Ақпарат көзі – www.gov.kz
Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары мен оған жақын орналасқан елді мекендерді (Аршалы, Арнасай, Шөптікөл, Ижевский) сумен қамтамасыз ететін Астана су қоймасының сыйымдылығы – 410,90 млн текше метрді құрайды. Бұл туралы су қоймасын тілшілерге көрсеткен «Қазсушар» МКМ Ақмола облыстық филиалының директоры Уәли Дәлі айтты.
Оның сөзінше, су қоймасы 2021 жылдың көктемгі су тасқыны кезеңіне дайын. Дегенмен тиімді шараларды талап ететін мәселелер де бар.
«Есіл өзенінде орналасқан Астана су қоймасы 1970 жылы салынған. Су өткізу қуаты – секундына 1910 текше метр. Қазір 328 млн текше метр су жинадық, яғни 80%-ға толған. Пайдалануға берілгеніне 50 жыл болды десек, су қоймасы үшін бұл көп уақыт. Жібек жолы ауылы мен 42-разъезд аумағындағы Есіл өзені арнасының су өткізу қуаты едәуір төмендеп кетті. Бұған уақытша салынған құбырлы өткелдер мен судың балдырларға толып кетуі себеп. Сондықтан жергілікті атқарушы орган өзен арнасын тазалап, ауылдар айналасына бөгет салуы керек», – деді Уәли Дәлі.
Су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу үшін Қазсушардың Ақмола облыстық филиалы жыл сайын «Қазгидрометтің» берген мәліметтері бойынша Есіл бассейндік су инспекциясының бекітуімен қалаға су жіберудің болжамды кестесін жасайды.
«Ол Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен келісіледі. Сонымен бірге күн сайын су көлемін есептейміз. «Астана су арнасы» мекемесі Нұр-Сұлтан қаласы үшін жылына 80-90 млн млн текше метр көлемінде су алады. Ал Аршалы ауданындағы бірнеше ауылға айына 40 мың текше метр су беріледі. Сонымен бірге Елордадағы Есіл өзенінің деңгейін ұстап тұру үшін санитарлық су жібереміз», – деп түсіндірді филиал басшысы.
Айта кетейік, «Қазсушар» РКМ Ақмола облыстық филиалы балансында 7 су қоймасы бар. Олар – Астана, Есіл, Селеті, Чаглинское жән Подлесненское су қоймалары. Елорданы су тасқынынан қорғау үшін 2010 жылы қорғаныс бөгеті салынған.
Ақпарат көзі – www.gov.kz
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Ашық диалог» порталында «ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитетінің мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау» тақырыбы бойынша сауалнама жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Сауалнаманың аяқталу күні 2020 жылғы 13 қараша.
Сіз сауалнамаға төмендегі сілтеме бойынша қатыса аласыз:
https://dialog.egov.kz/surveycontroller/index#/view?id=1768
Источник – www.gov.kz
Қазақстанның тоғыз өңірінде 39 жаңа су қоймасын салу жоспарланған. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев «Қазақстанның су қауіпсіздігі: қазіргі заманғы сын-қатерлер мен оларды шешу перспективалары» тақырыбындағы Сенаттағы үкіметтік сағатта хабарлады.
«9 өңірде жалпы көлемі жылына 3,6 млрд. м3 болатын 39 жаңа су қоймасын салу жоспарланған. Оларды жүзеге асыру үшін 115 млрд.теңге қажет», – деді М. Мырзағалиев Үкімет сағатында.
31 су қоймасы іске асырылу сатысында, оның ішінде: 1-уінде құрылыс жүргізілуде (Кеңсай-Қосқорған), 28-і бойынша ТЭН әзірленуде, 3-уінде ЖСҚ әзірленуде (Қараөзек, Күміскеткен, Бузулук).
Су қоймаларын салу 70 елді мекен үшін су тасқыны құбылыстарының қаупін азайтуға; жаңа суармалы жерлерді – 394 мың га айналымға енгізуге; ауыл шаруашылығында 129 мыңнан астам жұмыс орнын құруға; трансшекаралық өзендердің су көлеміне тәуелділіктен арылуға мүмкіндік береді: 30%-ға дейін – Қырғызстаннан, 25%-ға дейін – Өзбекстаннан, 15%-ға дейін – Ресейден.
Ақпарат көзі – www.gov.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда қоқыс өңдеу зауыты қайта жаңартылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жайында қала басшысы Алтай Көлгінов мәлімет таратты.
«Қоқыс өңдеу кешенінің аумағына күніне 1 мың тоннаға дейін қоқыс, қалдықтар шығарылады. Сол жерде сұрыпталып, қайта өңделеді. Мемлекет басшысы экология мәселелеріне, атап айтқанда заңнамалық базаны қамтамасыз ету мен «waste to energy» технологиясын енгізу үшін қолайлы инвестициялық жағдай жасауға ерекше көңіл бөліп отыр» деп жазады әкім Instagram парақшасында.
Оның айтуынша, экология жағдайының нашарлауына жол бермей, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын көбейтпес үшін экология министрлігімен бірге бірқатар шаралар қабылданған.
«Бірінші. Қоқыс өңдеу зауытын қайта жаңартып жатырмыз. Жаңарған кәсіпорын қуатын жылына екі есе, яғни 250 мың тоннадан 450 мың тоннаға дейін арттырады. Қалдықтар жартылай автоматты түрде сұрыпталмақ.
Екінші. Полигон екі ұяшықтан тұрса, оның біреуі әбден толып қалған. Салаға жауапты органдармен бірлесіп полигонға рекультивация жүргіземіз.
Үшінші. Былтыр «Северная гряда» кенішіне рекультивация жүргізе отырып, құрылыс қалдықтарын қоймаға жинап, қайта өңдейтін алаң құрылысын бастадық. Бұл экология мен санитария-эпидемиология жағдайын айтарлықтай жақсартады.
Алаңда кірпіш, асфальт, бетон қалдықтары және басқа құрылыс қалдықтарын қайта өңдейтін ұсату кешенін орнату қарастырылған. Сонымен бірге, мысалы, құрылыс қалдықтарының 50% қиыршық тасқа, 10-15% арматураға өңдеуге болады.
Төртінші. Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жұмысын жалғастыра береміз. Ол үшін қалада контейнерлер орнатылды. ТҚҚ өңдеу деңгейі – 75%, қайталама шикізатты алу – 17% көрсеткішіне жетті. Бұл көрсеткіштерді жоспарлы түрде арттыру қажет. Құрамында сынабы бар шамдарды жинау үшін қала бойынша 530-дан астам арнайы контейнер орнатылды. Бүгінгі таңда 500 мыңнан астам шам жиналып, кәдеге жаратылды.
Пандемия басталғалы бері адам көп жиналатын жерлерде медициналық заттарды, маскаларды, қолғаптарды және басқаларды тастайтын арнайы контейнерлер орнатылды.
Бесінші. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 300-ге жуық полигон жойылды» делінген хабарламада.
Ақпарат көзі – www.gov.kz
2020 жылғы 4 қараша күні сағат 15.00-де Экологиялық реттеу мен бақылау комитетінің төрағасы З. Жолдасовтың Солтүстік Қазақстан облысы жұртшылығымен экологиялық мәселелерді шешу бойынша Жол картасын талқылауға арналған ZOOM-кездесуі өтеді. Тікелей эфир LIVE режимінде Facebook желісінде көрсетіледі. Қатысамын деушілер үшін тіркелу ашық. Ecogeomail@yandex.ru электрондық поштасы арқылы өтінімдер мен сауалдарды жолдауға болады.
Ақпарат көзі – www.gov.kz
Іле өзенінің дельта ауданындағы Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы және осыдан шығысқа қарайғы жер Тұран жолбарысы жерсіндірілетін аумақ ретінде таңдалып отыр. Бұл маңда жолбарыс мекен етуге жарайтын 1 млн гектар жер бар. Болжам бойынша, аумақта Каспий жолбарысының санын 100-ден 200-ге дейін жеткізуге болады.
Тұран жолбарыстары Таяу Шығыстың 13 елінде, Кавказда, Орталық Азияда Түркиядан Қытайдың солтүстік-батысына дейінгі жерде мекендеген.
Ғалымдардың пікірінше, Тұран жолбарыстарының жоғалып кетуінің негізгі себебі мақсатты түрде ату, жолбарыстың негізгі қорегі – тұяқты жануарларға бақылаусыз аңшылық пен ирригациялық жобалар әсерінен мекен ету ортасының бүлінуі.
Экология, геология және табиғи ресурстары министрлігі Балқаш маңындағы жолбарыстарын қалпына келтірудің 15 жылға арналған бағдарламасын жасады. Ол аңның мекен ету ортасын дайындау, жолбарысты табиғатқа жіберу және бағдарламаның жүзеге асуын бақылау шараларын қамтиды.
2018 жылы «Іле-Балқаш» резерваты құрылды. Аумақты браконьерлерден қорғау, заңсыз табиғат пайдалану жұмыстарына жол бермеу шаралары жүзеге асырылуда. Сонымен бірге биотехеникалық шаралар арқылы қабандарды көбейту, бұқар бұғыларының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Осы аталғандардан кейін экожүйе жолбарыс популяциясын ұстап тұруға қабілетті болады. Реинтродукция үшін амур жолбарыстары әкелінеді.
Айта кетейік, 2010 жылы Қазақстан халықаралық жолбарыс саммитінде Орталық Азияға Тұран жолбарыстарын қайтаруға дайын екенін мәлімдеді. Ал 2017 жылы Қазақстан мен Бүкіләлемдік жабайы табиғат қоры (WWF) Оңтүстік Балқаш маңы мен Іленің Дельта ауданында жолбарыстың реинстродукциясы Бағдарламасын жүзеге асыру туралы Меморандумға қол қойылды.
Ақпарат көзі – www.inform.kz
Балқаш. ҚазАқпарат-Қарағанды облысында жаңартылатын энергия көздері нысандарының құрылысы белсенді жүріп жатыр. Өңірде қуаттылығы 200 МВт болатын төрт күн электр станциясы іске қосылды. Олар Саран, Жезқазған, Балқаш және Ақадыр кентінің маңында орнатылды, деп хабарлайды “ҚазАқпарат”ХАА тілшісі.
Бұдан басқа, облыста биогаз станциялары мен шағын су электр станциясы жұмыс істейді. 2019 жылдың қорытындысы бойынша барлық жаңартылатын энергия көздері бойынша жалпы өнім 176 млн кВт/сағ, ал биылғы жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша 54 млн кВт/сағ құрады.
Бүгінгі күні облыс әкімдігі “KAZ GREEN ENERGY” ЖШС-мен бірлесіп, Балқаштағы Қоңырат шағын ауданына жақын жерде қуаты 100 МВт күн электр станциясын салудың тағы бір жобасын іске асыруда. Күн электр станциясының аумағы 140 га құрайды, Станция 192 350 екі жақты фотоэлектрлік панельдерден тұрады. Әрбір қуаты 520 Вт. Бұл күн электр станциясы жылына 170 млн кВт электр энергиясын өндіреді деп жоспарлануда. Іске қосудың бірінші кезеңінің аяқталу күні (50 МВт) – 2021 жылғы тамыз. Келесі кезең (50 МВт) 2021 жылдың желтоқсанына жоспарланған.
“Электр қуаты “Қоңырат”шағын станциясына беріледі. Оның негізгі тұтынушысы – “Қазақмыс” тобы. Құрылыс кезінде қолданылатын барлық металл конструкциялар Қазақстанда жасалған. 25-30-ға жуық адамды жұмыспен қамтимыз. Осы күн электр станциясының іске қосылуының арқасында көмірқышқыл газының шығарылуы жылына 170 мың тоннаға азаяды. Жоба шамамен 7-8 жылдан кейін өзін – өзі ақтайды”, – деп атап өтті Жоба жетекшісі, “KAZ GREEN ENERGY” ЖШС өкілі Ертай Әлжанов.
Ақпарат көзі – www.gov.kz
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мемлекеттік қызметтерін 100%-ға электронды форматқа көшіруді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп қамтамасыз етті. Мемлекеттік қызметтердің жаңартылған реестріне сәйкес Министрлікке 42 қызмет бекітілген. Оның бәрі автоматтандырылды.
Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр бұл көрсеткіш 87,23% болса, 2020 жылдың басында 90,7%-ды құрады. Өткен жылы мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшірудің 2019 жылға арналған жоспарына сәйкес 10 қызмет, 2020 жылдың алғашқы жартысында 2 қызмет автоматтандырылды.
Атап өтейік, мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру процестің тыңғылықты техникалық дайындығының арқасында жүзеге асты.
Осылайша, ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен бірлескен жұмыстың арқасында қазір Министрлікте барлық мемлекеттік қызметті электронды форматта алуға болады.
Айта кетейік, Министрлік қызметтерді автоматтандырып қана қоймай, олардың бәрін тек электронды формада ұсынуға ұмтылады. Егер 2019 жылы 28 қызмет электронды формада ғана көрсетілсе, қазір қызметтердің 88%-ы (37 қызмет) электронды формада, яғни қағаз түріндегі баламасыз ұсынылады.
Енді Министрлік мемлекеттік қызметтерді дамыту үшін бизнес-процесстерді оңтайландыру және биометрикалық аутентификация технологиясын енгізуді қолға алады.
Ақпарат көзі – www.inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – UNESCO-ның Қазақстандағы «Адам және биосфера» бағдарламасының ұлттық резерваттар желісі екі жаңа резерватпен толықты, деп хабарлайы ҚазАқпарат тілшісі.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, UNESCO-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының (МАВ) Халықаралық үйлестіру кеңесінің 32-ші сессиясының отырысы 2020 жылдың 27 және 28 қазанында виртуалды форматта өтті.
Кездесуді өткізудің таңдалған форматы COVID-19 пандемиясына байланысты және кездесуге қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түрлі елдерден таңдалды.
Сессияға Қазақстан атынан UNESCO-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының Қазақстандық ұлттық комитетінің (МАВ) мүшелері Роман Ященко мен Виктория Ильина, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Француз Республикасындағы Елшілігінің қызметкері Әлия Байсабаева қатысты.
«Аталмыш бағдарламаның Қазақстандық ұлттық комитеті карантин режиміне байланысты барлық қиындыққа қарамастан, UNESCO-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне қосу үшін 2 номинациялық дерекнама дайындады. Комитет мүшелері Алматы және Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорықтары әкімшілігі қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында Қазақстандағы UNESCO-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының биосфералық резерваттарының ұлттық желісі екі жаңа биосфералық резерватпен толықтырылды», делінген хабарламада.
Халықаралық деңгейде арнайы сараптамалық кеңес қазақстандық комитет ұсынған құжаттаманың «Адам және биосфера» бағдарламасының талаптарына сәйкестігіне баға беріп, UNESCO-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісінің биосфералық резерваттары ретінде Алматы және Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорықтарын мақұлдау мүмкіндігі туралы шешім қабылдады.
«Бүгінгі таңда UNESCO-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының биосфералық резерваттарының Қазақстандағы ұлттық желісінде 12 резерват тіркелген. Бұл Орталық Азияның басқа елдеріндегі биосфералық резерваттар санынан едәуір асып түседі. Осыншама биосфералық резерваттың танылуы Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтау мәселелеріне әлемдік қоғамдастықтың назарын аударатынын және оны болашақ ұрпақ үшін сақтауға ұмтылатынын айғақтайды», делінген хабарламада.
Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне әртүрлі елдердің аумағында орналасқан 24 биосфералық резерват қосылды. Соның бірі трансшекаралық қорық. Қазір Дүниежүзілік резерваттар желісіне әлемнің 129 елінің аумағында орналасқан 714 резерват кіреді.
UNESCO бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін ұлттық комитеттің қызметі туралы толығырақ мекеменің сайтынан білуге болады.
Ақпарат көзі – www.gov.kz
Халықты және экономика салаларын сумен қамту, ластануың алдын алу, трансшекаралық өзендер суының таусылуы және тағы басқа мәселелер Новосибирск қаласында өткен Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей Бірлескен комиссиясының отырысында талқыланды.
Кездесуге тараптардың тең төрағалары Қазақстан Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев пен Ресей Федерациясы Су ресурстары Агенттігі басшысының орынбасары Вадим Никаноров қатысты. Сонымен қатар жиында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының министрліктері, су шаруашылығы мекемелер, гидрометеорологиялық қызметі, жергілікті атқарушы органдардың және басқа да ұйымдарының өкілдері болды.
Айта кетейік, Бірлескен комиссия жұмысы Тараптардың тең төрағалығымен жүзеге асырылады.
Жиналыста екі ел арасындағы трансшекаралық өзендердің барлық бассейндері бойынша жұмыс топтары жетекшілерінің баяндамалары тыңдалды. Тараптар биылғы көктемгі су тасқыны туралы, су қоймаларын толтыру және халық пен экономика салаларын сумен қамтамасыз ету жағдайлары, су ресурстарының ластануы мен сарқылуын болдырмау туралы ақпарат алмасты. Жайық өзенінің экологиялық жағдайы және гидрологиялық режимін жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кездесу қорытындысында Жайық, Ертіс және басқа ірі өзендер бассейндеріндегі зерттеулер жүргізуге ынтымақтастықты арттыру үшін Бірыңғай жол картасы бекітітілді.
Еске салайық, Қазақстан мен Ресей әлемдегі ең ұзын ортақ құрлықтағы шекара арқылы ғана емес, Ертіс, Есіл, Тобыл, Жайық, Қараөзен және Сарыөзен, Қиғаш секілді ортақ трансшекаралық өзендер арқылы да байланысады.
Қос мемлекет арасындағы су қатынастары Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 2010 жылғы 7 қыркүйектегі трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісім негізінде реттеледі. Осы Келісімге сәйкес трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей Бірлескен комиссиясы және Ертіс, Есіл, Тобыл, Жайық, Қараөзен және Сарыөзен, Қигаш өзендерінің бассейндері бойынша 6 жұмыс тобы жұмыс істейді.