red_hot_chili_peppers_be_admin | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Алматыда сексеуілді қорғауға шақыратын «4 тонна құм» арт-қондырғысы пайда болды

Дереккөз: inform.kz

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматының Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысындағы саябақта «4 тонна құм» арт-инталляциясы пайда болды.

Бұл – қазақстандықтарды өсімдіктер әлеміне, соның ішінде бірегей ағаш – сексеуілді сақтауға шақырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«4 тонна құм» арт-жобасы экологиялық мәдениет деңгейін арттыруға, өсімдіктердің бірегей түрлеріне қамқорлық танытуға бағытталған. Сондай-ақ, сексеуілді сақтаудың маңыздылығын ұғындыруға және оны отын ретінде пайдаланудан бас тартуға шақырады.

Бұл композицияда 4-тонна құмға батқан тұрғын үй бейнеленген (құм Балқаштың шөлді аймағындағы Бақбақты ауылынан жеткізілген). Инсталляция адамдардың табиғат күшінің алдында дәрменсіз екенін көрсетеді.

Дәл мұнша көлемдегі құмды әкелудің өзіндік символикалық астары бар. Себебі, бір сексеуіл ағаштың тамыры 4 тонна құмды ұстап тұра алады. Сексеуілдің тамырын шабу шөл даланың ұлғайуына алып келеді. Оның ұстап тұрушы тамырынан ажыраған құмдар көшіп, үйінділерге айналады.

«Құммен көмкерілген үй – бұл біздің ауылдың көрінісі. Бұл дәл жанымызда болып жатқан нәрсе. Алматы қаласынан 160 шақырым жерде сексеуілді шабудың салдарынан құм Бақбақты ауылына көшіп жатыр. Осындай инсталляция арқылы біз көрнекі түрде сексеуілді шабудың нәтижесінде шөлейттенудің қандай салдары болатынын көрсеткіміз келді», – дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев.

Қазақстан аумағының 4,74% ғана орман алқаптары, оның ішіндегі барлық орман қорының жартысына жуығы сексеуілден құралады. Өкінішке орай, қолданыстағы заңнамалық тыйымға қарамастан, қазақ даласының символы – сексеуіл жылыту және тағам (кәуап) дайындау үшін отын ретінде кесіліп жатыр. Сексеуілді сату тас жолдардың бойында, жарнама сайттарында іске асырылуда.

Қазақстандағы БҰҰ-ның даму бағдарламасы мемлекеттік серіктестермен бірлесе отырып, аса маңызды экологиялық міндеттерді шешуге бағытталған бірқатар жобаларды іске асыруда.

Сексеуілдің азайуына ықпал етуші факторларға, заңсыз шабудан бөлек, шектен тыс мал жаюды, климаттың өзгеруінің нәтижесінде туындайтын аурулар мен зиянкестерді жатқызуға болады. Осынау экологиялық проблеманы шешу жолдарының бірі ретінде сексеуілді қорғау бойынша шараларды күшейту, сексеуілді шабуға байланысты мораторийді ұзарту, орман тәлімбақтарын дамыту, сексеуілдерді зиянкестерден қорғау үшін жаңа биопрепараттарды қолдану және т.б. іске асыру қажет.

Қазақстанда жаңа экологиялық партия құрылады

Дереккөз: inform.kz

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстанда «Табиғат» жаңа экологиялық партиясы құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихаты барысында белгілі эколог Мэлс Елеусізов айтты.

М.Елеусізов басқаратын «Табиғат» экологиялық одағының құрылғанына биыл 30 жыл болған.

«Мемлекет пен партия үшін басты құндылық – адам. Адам тек жайлы ортада ғана өзін бақытты, күшті, бақуатты сезінеді. Су, экологиялық таза тағам, әлеуметтік климат – барлығы қоршаған орта. Біздің партиямыздың басқаларынан айырмашылығы неде? Біздің мүддеміз ең басты құндылық – адаммен байланысты. Біздің мақсатымыз – адамға жайлы орта қалыптастыру. Парламентте қоршаған ортаның тазалығын қорғайтын бір де бір құрылым жоқ. Адамның бір күндік қажеттілігін ойламай, оның болашағын, келешегін ойлаған мемлекетке де пайдалы болмақ», – деді Мэлс Елеусізов.

«Табиғат» экологиялық одағының басшысы сыбайлас жемқорлық пен браконьерлікпен күрес – экологиялық одақтар мен бірлестіктердің бірінші кезектегі міндеті болатынын айтты.

«Адамдар баю мақсатында қоршаған ортаға нұқсан келтірсе оған қарсы күресті қатайтқан абзал», – деді Мэлс Елеусізов.

Ақтөбеде бекіре тұқымдас балықтың әрбіріне «төлқұжат берілді»

Дереккөз: 24.kz

АҚТӨБЕ БЕКІРЕ ТҰҚЫМДАС БАЛЫҚ ҚҰЖАТ СОНДАЙ-АҚ… Ақтөбедегі автобустардан көптеген олқылық табылды Ақтөбеде полицейлер білім ордалары маңында кезекшілікке шықты Ақтөбелік тұрғын АӘК-ті екі жерден алып отырған Ақтөбелік студенттердің білімді шетте шыңдау мүмкіндігі бар Ақтөбеде жылу құны арзандайды Ақтөбеде бекіре тұқымдас балықтың әрбіріне «төлқұжат берілді» 14:09, 08.10.2019 84 UPD: 15:55, 08.10.2019 Ақтөбеде бекіре тұқымдас балықтар есепке алынып, әрбіреуіне құжат бекітілуде. Өңірде балықтың бұл түрін өсірумен шұғылданып отырған жалғыз шаруа қожалығы бар. Бұл нарыққа заңсыз жолмен жеткен уылдырықты анықтау үшін жасалған шара.

Балықтардың салмағы мен ұзындығын өлшеп, генетикалық ерекшелігін анықтауға сынама алынады. Содан кейін бекіренің әрбіреуіне төлқұжат даярланады. Бұл болашақта саудаға шығарылатын уылдырықтың заңды түрде әрі дені сау аналықтан алынғандығын дәлелдеу үшін жасалған шара. Мамандар электрондық чип орнатып ғана қоймай, әрбір жануардың жай-күйін да бақылауы тиіс.

Зәмира Болатбекова, балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығының кіші ғылыми қызметкері:

– Бұл құнды балықтардың шыққан тегін анықтау үшін, уылдырықтың нарыққа заңды жолмен жетуіне жағдай жасау үшін керек. Сондай-ақ браконьерлермен күрестің бір әдісі. Және еліміздегі әрбір балық шаруашылығының өзен-көлдерді шабақтандыруға қосқан үлесін бақылай аламыз.

Құрылғанын 15 жылға таяп қалған шаруашылықта уылдырық көлемі өндірістік деңгейге жете қоймаған. Тек келер жылы ғана сібір бекіресінен берекелі өнім алуды көздеп отыр. Сондықтан генетикалық құжатты осы бастан  даярлайды.

Момынжан Қали, шаруа қожалығының өкілі:

– Біз бекіре балығын 100 тоннаға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Оның ішінде сібір және орыс бекіресі, сүйрік, ақсерке, ескектұмсық және будан балық тұқымдары бар. Ал,  уылдырық көлемі алдағы 5-10 жыл ішінде ғана 1 тоннаға жақындауы тиіс.

Бұл жолы 300 бекіреге жеке құжат даярланып, электрондық анықтама беріледі. Генетикалық құжат бекіту болашақта еліміздегі барлық шаруа қожалықтарына міндеттелуі мүмкін. Сонда ғана ауын асынып, өзен-көлдерден балық торуылдайтын қылмыскерлердің саудаға шығарар жолы тарылатын болады.

Заңсыз қоқыс тастайтындарға айыппұлды көбейту қажет – Тоқаев

Дереккөз: inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың төңірегіне заңсыз қоқыс тастайтындарға салынатын айыппұлды көтеру қажет. Бұл туралы елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордадағы күрделі проблемалардың бірі қоқыстарды жинаудың заңсыз орындары болып отыр. Өте маңызды мәселе. Елорданың төңірегі немесе Ақмола облысының таяу жатқан аумағы құрылыс қоқыстарын жинаудың негізгі орнына айналған», – деді Мемлекет басшысы.

Осыған орай, ҚР Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.

«Орын алып отырған жайтқа байланысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қоқыстарды заңсыз жинағаны үшін жазаның әкімшілік шараларын қатаңдату бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын. Бұл ретте азаматтарымыздың да тұрмыстық мәдениеті болуы тиіс. Тұрмыста, пәтерде, подъезде өздерін дұрыс ұстамайды. Олар астаналық сияқты емес, қалалық өркениетке ешқандай қатысы жоқ адамдар сияқты. Осыған орай, түсіндіру жұмыстары болуы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдікке қарата айтқан сөзінде.

Президент құрылыс қалдықтарын жинап, қайда өңдейтін нысанның құрылысын қамтамасыз етуді тапсырды.

Экологиялық сенбілік: Көкшетауда 232,5 текше метр қоқыс жиналды

Дереккөз: inform.kz

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Экологиялық айлық шеңберінде Көкшетау қаласының аумағын абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша экологиялық сенбілік өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенбілікке жергілікті кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер, коммуналдық кәсіпорындар, ПИК және басқа да бюджетті ұйымдар мен жоғары, орта білім ордаларының студенттері және қала тұрғындары жұмылдырылды.

Сондай-ақ, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев та қолына жұмыс қолғабын киіп, қаланы қоқыстан тазарту жұмыстарына қатысты.

Қала әкімдігінің ақпаратына сәйкес, сенбілікте облыс орталығындағы гүлбақша мен гүлзарларды тазалаумен қатар, құл-қоқыстар мен басқа да тұрмыстық қалдықтардан тазарту, көшеттердің түбі мен көше жиектастарын ақтау сияқты жұмыстар істелді.

Сенбілікте жиналған 232,5 текше метр қоқыс 19 арнайы көлікпен қала сыртындағы қатты-тұрмыстық қалдықтарды төгетін полигонға тасымалданды.

Көкшетауда қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу полигоны салынады

Бірақ өкілетті орган өкілдері оның қашан пайдалануға берілетінін дөп басып айта алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24». Қамбар Бекенов, тілші: -Қазіргі таңда қала тұрғындары тастаған қоқыс облыс орталығындағы жалғыз алаңда залалсыздандырылады. Дегенмен, оның да қауқары шектеулі. Табиғат қорғаушылардың айтуынша таяу уақытта жаңа полигонның құрылысы басталмаса, экологиялық мәселе туындауы мүмкін. Мына шағын тұрмыстық қатты қалдық жою алаңы Көкшетауға өте жақын орналасқан. Ескі полигон екі жыл бұрын жұмысын тоқтатқандықтан, бар салмақ осыған түседі. Мұнда күнделікті 150 тонна қоқыс төгіледі екен. Анатолий Черняев, кәсіпорын директорының орынбасары: – Тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдау үшін таразы, кеңселік вагондар қойылып, сұрыптау желісі жұмыс істейді. Полигонда техника да жеткілікті. Соның бірі – жүк тиегіштер тәулік бойы тоқтамайды. Жеке кәсіпорын биыл сұрыптау желісін іске қосты. Қондырғы тәулігіне 2 тоннадай қоқысты өңдеуден өткізеді. Дегенмен, Анатолий Черняев қалаға типтік жобадағы кешен керектігін айтады. Жаңа полигон қоқысты көп көлемде қабылдап, тұрғындарды жағымсыз иістен құтқарады. Анатолий Черняев, кәсіпорын директорының орынбасары: – Әрине, біз әзірге қазір түсіп жатқан қоқыс көлемін қабылдап отырмыз. Тұрғындар өте жақын орналасқаны қынжылтады. Біз қолайсыздық тудырып отырғанымызды жақсы түсінеміз. Қоршаған ортаны ластауды барынша азайтуға тырысудамыз. Бірақ әзірге басқа таңдау болмай тұр. Экологтардың айтуынша, полигонның жобалық қуаттылығы келесі жылға дейін ғана есептелген. Сондықтан қалаға жаңа қоқыс алаңы өте қажет. «Мамандандырылған қалдық өңдеу нысаны салынбаса, табиғатқа тигізер залалы ауыр болмақ», – дейді мамандар. Болат Биғараев, облыстық экология департаменті басшысының орынбасары: – Біз бұл мәселені бірнеше мәрте көтердік. Облыс орталығы мен маңайындағы ауылдардың қоқысын тастайтын ірі полигон салынбаса санитарлық қауіпсіздік, экологиялық мәселелер ашық күйінде қалады. Тіпті қала қоқысқа көміліп қалуы да ғажап емес. Қазіргі таңда жаңа полигон салу жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Бірақ құрылыстың нақты уақыты белгісіз қалып отыр. Авторлары: Қамбар Бекенов, Азамат Казжанов, Евгений Шинкаренко

Дереккөз: 24.kz

Асқар Мамин бастаған акция аясында 1 млн астам көшет отырғызылады

Дереккөз: www.inform.kz

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Үкімет басшысы Асқар Мамин мен Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев республикалық ағаш отырғызу акциясын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрлікке сілтеме жасап.

Премьер-министр Асқар Мамин сəрсенбідегі Түркістан облысына жұмыс сапары барысында республикалық ағаш отырғызу акциясын бастады. Премьер-министр мен Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Түркістан қаласындағы аллеялардың біріне ағаш отырғызды. «Осылайша, сəрсенбіде басталған республикалық акция ертең, 3 қазанда еліміздің барлық мектептерінде, содан соң, бүкіл республикада жалғасады. Экология министрлігі басшысы бұдан бұрын хабарлағандай, бұл акция шеңберінде Қазақстанда 1 млн-дай ағаш егіледі» делінген хабарламада. Бейсенбіде Қазақстанның барлық мектебінде министрлер кабинетінің мүшелері мен əкімдер қатысатын экологиялық сағат өтеді. Содан кейін 200 мыңнан аса ағаш көшеті отырғызылады.

 

 

Теңіз деңгейі XX ғасырға қарағанда 2,5 есе тез көтеріліп келеді – БҰҰ

Дереккөз: www.inform.kz

ОСЛО. ҚазАқпарат – БҰҰ-ның мұздардың еруі бойынша жасаған есебіне сәйкес, 2005 жылдан бері теңіз деңгейі XX ғасырға қарағанда 2,5 есе тез көтеріліп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Климат бойынша БҰҰ сарапшылар тобы егер көмірқышқыл газы осы деңгейде (CO2) шығарылатын болса, мұздың еруі 2100 жылға қарай төрт есе артатынын ескертті. Олардың пікірінше, егер ғаламшарымыз жаһандық жылыну деңгейін индустрияға дейінгі деңгейден 2 градусқа жоғары ұстап тұрса, бұл өсу көрсеткішін тұрақтандыруы мүмкін. Жалпы, БҰҰ арнайы баяндамасына сәйкес, теңіз деңгейі соңғы 200 жылда 1 метрге көтерілген.

Сауда Желілері Одағы тегін пакеттерден бас тартады

Дереккөз:www.inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сауда Желілері Одағы Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің полиэтиленді пакеттерді біртіндеп қысқарту туралы бастамасын қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бірінші кезекте, Сауда Желілері Одағына кіретін компаниялардың барлық дүкендері полиэтиленді пакеттерді тегін таратудан бас тартып, тек ақылы түрде сататын болады. Баға саясаты және бастаманы жүзеге асыру мерзімін әр компания өздігінше шешеді. Сауда Желілері Одағы өз сатып алушыларына пластик пакеттерге балама түрлерін ұсынуға дайын. Сауда Желілері Одағының кейбір компания-мүшелері, мысалға алсақ, «Technodom Operator» және «ВкусМарт» қазіргі кезде пластик пакеттерді тек ақылы түрде сатады. «КеңМарт» және Magnum компаниялары өз сатып алушыларына балама түрде биоыдырайтын пакеттерді ұсынуда, жуық арада осындай пакеттер «ВкусМарт» компания дүкендерінің сөрелерінде қолжетімді болады. МЕТРО компаниясы ашылған сәттен бастап өз кассаларында тек қана биоыдырайтын пакеттерді сатуда. «КеңМарт», «METPO Кэш энд Керри» қазіргі таңда саудаға арналған көп реттік сөмкелерді ұсынуда, жақын арада «ВкусМарт» және «Magnum Сash&Сarry» (сонымен қоса Magnum қағаз крафтік пакеттерді сатылымға ұсынбақ) желілерінде сатылымға шығарылады. Бұдан басқа, Magnum компаниясы полиэтиленді пакеттердің сатылымынан түскен барлық қаражатты қайырымдылық қорына жұмсайтын болады. Ал, «МЕТРО Кэш энд Керри» компаниясы 5 жылдан бері полиэтиленді пакеттерді сатудан түскен қаражатты қайырымдылыққа жұмсап отыр. Еске саламыз, 2019 жылдың 20 қыркүйегінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Қазақстанның Экологиялық Ұйымдар Қауымдастығы» полиэтиленді пакеттерді қолданыстан біртіндеп шығару турады меморандумға қол қойды. Меморандум бойынша, полиэтиленді пакеттерді қолданыстан шығару мақсатында тегін таратудан бас тарту көзделуде. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің хабарлауынша, Қазақстанда жыл сайын 5 миллион тоннадан астам пайда болатын қатты тұрмыстық қалдықтардың кем дегенде 11-15% пластмасса, оның ішінде полиэтиленді пакеттер құрайды. Оларды тегін таратудан бас тарту пластик пакеттерді қолдануды кем дегенде 30% азайтады. «Сауда Желілері Одағы» заңды тұлғалар бірлестігіне «Mon Amie», «ВкусМарт», «Technodom Operator», «Magnum Сash&Сarry», «КеңМарт», «METPO Кэш энд Керри» және басқа компаниялары кіреді. Сауда Желілері Одағының басты мақсаты адал бәсекелестікке жағдай жасау, Қазақстан Республикасының сауда нарығының инфрақұрылымын дамыту, бөлшек сауда саласында озық технологиялар мен қызмет стандарттарын енгізуге ықпал ету болып табылады.

«Жасыл» экономика ұлттық мәдениеттің бөлшегіне айналуы тиіс – Әсет Исекешев

Дереккөз:www.inform.kz

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Жасыл» экономика ұлттық мәдениеттің бөлшегіне айналуы тиіс. Бұл туралы елордада өтіп жатқан Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі ІІІ саммитте ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Адамдардың көпшілігінде жасыл экономика түсінігі – бұл күн және жел электр стансасы. Дегенмен, бұл олай емес. Жасыл экономика – бұл дамудың басқа сатысы, басқа өмір салты. Бұл – жасыл экологиялық көлік, су, жылу, электр энергиясын пайдалауды дұрыстап үнемдеу, құрылыста жаңа әдістер енгізу, қоқысты кәдеге жарату үшін жинауға дұрыс қарау, қалаларда, саябақтар мен гүлзарларда жасыл атмосфере қалыптастырудың жаңа әдістері, жасыл ауыл шаруашылығы. Мұның барлығы да ең алдымен біздің табиғатымыз бен экологиямызға зор әсерін тигізеді, одан кейін нақты ресрустармен қатар қаржылық ресрустарды да барынша үнемдейді», – деді Әсет Исекешев. Оның атап өтуінше, еліміздің бірқатар өңірлерінде мұндай жүйелі жобалар жүзеге асырыла бастаған. Қазірдің өзінде олар қаржы үнемдеуге септігін тигізіп отыр. Мәселен, елордада жаңа энергия үнемді материалдарды, құрылысты жобалау барысында модельдеудің ақпараттық жүйесін қолдану арқылы тұрғын үй салудың жаңа әдістері құрылыс саласына енгізу бойынша жоба қолға алынған. «Климаты суық өңірлеріміз үшін бұл өте маңызды. Себебі күрделі нысандарды бір құрылыс маусымында салып шығуға мүміндік береді. Бұл қомақты қаражат. Сонымен қатар құрылыс барысында ғана емес ғимаратты басқару да мұның маңызы жоғары. Мәселен, Ұлыбританияда енгізілген бұл принцип энергия тұтынуды 25 пайызға, суды 30 пайызға, мұндай ғимаратты күтіп ұстау шығындарын 30 пайызға қысқартуға мүмкіндік берген. Осыдан-ақ қанша қаражат үнемдеуге болатындығын ойлаңыздар», – деді қор басшысы. Сонымен қатар ол елордада 2018 жылдан бастап қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинау бойынша жоба қолға алынғанын, жиналған қоқысты кәдеге жарататын кәсіпорынның іске қосылғанын айтты. «Ең алдымен балалар мен жастарда «жасыл» менталитет, ойлау мәдениетін қалыптастыру өте маңызды. Мұнымен мақсатты түрде айналысу қажет және бұл ұлттық мәдениеттің бөлігіне айналуы тиіс», – деді Әсет Исекешев.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика