Дерек көз –gov.kz
Бүгін «Қоршаған ортаны қорғау күні» мен Экологтар күні аясында республика бойынша «Бірге – таза Қазақстан» акциясы өтті. Оған 120 мыңға жуық ерікті, экологтар мен түрлі сала мамандары қатысты. Сенбілікте ҚР Экологи, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бұл күннің маңыздылығына тоқталып, сала мамандарын, экоеріктілерді кәсіби мерекемен құттықтады.
«Бұл акция мемлекет ұсынған ауқымды бастамалардың бірі болып саналады, өйткені ол тек мемлекеттік орган қызметшілері тарапынан ғана емес, халық тарапынан да қолдау тапты. Сенбілікке негізінен тазартуды қажет ететін аумақтар таңдап алынды. Қоршаған ортаға арнап жатқан қызметімізден кейін, аумақ таза, ұқыпты болады деген сенімдеміз»,- деді Мағзұм Мырзағалиев.
Экология министрінің орынбасары Ахметжан Пірімқұлов жыл сайын сенбілікке шығатын халықтың саны артып келе жатқанын айтты. Жастардың да үлесі жоғары. Сондай-ақ ол экологтарды мерекемен құттықтап, бұл мамандықтың мемлекет үшін үлкен маңызға ие екендігін жеткізді.
«Бұл акция халықтың осындай проблемаларға көңіл аударуы үшін керек деп санаймыз. Акция бүкіл республика бойынша өтіп жатыр. Барша қатысушыларға алғыс білдіремін. Сондай-ақ бүкіл қазақстандықтарды, экологтарды кәсіби мерекесімен құттықтаймын»,- деді вице-министр.
Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күнінің биылғы тақырыбы – «Қайта ойлану. Қайта құру. Қалпына келтіру». Осы күні экологиялық проблемаларға әлем назарын аудару үшін түрлі шаралар ұйымдастырылады. «Бірге таза Қазақстан» тазалық акциясы Қазақстанда халықты айналаға ұқыпты қарауға шақыратын дәстүрге айналып келеді.
Ал 5 маусым Қазақстанда Экологтар күні болып 2011 жылы белгіленді.
Дерек көз – gov.kz
Бүгін – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күннің маңыздылығы туралы өз Twitter парақшасында жазды.
«Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылды экология жүйесін қалпына келтіруге арнамақ. Қазақстан табиғатты қорғауға баса мән береді. Біз «жасыл бастамаларды» жүзеге асырып, нақты нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенемін»,- деп жазды Президент.
ҚР Экологи, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев саладағы мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Бүгін сонымен бірге Қазақстанның экологтарының кәсіби мерекесі. Аса актуалды, күрделі салада еңбек етіп жатқан әріптестерді, ардагерлерді мерекемен құттықтап, істеріне табыс, денсаулық тілеймін. Осы күні экологиялық проблемаларға әлем назарын аудару үшін түрлі шаралар ұйымдастырылады. Біз «Бірге таза Қазақстан» тазалық акциясын дәстүрге айналдырдық»,- деп жазды министр Twitter парақшасында.
Айта кетейік, Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күнінің биылғы тақырыбы – «Қайта ойлану. Қайта құру. Қалпына келтіру».
«Барша отандастарды «қайта ойланып», табиғат байлықтарын үнемді пайдалануға, жануарлар мен өсімдіктерге жанашырлық танытуға, айналаны таза ұстап, экологиялық өмір салтына ұстануға шақырамын»,- деді Мағзұм Мырзағалиев.
Дерек көз – gov.kz
Елордадағы «Керуен» сауда ойын-сауық орталығы «galmart» супермаркетінде «Fandobox ecoplatform» автоматы пайда болды. Тұрғындар мен келушілер автоматқа бос бөтелкені салып, оларға екінші өмір сыйлай алады. Жиналған пластика және қаңылтыр бөтелкелер қайта өңделеді. Ашылау салтанаты «Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күніне» орайластырылған. Оған ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалив та қатысты.
«Фандоматтың пайда болуы экология, қоғам үшін үлкен маңызға ие. Сондықтан «Ecoplatform» компаниясы, «galmart» супермаркетіне ризашылығымды білдіремін. Бұл елордадағы алғашқы фандомат болғанымен, алдағы уақытта саны еселеп артатын болады. Тек үлкен дүкендерде ғана емес, сыртқы алаңдарда да пайда болады, – деді Мағзұм Мырзағалиев.
Дерек көз – gov.kz
5 маусым қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі еліміздің студенттерімен, магистранттарымен кездесті. «Жастар және Қазақстанның тұрақты дамуы» атты дөңгелек үстелде жас экологтармен табиғат байлықтарын ұқыпты пайдалану, жаңа экологиялық сана қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Жас ғалымдар өздерінің қалдықтарды өңдеу, суды үнемдеу, орман алқаптарын ұлғайту, пластик өнімдерінен бас тарту, тағы да басқа бағыттардағы экологиялық жобаларымен, жасаған зертханалық тәжірибелерімен бөлісті.
«Жыл сайын Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күнінің тақырыбы мен ұраны анықталады. Биылғы тақырып – «Қайта ойлану. Қайта құру. Қалпына келтіру. Үш негізгі планетарлық дағдарыспен: жаһандық климаттың өзгеруі, биоәртүрліліктің жоғалуы және қоршаған ортаның ластануымен күресуті белсенді түрде жүргізу қажет. Бүгін біз жоғарыда айтылған проблемалардың шешімі ретінде жастар тарапынан көптеген қызықты идеяларды естідік. Әрине, мақсатқа жету үшін жас эколог ретінде үлкен күш салуымыз керек. Ең бастысы – жастардың қоршаған орта проблемаларына бейжай қарамайтыны, уақытын маңызды зерттеулерге арнап жатқаны қуантады», – деді Мағзұм Мырзағалиев.
Жас эколог, Әлихан Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Екатерина Вибе орман қорғау мәселесіне қатысты жобасымен бөлісті.
«Біз қазіргі уақытта Қызылорда облысындағы Арал теңізінің табанына сексеуіл отырғызу бойынша зерттеу жүргізіп жатырмыз. Бұл ағаш түрі сол өңірдің климатына, құмды топыраққа бейім. Ал тартылған теңіз орнында ағаштардың болуы экология үшін аса маңызды. Сонымен қатар Астананың жасыл белдеуіне ағаш отырғызу жұмыстарымен де айналыстық. Бүгінгі күні жас ғалымдарға жол ашық, үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Әлемдегі үздік ғылыми зерттеу институттарымен жұмыс істеуге, халықаралық жобаларға атсалысу мүмкіндігіне иеміз», – деді эколог.
Жиын соңында министр Мағзұм Мырзағалиев жас экологтарды кәсіби мерекемен құттықтап, жобаларына сәттілік тіледі. Сонымен қатар 5 маусым күні республика бойынша өтетін «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық акциясына шақырды.
«Біз жыл сайын 5 маусым күні дәстүрлі түрде осы акцияны өткіземіз. Эколог жастарды және барша Қазақстандықтарды осы шараға атсалысуға шақырамын. Әрине, пандемияға байланысты белгілі бір шектеулер болады. Бірақ қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, үлке топ болып жиналмасақта, әркім өз ауласын тазартса да болады.
Дерек көз – gov.kz
Бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде «Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне» арналған салтанатты жиын өтті. Министр Мағзұм Мырзағалиев сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, белсенді жұмыс атқарғандарды марапаттады. Олардың қатарында экология саласының ардагерлері, майталмандары және жастар да бар. Мәселен Министрліктің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Қуат Әйгерім, қоғамдық кеңес мүшесі Артюхина Галина “Экология саласының үздігі” төсбелгісімен марапатталды. Ал экоамбассадор Аббасов Мирас, Садуақасова Динара “Алғыс хат” алды.
Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
«Егеменді еліміздің табиғатын қорғау және экологиялық ахуалын жақсарту жолындағы қызметтеріңіздің жемісін көріңіздер. Сіздердің қоршаған ортаны сақтау мен жақсарту жолындағы еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін».
Дерек көз – gov.kz
Халықаралық конгресс отырысы Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында өткізілді. ECOJER қауымдастығы Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен аталған іс-шараның ұйымдастырушысы болды. Конгрестің серіктесі – Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ Өкілдігі.
Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыхан қатысушыларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан үндеу жасады.
«Тұрақты даму тұжырымдамасы «экология-экономика-қоғам» үштігінің үйлесімді өзара әрекетін көздейді, сондықтан Қазақстан экологиялық мәселелерді шешуді кейінге қалдыра алмайды. Мен қоғам, бизнес және үкіметтің экологиялық мәселелерді шешуге және халықтың экологиялық мәдениетін көтеруге бағытталған күш-жігерін біріктіретін жаңа диалог алаңының құрылуын құптаймын. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында конгресс отырыстарын өткізу жақсы дәстүрге айналады деп сенемін », – деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.
Тақырыпты жаңарта отырып, «ECOJER» қауымдастығы Кеңесінің төрайымы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова Қазақстанның бүкіл әлем сияқты климат өзгеруі салдарының алдында осал екенін атап өтті.
«Әлемдік ауа температурасының одан әрі көтерілуі табиғи ортадағы қайтымсыз процестерге әкелуі мүмкін. Сондықтан Үкімет экономиканы декарбонизациялау және саланы «жасылдандыру» бойынша жүйелі шараларды бастауда. Бұл үдерістің сәтті болуы саяси ерік пен мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы тұрақты диалогты талап етеді. Біз осы жолда жұмыс істеуіміз қажет», – деді Лаззат Рамазанова.
Еуропалық Одақтың ауылшаруашылығы жөніндегі комиссары Януш Войцеховский климат мәселелерін агроөнеркәсіптік кешендегі реформалардан бөліп қарауға болмайды деп санайды. Оның айтуынша, тұрақты ауыл шаруашылығы шағын және орта шаруа қожалықтарына қосымша құнын арттыруға нақты мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен бірге климаттық міндеттемелерді орындауға айтарлықтай үлес қосады.
«Біз қоршаған ортаға, климатқа және үй шаруашылығына қамқорлықпен қарай отырып, ауылшаруашылық өнімдерін тиімді өндіре аламыз. Бұл мақсаттарға қол жеткізуде ешқандай қарама-қайшылық жоқ және оларды бірге қарастырған жөн», – деді Януш Войцеховский.
Қазақстанды климаттың өзгеруіне бейімдеу шараларын әзірлеу мәселесі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің күн тәртібінде тұр.
«Халықаралық ынтымақтастықты нығайту және жағымсыз салдарды азайту үшін ұлттық заңнамаға климаттың өзгеруіне бейімделу нормалары енгізілді. Бұл жергілікті деңгейде төзімділікті арттырудың тиімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Іске асыру үдерісі ең осал секторларды толық бағалаудан басталады: су, ауыл шаруашылығы, орман және азаматтық қорғау. Нәтижесінде салалық мемлекеттік бағдарламалардың аясында ұлттық және жергілікті деңгейлерде климаттық тәуекелдерді ескеру және климаттың өзгеруіне бейімделу үшін қажетті шараларды әзірлеу мүмкін болады », – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Еуропалық Одақтың қоршаған орта, мұхит және балық шаруашылығы жөніндегі комиссары Виргиниюс Cинкявичюс, өз кезегінде, Қазақстан мен ЕО климат пен экологияға қатысты ең маңызды мәселелер бойынша, сондай-ақ жаһандық «жасыл көшуді» қамтамасыз ету жолында тұрақты ынтымақтастыққа дайын екендігін мәлімдеді.
«Климат дағдарысы, биоалуантүрлілік және ластану дағдарысы – жедел шараларды қажет ететін жаһандық мәселе. Жаһандық жасыл көшуді қамтамасыз ету үшін біз тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасауымыз керек. Бүгінгі конференция ЕО пен Қазақстан арасындағы климат және қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге септігін тигізетіндігіне сенемін», – деді Синкявичюс.
ECOJER конгресі аясында жеті панельдік сессия өткізілді. Аталған сессиялар жұмысы барысында қатысушылар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы климаттық ынтымақтастықты, өндірісті «жасылдандырудың» болмысы мен келешегін, сондай-ақ айналмалы экономика және «ақылды қалалар» мәселелерін талқылады. Сонымен бірге, әйелдердің қоршаған ортаға қатысу сұрақтары көтеріліп, жаңа Экологиялық кодекс ұсынылды. «Қалдықтарды жағу және қайта өңдеу» тақырыбындағы талқылауда Экология министрлігінің өкілдері мен табиғатты қорғау белсенділері Қазақстанда қалдықтарды өртеу зауыттарын салудың оң және теріс жақтарын қарастырды.
Конгресс қорытындысы бойынша Париж келісімі аясында Қазақстанның міндеттемелеріне қол жеткізуі жөніндегі ұсыныстары мен ұсынымдары көрсетілген резолюция қабылданды.
Қосымша ақпарат алу үшін «ECOJER» қауымдастығының Қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы Дмитрий Мачельге (электрондық пошта: d.machel@ecojer.kz)
немесе Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің Коммуникация бойынша басқарушысы Абаканова Эльнура ханымға (электрондық пошта: elnura.abakanova@eeas.europa.eu) хабарласуыңызды сұраймыз. @EUinKazakhstan
Дерек көз – gov.kz
Биылғы жылы Сырдария өзенінің бассейніндегі су тапшылығына байланысты күрделі су жағдайы қалыптасты.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Душанбе қаласында Тәжікстанның энергетика және су ресурстары министрі Д.Джумамен кездесу өткізіп, оның барысында тәжік тарапымен «Бахри Точик» су қоймасынан биылғы жылғы маусым-тамыз аралығында 315 млн. м3 суды қосымша ағызу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Бұл көлем Түркістан және Қызылорда облыстарында вегетациялық кезеңде суармалы су тапшылығын төмендетуге мүмкіндік береді.
«Түркістан және Қызылорда облыстарының қажеттіліктері үшін Сырдария өзені бассейніндегі су жағдайының қиындығын ескере отырып, тәжік тарапы Қырғызстан Республикасы Тоқтоғұл су қоймасынан ағызатын су көлемінен басқа, маусымнан тамызға дейін «Бахри Точик» су қоймасынан қосымша 315 млн.м3 су жеткізуге келісті.
Қазақстан өз кезегінде Тәжікстанға «Бахри Точик» су қоймасының қосымша жұмыс істеуінің теріс салдары туындаған жағдайда материалдық-техникалық қолдау көрсетеді», – деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.
Дерек көз – gov.kz
5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні, экологтардың кәсіби мейрамы! Айтулы күнді атап өту шеңберінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі “Бірге Таза Қазақстан” акциясын өткізуді жоспарлап отыр. Іс-шараға барлық облысты қоса есептегенде 120 мыңнан астам адам қатысады. Осыған орай республика бойынша 492 локация белгіленді.
Нұр-Сұлтан қаласында негізгі алаң ретінде Алматы ауданындағы Нұра-Есіл каналының маңайы таңдап алынды. Акцияға қатысуға ниеттілерді 5 маусым күні Б.Момышұлы көшесі №1 мекен-жайы бойынша сағат 08:00-де күтеміз.
Барлық азаматтарды сенбілікке қатысуға шақырамыз. Тек бірлесіп қана Қазақстанды таза ете аламыз!
Дерек көз – gov.kz
2013 жылғы 30 мамырда елімізде мемлекеттің инновациялық іскерлігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы» бекітілді.
Осы орайда бүгін Елбасы кітапханасы Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Жасыл экономика бойынша іс-әрекеттер серіктестігі» (PAGE) атты БҰҰ бағдарламасымен бірлесіп «Жасыл экономика – Қазақстанның инновациялық және тұрақты дамуының парадигмасы» дөңгелек үстелін ұйымдастырды.
Іс-шараға Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы президиумының төрағасы Ә.Назарбаева, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев, БҰҰ PAGE директорлар кеңесінің мүшесі, UNITAR Планета бөлімінің директоры А.Маккей, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Е.Абақанов, М.В. Ломоносов атындағы ММУ профессоры, Ресей экологиялық академиясының академигі С.Бобылев, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Я.Бериш және қоршаған ортаны қорғау мен сақтау саласындағы басқа да белгілі қайраткерлер мен сарапшылар қатысты.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің аумақтық департаменттері мен «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарның өкілдері, еліміздегі ЖОО экология және биология кафедраларының профессорлық-оқытушылар құрамы, магистранттары мен докторанттары, Елбасы кітапханасының еріктілері бұл іс-шараға бейнеконференция арқылы қатысты.
Тәуелсіздік алғаннан бері Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың стратегиялық бастамалары қоршаған ортаны жақсартуға, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейтуге, табиғатқа деген қамқорлықты тәрбиелеуге бағытталған еді.
2007 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының 62-сессиясында Н.Ә. Назарбаев жаһандық энергетикалық-экологиялық стратегияны құрып, мазмұнын БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі дүниежүзілік саммитінде талқылауды ұсынды.
2011 жылы БҰҰ сессиясында Елбасы аймақтағы жасыл экономиканы күшейтуге бағытталған «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын ұсынды. Аталмыш бағдарлама тұрақты даму жөніндегі БҰҰ-ның «Рио+20» дүниежүзілік саммитінде «жасыл» экономикаға көшудің аймақаралық тетігі ретінде мақұлданды.
Қазақстанның көрнекті жобаларының бірі, «Болашақ энергиясы» атты «ЭКСПО-2017» көрмесі абыроймен жүзе асырылды. Бұл көрме елімізге энергияны үнемдейтін озық технологияларды, баламалы энергия көздерін пайдаланудың соңғы жетістіктерін тартуға мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев экономиканың басты бағыттарының бірі ретінде көгалдандыру мен қоршаған ортаны қорғау деп белгілеп, 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын бастаған болатын. Көміртегінің жұтылуын арттырып, шөлейттенуді тежеу мақсатында бес жылдың ішінде ормандарға 2 миллиардтан астам ағаш және елді мекендерге 15 миллион ағаш егу жөніндегі ауқымды жұмыс жүзеге асырылып жатыр.
Ағымдағы жылдың 1-шілдесінен бастап қоршаған ортаны қорғаудың халықаралық заңнама стандарттарына сәйкес келетін Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық кодексі күшке енеді. Осылайша Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі «жасыл экономика» идеясын жүзеге асыра бастаған алғашқы мемлекет атанды.
– Биыл қазақстандықтар тарихи мәні зор ел Егемендігінің 30 жылдығын атап өтпек. Бұл – үлкен мерейтой. Оның арқасында біз жүріп өткен жолымыздың қорытындысын жасау мүмкіндігіне қол жеткізіп отырмыз. Әлем табиғатты тіршіліктің қайнар көзі және біртұтас организм ретінде қабылдап үйренді. Сондықтан өмір сүру сапасын жақсартуда табиғат тепе-теңдігі мен экожүйелердің әлемдік тепе-теңдігін сақталуы тиіс. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында әлемдік энергетикалық қауіпсіздік пен табиғи ресурстардың сарқылуын ХХІ ғасырдағы сын-қатерлердің бірі екенін атап өтті. «Жасыл экономика» идеясын жалғастырып келе жатқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы көгалдандыру мен қоршаған ортаны қорғау ісіне зо көңіл бөледі. Өз сөзінде ол экономикалық өсімнің «жасылдана» түсуін қадағалау маңыздылығын әрдайым белгілейді, – деді Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.
– Тәуелсіздік алған сәттен бастап Елбасы Қазақстанның өмірінен орын алған экология мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді. Қазақстанды жаңғыртудың әр стратегиясында елдің «жасыл» жолға көшуіне негізделген экономиканың орнықты да тиімді моделін құруға нақты бағдарлар айқындалды. Бүгінде Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы Еуропа мен Азия елдерінің жетекші халықаралық ұйымдары мен зерттеу құрылымдарымен стратегиялық әріптестік қатынастарды орнатуда, сондай-ақ, жасыл технологияларды трансферттеу мен енгізуде, Қазақстан бизнесіне құйылған халықаралық жасыл инвестициялар ағынының тиімді тетіктерін ұйымдастыруда, қазақстандық көміртегі бірлігінің айналымын буланатын газдардың жалпы әлемдік нарығына белсенді интеграциялауда «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасының қолданбалы жобаларымен айналысады, – деп атап өтті «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ төралқа төрағасы Әлия Назарбаева.
– Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдасының жүзеге асырыла бастағанынан сегіз жылдай уақыт өтті. Содан бері біз бір қатар нәтижелерге қол жеткіздік. Атап айтқанда, жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласында елімізде жиынтық қуаты 1634,7 МВт болатын ЖЭК-тің 115 нысаны салынды. 115 ЖЭК нысанының электр энергиясын болжамды өндіруі шамамен 3,2 млрд кВтс немесе электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінің 3%-ын құрайды. 2019 жылы ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығы 2008 жылғы деңгейден 33,1%-ға төмендеді, белгіленген индикаторға 2025 жылға дейін қол жеткізілді. Қайта өңделген және кәдеге жаратылған өндіріс қалдықтарының үлесі 2020 жылы 36%-ды, ҚТҚ-18%-ды құрады, ел тұрғындарының 81%-ы қалдықтарды жинау және шығару қызметтерімен қамтамасыз етілді. 2020 жылғы желтоқсанда «Климаттық амбициялар саммитінде» Мемлекет басшысы Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді көздейтінін мәлімдеді. Былтыр біз Төмен көміртекті даму тұжырымдамасын әзірлеуге кірістік. Бүгінде Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасының екінші кезеңін іске асыру өзекті болып отыр. 2021-2030 жылдарға жоспарланған екінші кезең суды тиімді пайдалануға, жаңартылатын энергетика технологияларын дамытуға, оны кеңінен енгізуді ынталандыруға бағытталған ұлттық экономиканы қайта құру шараларын қамтиды, – деді Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Күні кеше ғана, 22 мамырда Елбасы қазақстандықтарды мүмкіндігінше көбірек көшет егуге шақырды.
«Егер адамдардың бәрі ауласына тал ексе, қалалар мен ауылдарда жыл сайын ағаш отырғызылса, біз «жасыл» елге айналамыз. Жасыл желек – елді мекендердің «өкпесі», таза ауа, жанға сая. Біз оны болашақ ұрпақ үшін өсіреміз…», – дейді Н.Ә. Назарбаев.
Бұл үндеуді қолдаған дөңгелек үстелдің қатысушылары Елбасы кітапханасы жанындағы саябаққа ағаш отырғызды.
Жиырма жылдың ішінде бас қаланың айналасын нағыз орман қоршап үлгерді. Бүгінде оның қойнауында 9,6 миллионнан астам ағаш пен 1,8 миллионға жуық бұта өседі. Орманды алқап біртіндеп кеңею арқылы Бурабай-Щучинск курорт аймағынан өтіп, кейін Павлодар, Қарағанды және Қостанай ормандарына қосылуы тиіс.
Биылдың өзінде миллионнан астам жасыл желек отырғызылмақ. Бұл шешімнің қаланы желден қорғап, қолайлы климат құруға бағытталған «жасыл белдеуді» нығайтатыны анық.
Дерек көз – gov.kz
Құрметті қазақстандықтар!
Сіздерді Жеңіс күнімен құттықтаймын!
Баршамыз үшін бұл күннің орны да, орайы да бөлек. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы мен еліміздің өркендеуі де осынау мерекенің жемісі.
Жеңісті күнді жақындатуға үлес қосқан ата-апаларымыздың майдан даласындағы ерлігі мен тылдағы еңбегі өлшеусіз. Олардың ардақты ісін бүгінгі ұрпақ лайықты табыстармен жалғастырып келеді.
Баршаңыздың дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін! Аспанымыз ашық боп, еліміз гүлдене бергей!
Құрметпен,
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі
Мағзұм Мырзағалиев