Дереккөз: www.24.kz
Дереккөз: www.energo.gov.kz
2018 жылғы 17 мамырда Global Challenges Summit XI Астана Экономикалық Форумы алаңында ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев, ҚР Энергетика министрі Қ. Бозымбаев, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы президиумының төрайымы
Ә. Назарбаева, Жасыл өсім жаһандық институтының төрағасы Пан Ги Мун және тағы басқалардың қатысуымен «Жасыл экономика: тұрақты дамудың жаңа моделі» панельдік отырысы өтті.
Отырыс барысында Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бастамашылығымен құрылған Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы іске қосылды және оның қызметі таныстырылды. Орталық ЭКСПО-2017 мұрасының идеологиялық жалғасы болады.
Орталықтың негізгі функциясы – «жасыл» мәдениетті қалыптастыру және алдымен Қазақстанда содан соң Орталық-Азия өңірі елдерінде жасыл технологияларды дамыту арқылы экологиялық проблемаларды шешу. Орталық энергетикалық секторды трансформациялау, «жасыл» бизнеске көшу, трансферт және жасыл технологиялар мен үздік тәжірибелерді бейімдеу міндеттерін атқаруға арналған.
«Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын іске асыру жылдарында ресурстарды үнемдейтін, таза технологияларды пайдалану қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділікті 94 пайызға және ауылдық жерлерде 57 пайызға жақсартуға мүмкіндік береді; ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі екі есе өседі; қазіргі заманға лайықты энергия үнемдеу жүйесінің негізі құрылады; ағымдағы жылдың соңына қарай жаңартылатын энергия көздерінің қуаты шамамен 460 МВт болады деп күтілуде; қолданыстағы көмір электр станцияларында заманауи күлді өңдеу құрылғыларын енгізу жұмыстары жалғасады; қалдықтарды өңдеу және қайта өңдеу 31 пайызға жетті.
ЭЫДҰ-мен ынтымақтастық – Қазақстан үшін стратегиялық басымдықтарының бірі. Халықаралық шарттарға және құқықтық құралдарға қосылу Қазақстанға белгілі міндеттемелер жүктейді. Осы мақсатта экологиялық заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс басталды. Ол ЭЫДҰ-ға мүше мемлекеттер қағидаттарының негізінде жасалатын болады: қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қолданыстағы жүйесі қайта қарастыралатын болады, үздік қолжетімді технологияларды пайдалану негізінде эмиссияларды төмендетуге табиғат пайдаланушыларды ынталандыру бойынша механизмдерді енгізу, шығарындыларды нормалау қағидаттары жетілдіріледі.
Париж келісімі шеңберінде қойылған мақсаттарға қол жеткізу парниктік газдардың шығарындыларының көлемін азайтумен қатар жаңартылатын энергия көздерін дамытуды көздейді. Осы мақсатта қазақстандық заңнамаға және ЖЭК-ті дамыту үшін оны жетілдіру мүмкіндіктеріне талдау жасалды, Қазақстанның Күн ресурстары атласы әзірленді және пайдалануға берілді.
2018 жылғы 23 мамырда ЖЭК-ті салу бойынша жобаларды іріктеудің бірінші аукциондық саудасы өтеді. Аукциондардың екі сессиясы ішінде (көктемдегі және күздегі) қуаты 1 ГВт ЖЭК ұсынылатын болады. Аукционның жеңімпаздары ЖЭК-тің бірыңғай сатып алушысы – қаржы-есеп айырысу орталығымен электр энергиясын сатып алуға 15-жылдық кепілді офф-тейк келісімшартқа қол қою мүмкіндігіне ие болады.
Қазақстан халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастыққа үлкен мән беретіндігін ерекше атап өткен маңызды. Дүниежүзілік банкпен, Еуропа қайта құру және даму банкімен, Азия Даму банкімен жұмыс жүргізілуде. Бүгін қол қою жоспарланған «Қызылорда облысында қуаты 50 МВт Байқоңыр күн электр станциясын салу» жобасын қолдау және ынтымақтастық туралы келісімге және ҚР Энергетика министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, «Шелл Казахстан Б.В.» компаниясы және «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДБҰ арасындағы меморандум тараптардың жасыл экономиканы дамытуға ұстанымдарын көрсетеді.
Дереккөз: www.nur.kz
Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығының төрайымы Əлия Назарбаева Астана экономикалық форумына қатысты деп хабарлайды.
Жиында Əлия Назарбаева жасыл экономика тақырыбы төңірегінде ой өрбітті. Бұл ретте ол Қазақстанда 5 жыл бұрын жасыл экономикаға өту тұжырымдамасының қабылданғанын мәлімдеді.
“2030 жылға қарай біз елдегі жасыл экономика үлесін 30 пайызғп дейін арттырмақпыз. Осыған орай президент жарлығымен жасыл технологияларлың халықаралық орталығы құрылды”, – деді Əлия Назарбаева.
Дереккөз: astana.gov.kz
Еліміздің бас қаласында бүгін «Біз таза елорданы қолдаймыз!» акциясы бастау алды. Жалпықалалық сенбілікке жүз мыңнан астам тұрғын мен қаланың бес мыңға тарта кәсіпорындары мен мекемелері қатысып жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Экологиялық науқанға Астана әкімі Әсет Исекешев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нұрлан Нығматулин, «НұрОтан», «Ақжол», ҚКХП партиялары парламенттік фракцияларының депутаттары, Мәжіліс аппаратының қызметкерлері де қатысты. Олар Орынбор көшесінде орналасқан «Зеленый квартал» тұрғын үй кешені ауданында ағаш отырғызды.
«Бүгін барлығымыздың көңіл-күйіміз жақсы. Сенбілік Астананың 20 жылдығы сияқты тамаша мерекенің қарсаңында өтіп жатыр. Әрине, мұндай шараға өз үлесімізді қуана қосқымыз келеді. Қаламызды абаттандыру, оның көркін келтіру жұмыстарында сенің де кішкентай еңбегіңнің бар екендігін білу ерекше күйге бөлейді емес пе?!» – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Аронова.
Науқанға қатысушылар 120-ға тарта ағаш көшеттерін отырғызды. Енді Астананың сол жақ жағалауына терек, шаған, шефердия сияқты ағаштар көрік бермек.
Кең ауқымды сенбілікті өткізуге қатысты бастаманы еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін қолдады. Қала көшелерін тазартуға көптеген отбасылар, ұжымдар шықты. Олардың арасында мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық бірлестіктердің қызметкерлері, әлеуметтік желілердегі «Астана – Что? Где? Когда?», «Астана, хочу похвалить/ хочу пожаловаться» атты қауымдастықтардың жазылушылары да бар.
Экологиялық науқан барысында барлығы 17 313 ағаш егіледі деп жоспарланған.
9 сәуір мен 10 мамыр аралығында елорда аумағынан 4 227,74 тонна қалдық шығарылып, 9 сәуір мен 9 мамыр аралығында 8 065 ағаш отырғызылды.
Дереккөз: www.24.kz
Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында киік аулаған шекара қызметінің капитаны ұсталды.
Бұл жайында ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Фейсбуктегі парақшасында жазды.
«2018 жылдың 14 мамырында сағат шамамен 17:00 кезінде «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК батыс аймақтық филиалының инспекторлары рейд жүргізу кезінде БҚО Жәнібек ауданы Қамысты ауылынан 15 шақырым жерде (РФ шекарасына жақын) мемлекеттік нөмірсіз және құжатсыз жүрген «ЧС-МОТО» квадрациклін мінген адамды ұстаған. Тексеру кезінде шекара қызметінің капитан шеніндегі шекаралық учаске қызметшісі, квадроцикл жүргізушісі Е.М-дан киіктің 12 дана мүйізі, қарудың чехолы, балта, қарумен атылған еркек киіктің мүйізімен бірге денесі табылды», – делінген хабарламада. Оқиға орнына Жәнібек ауданының ІІБ қызметкерлері шақырылған. Аталған факт ҚР ҚК-нің 339-бабы бойынша тіркелді. «Қазіргі уақытта полиция қызметкерлерімен бірге киікті заңсыз аулау фактісіне қатысты заттай дәлелдерді іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлайды Сәкен Ділдахмет.
Ақпарат көзі: inform.kz
Мүдделі тараптардың әлеуетін және жұртшылықтың хабардар етілуін арттыру мақсатында, Қазақстанда ЛШТТ ендіру туралы жобалық топпен семинарлар сериясы өткізілді.
2017 жылдың 28 маусымында Астана қаласында жоба шеңберінде «Қазақстан Республикасындағы Ластауыштар шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімі туралы хаттамасын жүзеге асыру: ағымдағы жағдай және жүзеге асыру бойынша қажетті шаралары» атты семинар болып өтті.
Семинарда ЛШТТ туралы хаттамасының талаптарына сонымен қатар, Қазақстандағы ЛШТТ ендіру бойынша ағымдағы жағдайға шолу жасалды. Қатысушылар Қазақстанда ЛШТТ жүзеге асыру бойынша болашақтағы қажетті шараларды анықтады сонымен қатар, осы мәселе бойынша мақсатты топтарды оқытудың талаптарын бағалады. Семинар шеңберінде Экологиялық ақпаратқа жұртшылықтың қол жетімділігінің Ұлттық стратегиясын және ЛШТТ бойынша жұмыс жиналысы болып өтті.
2017 жылдың 13 қыркүйегінде Алматы қаласында Қазақстанда Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімін (ЛШТТ) ендіру мәселесі бойынша тренерлерге арналған тренинг болып өтті. Қатысушылар Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің м.а. 2016 жылғы 10 маусымдағы №241 бұйрығына сәйкес Қазақстанда мемлекеттік ЛШТТ қосылған ластауыш заттар тізімін талқылады. Сонымен қатар қатысушылар ЛШТТ бойынша Ұлттық ұсыныс жобасын қарастырды. Тренинг қорытындысы бойынша қатысушылармен жоба барысында жүзеге асырылатын бірқатар ұсыныстар мен ұсынымдар әзірленді.
2017 жылдың қазанында Қазақстанның Ақтөбе, Астана және Павлодар қалаларында «Халықаралық тәжірибе және Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімін жүзеге асырудың қазақстандық тәжірибесі» бойынша семинарлар сериясы болып өтті. Семинарлар шеңберінде келесі сұрақтар қарастырылды: ЛШТТ хаттамасы, оның негізгі қағидалары және жүзеге асырудағы халықаралық тәжірибе, Қазақстандағы ЛШТТ ендіру бойынша шолу, ластауыштардың атмосфералық ауаға, ағынды суларға, топыраққа (өндіріс және тұтыну қалдықтарынан) шығарындылары мен тасымалдарын бағалау бойынша ағымдағы жағдайы. Семинарлар ЛШТТ мәселесі бойынша мамандардың әлеуетін арттыру, Қазақстанда ЛШТТ ендіру бойынша әдістемелік қолдауды әзірлеу бойынша біршама тәжірибе алмасу және қолайлы ұсынылған ұсыныстарды қалыптастыру мүмкіндігін берді.
2018 жылдың сәуірінен бастап қарашасы аралығында Астана, Ақтөбе және Павлодар қалаларында «Қоршаған ортаға ластауыш заттар мен сынаптың эмиссиялары: анықтау әдістері, түгендеу және Қазақстан Республикасының Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының мемлекеттік тіркеліміне қосу» тақырыбында семинарлар сериясы өткізілген болатын. Семинардың негізгі мақсаты ЛШТТ мәселесі бойынша мамандардың әлеуетін арттыру және Қазақстанда ЛШТТ ендіру бойынша әдістемелік қолдауды әзірлеу бойынша ұсыныстарды қалыптастыру болып табылады.
Өткізілген семинарларға мемлекеттік органдар, ассоцияциялар, өнеркәсіптік компаниялар, аймақтық Орхус орталықтары, үкіметтік емес ұйымдар, ЖОО және басқа да мүдделі ұйымдар қатысты.
Дереккөз: www.energo.gov.kz
2018 жылдың 12 мамырында Энергетика министрі Қ. Бозымбаев бастаған ҚР Энергетика министрлігінің және министрлікке бағынысты ұйымдардың қызметкерлері (барлығы шамамен 200 адам) «Астана – таза және қауіпсіз қала» атты жалпықалалық науқанға қатысты. Науқанға қатысушылар № 31 көшенің Тұран даңғылынан Сауран көшесіне дейінгі жер бөлігіне санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізді. 2018 жылғы 9 сәуір және 22 мамыр аралығында «Астана – таза және қауіпсіз қала» атты жалпықалалық науқаны өткізіліп жатқандығын естеріңізге салып өтеміз.
Дереккөз: www.24.kz
Дереккөз: www.24.kz
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы облысына жұмыс сапары бүгін де жалғасты. Президент бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, аймақтағы кәсіпкерліктің аяқалысымен жіті танысты.
Биыл облыс билігі «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша 3 мыңнан аса адамды оқытып, шамамен 650 жобаны қаржыландырмақ. Қазірдің өзінде өңірде 100 мыңнан аса шағын және орта кәсіп субъектісі жұмыс істеп тұр. Елбасы саладағы жұмысты әлі де ширатуды жүктеп, мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі орындалуын қадағалауды тапсырды.
Әсем Қабылбек, тілші:
– Шағын және орта кәсіпкерлік – мемлекеттің тірегі. Бизнес өкілдерінің ел экономикасында қашан да арқалайтын жүгі ауыр. Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 30 пайызға жуықтады. Елдегі кәсіпкерлердің республика бюджетіне қосқан үлесі артып келеді. Олардың қатарында Алматы облысының бизнесмендері де бар.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Талдықорғандағы бас кеңсесі. Ғимараттың ресми атауы – Аtameken Business Cіtу. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы облысындағы шағын және орта бизнес өкілдерімен жүздесті. Қазіргі уақытта өңірде 100 мыңнан аса шағын және орта кәсіп субъектісі бар. Кәсіпкерлердің өндірген өнімдерімен көрмеден танысуға болады. 2 қабатта білікті мамандар кәсіпкерлерге тегін кеңес беріп, заңдық және бухгалтерлік қызметтер көрсетеді. Яғни бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейді. Шетелдік инвесторлармен кездесу өткізуге де қолайы жер.
Облыс әкімі Амандық Баталов биыл 550 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартуды көздеп отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ осы жылы «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша 3 мыңнан аса адамды оқытып, 650 жоба қаржыландырылмақ. Оның жалпы сомасы – 5,4 млрд теңге. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов бизнесті дамытуға арналған жоспармен таныстырды. Күні кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс барысымен Алакөлге барған болатын. Жергілікті кәсіпкерлерді туризм кластерін қарқынды дамытуға үндеді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Мен кеше Алакөлде болдым. Халықтың барлығына білгізу үшін өзімізде осындай үлкен көл бар ел ортамызда. Оның адамның денсаулығына шипалы екенін елдің бәрі біледі. Ресейден де келіп жатыр. Басқа жақтан да келіп жатыр. Халыққа түсіндіру керек сол жерде бизнес жұмыс істеу керек.
Бизнестегі әкімшілік кедергілерді азайтып, қолдау қажет. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер келіп түскен өтініштердің 71%-ы бизнестің пайдасына шешілген. Шағын және орта кәсіп – әлемдегі мықты елдердің экономикасына тіреу болып отырған күш. Нарықтық қоғамда алып корпорациялардың қажетін өндіріп, жалпы жұртқа жұмыс беретін де осы шағын және орта бизнес. Тұрмысы түзудің елдің көңілі де түзу. Мемлекеттің бұл салаға ерекше мән беріп отырғаны да содан. Президент Талдықорғанда бір топ кәсіпкерлермен кездесіп, оларды тыңдап, өзара пікір алмасты.
Бақытжан Әбдірасылов, кәсіпкер:
– 2016 жылы Сіздің өзіңіздің Иранға жасаған ісcапарыңызда делегация құрамында болдым. Ирандық кәсіпкерлермен ет экспорты жөнінде келісімшартқа қол жеткізген едік. Қазір сол келісімшартты орындауға кірісіп жатырмыз. Ауылшаруашылығына 2 млрд инвестиция салдым. Біз кластер құрдық. Үш мың басқа мал бордақылау алаңын аштық. Мал сою кешенін аштық. Дүкендер желісімен тұтынушыға етті жеткізіп отырмыз кластер бізде. Сол салған ақшамыздың бір бөлігін мемлекет өзімізге субсидия ретінде қайтарып берді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз енді рыночный экономика болғаннан кейін жекеменшікті қолдау керек. Дегенмен, Совет одағынан шықтық бәріміз жібергісі келмей ұстап отыратын болады шетінен келе жатырмыз. Облыстың жағдай түзеліп келе жатыр.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Талдықорғандағы Салтанат сарайымен танысты. 2 қабатты жаңа қимарат жергілікті бюджет есебінен салынған. Атының өзі айтып тұрғандай салтанатты жиын өткізуге арналған. Бірінші қабатта АХАЖ бөлмесі, қалыңдық пен күйеу жігіт бөлмелері, қонақ бөлме, қосалқы және техникалық ғимараттар орналасқан. Екінші қабатта мәжіліс залы, ресми кездесулер мен шараларға арналған зал, мейрамхана бар. Осы ғимаратта Президентке құрылысы қызу жүріп жатқан әлеуметтік нысандар мен драмалық театрдың жобасы таныстырылды. Дені мемлекеттік-әріптестік аясында бой көтереді. 570 орындық бассейн, жеңіл атлетикалық спорт кешені, 2 мектеп, драмалық театрды салуға жеке инвесторлардың қаржысы тартылмақ.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
– Сентябрьде ашылады. Біз ашылуына международный театральный фестиваль белігілеп жатырмыз. Это уникальный 500 орын. Тағы да екінші кішкентай сахнасы бар. То есть международный стандарт.
Алматы облысына жұмыс сапарын қорытындылаған Елбасы Бес әлеуметтік бастамаға ерекше ден қоюды тапсырды. Президенттің пікірінше, Алматы өңірі экономикалық өсім жөнінен көшбасында. Біраз салада өсім байқалады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Ең қажетті қан қызылшасын, жүгері өндіру, соя өндіру мәселесі болатын. Кейінгі кезде құлдырап кетті. Кейінгі үш жылда жасалған жұмысқа өте жоғары баға бере аламын. Қазіргі мынау әкім Амандық Баталовтың бастауыменен менің тапсырмамды орындап, осы күні 60 мың тонна қант шығаратын жағдайға жеттік. Қызылшасын плантациясын өте күрт өзгерттік. Бірнеше рет көбейттік. Қарап отырсаңыздар, зауыттардың барлығы тоқтап қалған қант жасайтын барлығы іске қосылды. Оның үстіне алма мәселесін, сонан кейін көкөніс мәселесі бар. Мал шаруашылығы бар және таудан ағатын суларды пайдаланып, кішігірім гидростанцияны салып елге көмек жасау болатын. Осының барлығы ата берсе көп мәселе бар. Осының барлығы дұрыс орындалып отыр.
Президент аймақ басшысының атқарған жұмысына бес деген баға беріп, босаңсымауға шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Жалпы алғанда өңірдің өну, өркендеуіне оң бағасын беруге болады. Менің тексеретінім әр уақытта жарияланған бағдарламалардың орындалуы. Оның ішінде индустриялық бағдарлама бар. Оның ішінде инфраструктуралық бағдарлама бар. Оның ішінде әлеуметтік бағдарлама бар. Бес менің тапсырмам. Алматы облысына келсек, бұл еліміздің бір ерекше өңірі болып саналады. Ерекше болып саналатын себебі бір жағынан тікелей Қытай Республикасымен шекаралас. Бұл мәселе. Сондықтан да мен Талдықорғанды облыс орталығы деп қайта жарияладым. Бұл жерде халық көп болуы керек шекара болғаннан кейін. Халық сауатты болуы керек. Білуі керек. Шекараны сақтау екенін, елдің мына жағындағы шебінде тұрғанын. Сондықтан екі ауданды қайта құрып, оның ішінде де халық көбейсін деген, ол аудандар қуанып жатқанын білемін. Құттықтаймын. Көшкен ел қайтып келсін деп, өндірісін жұмыс беретін жағдай жасау керек.
Соңғы 3 жылда аймақта 3 млн шаршы метр баспана қолданысқа берілген. Аграрлық сектордағы көрсеткіштер көңіл қуантады. Газдандыру ісі қарқынды түрде кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Президент атқарылған істерге оң бағасын беріп, нақты міндеттер жүктеді. Айналып келгенде барлығы қарапайым халықтың қамы.
Авторлары: Әсем Қабылбек, Айдос Меделбеков, Асхат Әзіретханов, Хасен Омарқұлов, Алмас Омарғалиев
Дереккөз: www.24.kz
Қазақстандық бір топ ғалым Арал теңізіне жол тартты.
Зерттеушілер көлдің Солтүстік және Оңтүстік бөлігіндегі экологиялық жағдайға баға беріп, планктондар тобына жататын тіршілік иелерінен сынамаларын алмақ. Сондай-ақ мамандар Арал өңірінің туристік картасын дайындайды. Осымен үшінші рет ұйымдастырылған ғылыми жорық 20 күнге жалғасады. Осы уақыт аралығында қатысушылар шамамен 7 мың шақырымды жүріп өтеді.
Нұржан Алғашов, Қазақстан Ұлттық география қоғамының менеджері:
– Ташкент, Самарқан, Бұқара, Үргеш, Қазақстан қалалары арқылы Оңтүстік Арал теңізіне жетеміз. Содан кейін Бейнеу арқылы Қазақстан жағына шығамыз. Қазақстан жағынан Солтүстік Аралды зерттейміз. Негізі сол Оңтүстік пен Солтүстік Аралдың суының 10-ға жуық сынамасын аламыз. Сол ғылыми тұрғыдан зерттеледі. Судың қышқылдылығын, тұздылығын, ластығын және басқа да параметрлері бойынша сондай зерттеулер жасалады.