Дереккөз: www.energo.gov.kz
Ағымдағы жылдың 27 қыркүйегінде Ақтөбе облысы Алға қаласының әкімдігінде «Бұрынғы С.Киров атындағы Алға химия зауытының аумағында орналасқан қауіпті қалдықтарды (химиялық және өнеркәсіптік қалдықтар, шламдық жинақтағыш қалдықтарды) жоюға (алыстатуға) арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу» жұмыс жобасының қоршаған ортаға әсерін бағалау жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті.
«Бұрынғы С.Киров атындағы Алға химия зауытының аумағында орналасқан қауіпті қалдықтарды (химиялық және өнеркәсіптік қалдықтар, шламдық жинақтағыш қалдықтарды) жоюға (алыстатуға) арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу» жұмыс жобасына ҚОӘБ-ны талқылау жөнінде қорытындылар бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті деп танылды және қоршаған ортаға әсерді бағалау бойынша ұсынылған материалдар мақұлданды.
Қоғамдық тыңдауларға Ақтөбе облысы Алға қ. әкімдігінің, Ақтөбе облысының табиғи ресурстарды және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, Ақтөбе облысының Экология департаментінің, Ақтөбе аумақтық бөлімінің «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» РММ-ның өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Ақтөбе облысы Алға қ. тұрғындары қатысты.
Дереккөз: www.24.kz
Елімізде құм көшкіні үйлерді басып жатқан ауылдар көп. Бұл Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары көшпелі шағылдан қиындық көріп отырған елді мекендердің ортақ проблемасы. Бүгінгі бағдарламада құмнан қашып, үйлерін құмнан аршып табиғаттың осындай тосын мінезімен күресіп жүрген Қызылорда облысы, Арал ауданы, Аралқұм ауылының тұрғындарының жағдайы туралы баяндаймыз.
Дереккөз: www.24.kz
Оған әзірге жекеменшік кәсіпорындар мен жолаушылар тасымалымен айналысатын ірі мемлекеттік мекемелер кіріскен.
Себебі бюджеттен арнайы қаржы қаралмапты. Дегенмен шамасы келетіндер аянып жатқан жоқ. Біреуі техника бөлсе, енді бірі қол күшімен көмектесіп жатыр. Мәселен, теміржолшылар теміржол көпірінің маңайын ағаштар мен түрлі өсімдіктерден және қоқыстардан тазартуда. Содан кейін судың деңгейін бақылауда ұстау үшін көпірге бейнебақылау камерасын орнатпақ. Еске салсақ, Жабай өзені әр көктемде арнасынан тасып, халықты әбден әбігерге салып келеді. Мәселен, биылғы табиғат апатынан 1 мыңнан астам тұрғын зардап шекті. Ал өзеннің ең қауіпті тұсы осы Атбасар қаласы мен Сандықтау ауданының жанынан ағады.
Людмила Марунич, Атбасар қаласы әкімінің орынбасары:
– Алдағы уақытта тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен облыстық жол құрылымдары бірігіп осындай тазарту жұмыстарын автокөлік жолындағы көпірдің маңында да жүргізеді. Сондай-ақ сол маңайдан су өткізу құбырларын да орнату жоспарланып отыр.
Дереккөз: www.24.kz
Мемлекет басшысының «Сырдария арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» мега жобасы арқасында жоқтан бар жасалды.
Айдынды Аралдың ақ көбік атқан толқыны жабыққан жағаға қайта оралды. Теңіздің тірілуімен Қызылорда облысында балық шаруашылығы да жанданып сала берді. Қазіргі таңда өңірде 8 ірі балық зауыты жылына 11 мың тонна өнім шығарады. Су айдындарындағы балық қорын молайтуға да мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр. 34 инкубациялық тоғаны бар «Қамыстыбас» тұқымбағы жылына 15 млн шабақ өсіреді. Балықтандырумен қатар мамандар теңіз, өзен-көлдердің экожүйесін жақсарту бағытындағы жұмыстармен де айналысып жүр. Соңғы жылдары өндірістік қуатын 5 есеге арттырған тұқымбақ енді пілмай және қаяз балықтарын өсіруді қолға алмақ. Бүгінде кәсіпорын Арал ауданындағы Қосжар ауылы тұрғындарын түгелдей жұмыспен қамтып отыр.
Нұрқабыл Құланов, «Қамыстыбас» мемлекеттік тұқымбақ директоры:
– Қысқы тоғандар бар. Онда қыстай аналық, аталық балықтарды сақтаймыз. Көктемгі науқан басталғанда аталық, аналық балықтардың уылдырығын аламыз. Ұрықтарын алып, шайқап, содан орта салмағы 20 граммға дейін өсіріп, су айдындарына жібереміз. 2010 жылдан бері қарай 105 млн-дай бір жаздық шабақ, 5 млн-ға жуық 2 жаздық шабақ су айдындарына жіберілді.
Дереккөз: www.24.kz
Қазақстанда бірінші болып беже өндірісін қолға алған қазығұрттық шаруа қожалығы биыл 50 тонна жеміс жинамақ.
Қазір онда 500 гектар интенсивті бақ бар. Одан алынған өнімдердің жартысы Ресейге экспортталады.
Тұрқы онша биік емес ағаштар жеміске толып тұр. Олардың әрқайсысында 20 килограмм беке бар. Бұл – бірінші өнім. Бір аптадан кейін жемісті жинау басталады. «Шамамен 50 тонна өнім аламыз», – дейді бағбандар.
Нұрлан Құралов, шаруашылық жетекшісі:
– Енді бұл айваның керемет қасиеті – ауруға өте төзімді және сақтауға өте қолайлы.
Оңтүстік Қазақстанда өсірілген жемістің алғашқы дәмін астаналықтар татады. Осындағы супермаркеттерге бежемен бірге алма, алмұрт, жүзім де келеді. Келісімдер алдын ала жасалынып қойған. Шаруашылық биыл 2 мың тонна экологиялық таза өнім жинады. Жартысын Ресейге сатыпты. Келер жылы бұдан да көп өнім алу көзделген. Көктем шыға 200 гектар алқапқа жаңғақ егіледі. Оны да тамшылатып суару арқылы баптайды.
Бирол Қарабулат, шаруашылықтың бас агрономы:
– Біздің өз тәлімбағымыз бар. Жаңғақ пен 15 түрлі алма сұрпын және жүзім өсіреміз. Біз оларды Еуропадан, Италия, Түркия, Голландия мемлекеттерінен әкелдік. Жергілікті табиғатқа жақсы үйренді. Жергілікті тұрғындар оны ықыласпен сатып алады.
Келешекте жемістерді өңдейтін цех ашу жоспарда бар. Оларды сақтау мәселесі де шешілген. 2 мың тонналық қойма салынды. Сондықтан жаңа өнімдер жыл бойы осында тұратын болады.
Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Наталья Цой, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов
Дереккөз: www.24.kz
Аталған аудан аймаққа ғана емес, бүкіл елімізге өзінің құнарлы бидайы және сапалы ұнымен танымал.
Өңірдің егіншілері осы жылы 430 мың гектарға жуық алқапқа бидай дәнін сіңіріп, әр гектардан орта есеппен 14 центнерден өнім алып отыр. Ал астықтың 75-80 пайызы 3 класқа жатады. Яғни өте сапалы. Кейбір шаруашылықтардың тіпті барлық өнімі жоғары сапалы болып шыққан. Сондықтан ауданның бидайы мен ұнына биыл сұраныс артып, оны өткізу еш қиындық тудырмайтынын айтады мамандар. Жалпы Ақмола облысының диқандары биыл қамбаға 5 млн тоннадан астам астық құйды.
Дмитрий Бондарь, шаруашылықтың бас агрономы:
– Біз биыл 37 мың тонна астық жинадық. Оның 30 мың тоннасын қоймаға өткізіп тастадық. Қалғанын да өткіземіз. Барлық бидай зертханада тексерілген. Сондықтан сапасында мін жоқ. Барлығы да сапалы.
Дереккөз: www.24.kz
Дереккөз: www.kz.energo.gov.kz
2017 жылдың 30 қыркүйек – 1 қазан аралығында Сочи қ. (Ресей Федерациясы) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) қатысушы мемлекеттердің қоршаған ортаны қорғау ведомстволары басшыларының кездесуі және ТМД қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің III отырысы өткізілді.
Қоршаған ортаны қорғау министрлерінің кездесуі шеңберінде 2030 жылға дейін тұрақты даму шеңберіндегі мәнмәтінінде сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi бар жануарларды, өсімдіктерді сақтау стратегиясын іске асыру тәжірибесімен және ТМД қатысушы мемлекеттердің қоршаған ортаны қорғау саласында одан әрі ынтымақтастықты нығайту туралы мәселелері талқыланды.
ТМД қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің III отырысы шеңберінде қоршаған ортаны қорғау ведомстволарының басшылары өз елдерінің биологиялық әртүрлігін, атмосфералық ауаны, жер қойнауын қорғау шеңберінде үздік тәжірибелер туралы айтып өтті. Сонымен бірге, Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің мүшелері «Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің жұмыс топтарының ережесі туралы», «ТМД қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесі жұмысының регламенті туралы», «ТМД қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің 2018-2019 жылдарына жұмысының жоспары туралы» шешімдерді қабылдады.
ТМД Атқару комитетінің өкілінің экология және қоршаған ортаны қорғау саласында шарттық-құқықтық базаны түгендеу туралы және кеңес секретариатының өкілінің «ТМД қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің қызметі туралы» «Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Достастықтың уставтық және басқа органдарындағы жанындағы өкілетті өкілдері кеңесінің шешімі туралы» есептері тыңдалды.
ТМД қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің регламентіне сәйкес кеңес мүшелері кеңестің төрағалығы туралы шешім қабылдады, және Қазақстан Республикасынан Ресей Федерациясына ауысты. ТМД қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің төрағалығына Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрі С.Е. Донской сайланды.
Сонымен қатар, Ресей Федерациясының табиғи ресурстар және экология министрі С.Е. Донскоймен және ҚР Энергетика вице-министрі Ғ. Қ. Сәдібековпен екіжақты кездесу өткізілді, кездесуде қоршаған ортаны қорғау саласындағы екіжақтық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, соның ішінде Жайық-Орал трансшекаралық өзенінің экожүйесін қорғау жөніндегі қазақстан-ресей комиссиясының жұмысы талқыланды.
Дереккөз: www.24.kz
Балық санын көбейту үшін уылдырықты бұрын Ресейден тасымалдайтын.
Шаруа бірнеше рет шет елдерден мамандар шақырып, балық өсірудің қыр-сырын меңгерген. Енді сол қыруар еңбектің арқасында өз өнімін ала бастады. Қарғалы ауданында орналасқан қожалық балық шаруашылығын 2006 жылы қолға алды. 19 жерден жасанды тоған қазып, Ресейден бекіретұқымдас балық түрлерін сатып әкелді. Аса бапты қажет ететін бағалы балықтарды күзде санап, қысқы тоғанға көшіреді. Сапалы уылдырық алу үшін дәрумен қосылған жем береді.
Биыл жазда жемге Каспий майшабағын қосқан. Нәтижесінде бекіре балығы 400 келіге дейін салмақ қосыпты. Бүгінде кәсіпкердің балалары мен немерелері де осы кәсіпке ден қойған. Отбасылық бизнесті дамытуға мемлекет тарапынан қолдау бар. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен шаруашылыққа кіреберіс жол салынып, тоғанға су айдайтын құбырлар жүргізілді. Шаруашылықта жергілікті 30 адам еңбек етіп жүр.
Момынжан Қали, фермер:
– Инкубациялық цех салып жатырмыз. Соны аяқтасақ, 8 келіге дейін өнім аламыз. Келесі жылдың жазында цехты кеңейтіп, қуаттылығын 25 келі өнім алуға жеткіземіз. Яғни 1 жылдан кейін қара уылдырық көлемі бірнеше есеге өседі. Ал 4 жылдан кейін 200 келіге дейін бекіре уылдырығын аламыз деген жоспар бар.
Дереккөз: www.24.kz
Ақмола облысының Ерейментау ауданына алғаш рет Башқұрстаннан 100-ден астам асылтұқымды Романов қойлары әкелінді.
Бұл тұқымның біздің ұсақ малдардан ерекшелігі ол жылына екі рет төлдейді. Ал бір төлдегенде 2-3, кейде 4-ке дейін қозылайды екен. Асылтұқымды қой шаруашылығын жас кәсіпкер Мұхтар Мәметов қолға алыпты. Мақсаты – ауданда ұсақ малдарды асылдандырып, олардың басын мейлінше көбейту. Қойлардың алды төлдеп те үлгерген. Ал шаруашылықтың мал бағу әдісі – баяғы шопандар секілді жайлауға үй тігіп, қойларды қысы-жазы жайылымда өрістету. Дегенмен заманауи технологияларды да ферма тиімді пайдаланып отыр. Мәселен, үй-жай мен қораға қажетті электр қуаты мұнда күннен алынады. Жалпы ауданда соңғы жылдары асылтұқымды мал шаруашылығы жақсы дамып келеді.
Мұхтар Мәметов, шаруашылық басшысы:
– Бүгінде біздің шаруашылықта 100 бас аналық қой, 5 бас қошқар бар. Біздің ең басты мақсатымыз – осы 2-3 жылда 5 мың басқа дейін көбейту. Асылтұқымды мал ұстағымыз келеді.
Абылай Иманжүсіпов, Ерейментау аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі:
– Бізде асылтұқымды қара малды көп шаруашылықтар ауданға әкеліп жатыр. Жуырда шаруа қожалығы Қойтас ауылынан 60 бас ақбас сиыр әкелді. Келесі жылы тағы 60 бас әкелеміз деп отыр. Ал қой басы бізде былтырғы жылға қарастырғанда 80 мың болса, қазір 100 мың боп тұр.