда емдік қасиеті мол судың құрамында адам ағзасына зияны бар химиялық элементтері көп болғандықтан ішуге болмайды. Сондықтан қосымша су көзін іздеуге тура келеді, дейді мамандар.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов

«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік» туралы заңның тиімді тұстары түсіндірілді

Дереккөз: «Хабар» ТА

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік Үкімет пен бизнес арасында өзара тиімді ынтымақтастықты құру арқылы, әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруды көздейді.

Бүгін Ұлттық экономика министрлігінің мамандары Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласы әкімдіктерінің өкілдеріне «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік» туралы заңның ерекшеліктері, бизнес үшін жасалған мүмкіндіктер, мемлекеттік қолдаулар туралы тарқатып айтып берді.

Жаңа заң талаптары бойынша, мемлекет тарапынан ұсынылған жобаларға қызығушылық танытқан тұлғалар жобаның тұжырымдамасын, конкурстық құжаттаманы талқылауға және әзірлеуге қатыса алады. Сондай-ақ жаңа заң мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларына бастама жасауға баламалы ұсыныстар болмаған жағдайда конкурс өткізбей, тікелей келіссөздер жүргізу негізінде шарт жасау мүмкіндіктерін береді. 31 қазанда қабылданған жаңа заң аясында бүгінге дейін бизнес тарапынан 20-ға тарта ұсыныс түскен.

Нұрым Аязбаев, ҚР ҰЭМ департаментінің директоры

-Балабақшалар, емханалар және тағы басқа жеңілдетілген жобалар, олар техникалық негіздеме әзірленбейтін, тек қана ПСД-сі бойынша жұмыс істейтін жобалар болып табылады.

Қорғас өзенінің суын Қазақстан мен Қытай тең пайдаланатын болады

Қорғас өзенінің суын Қазақстан мен Қытай тарапы енді, тең пайдаланатын болады. Бүгін Сенат депутаттары екі ел үкіметі арасындағы арнайы келісімді ратификациялады.

Енді трансшекаралық өзеннің суын екі тарапқа 50/50 пайыз арақатынасында бөлу «Достық» бірлескен су торабы арқылы іске асады. Бұл су торабын да  бұған дейін еліміз аспан асты елімен бірлесіп салған. Құжат авторларының айтуынша, келісімнің  біздің тарап үшін бірқатар тиімді тұстары бар.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Суды тиімді пайдалануға, әсіресе, біздің суармалы жерлерге тиімді пайдалануға осы келісімшарттың пайдасы өте көп. Тағы бір жақсы жері, Қазақстан осы су торабында бір ауданды электр қуатымен қамтамасыз ететін Гидроэлектр станциясын салады. Одан шыққан электр энергия тағы да айтам, бір ауданды арзан, тиімді электр энергиясымен қамти алады. Ол салынып бітті, енді іске қосылады.

Айта кетейік, алдағы уақыт су торабында тараптар селден қорғайтын плотина салуы мүмкін. Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровтың айтуынша, қазір бұл мәселе бойынша екі ел үкіметі келіссөздер жүргізіп жатыр.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика