Дереккөз: www.24.kz
Ақтау қаласының тұрғыны Әбілхас Бесімбаев тереңдікте бұрғылап жұмыс істейтін әмбебап қондырғы ойлап тапты.
Өнертапқыш құрастырып шығарған техника күн және желдің күшімен жұмыс істейді. Оның айтуынша, бұл үнемді, экологияға еш зиянсыз, «Жасыл экономика» стандарттарына сай, сенімді құрал. Авторлық туынды патенттелген. Қазір тексеру, сынау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келешекте EXPO-2017 көрмесінде таныстырылады. Мұнай өндіруге арналған станок қазір сынақтан өткізіліп жатыр. Қондырғы айтарлықтай нәтиже көрсетуде. Өнертапқыш Әбілхас Бесімбаев бұрын мұнайшы болып жұмыс істеген. Ол бұл жобаға 30 жыл уақытын сарп етіпті. Көпшілік қойшы отбасынан шыққан жігіттің жоспарының жүзеге асатынына күмәнмен қараған. Оның идеясын Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік қолдап, 5 миллион теңге көлемінде грант бөлген. Тың туынды күн және желдің қуатымен жұмыс істейді. Бұл электр энергиясын 90%-ға үнемдеп, өнімділікті 30%-ға еселеуге мүмкіндік береді.
Әбілхас Бесімбаев, өнертапқыш:
– Мұнда екі негізгі технология қолданылады. Бірінші дөңгелек бұранда пайдаланылады. Ол сенімді әрі өте төзімді. 10 жыл көлемінде шыдас береді. Оған тежегіш жүйесінің де керегі жоқ. 20 тоннадан астам жүкті ұстап тұра алады. Екіншісі қарапайым түрлендіруші. Бұл мұнай өндіру ісіндегі технологиялық үдерісті басқарудың ең үнемді, әрі ыңғайлы жүйесі.
Қондырғының салмағы да жеңіл. Бар болғаны 3 тоннадай болады. Бұл қазіргі қолданыстағы станоктардан 4 есе кіші. Оның үстіне өзіндік құны шетелдік мамандар ұсынып отырған гидравликалық аппараттардан әлде қайда төмен. Өнертапқыштың ойындағысын жергілікті зауыттың қызметкерлері жүзеге асыруға қол ұшын берген.
Жақында қондырғының жұмысын іс жүзінде байқап көрмек. Ол үшін «Қаражанбас» кен орнынан бір ұңғыма бөлінген. Өнертапқыш жаңа қондырғының тиімділігіне және сынақтан сүрінбей өтетініне сенімді. Ал EXPO-2017 көрмесінде шетелдік инвесторларды таңқалдырамыз деп отыр. Қазірдің өзінде ресейлік мұнайшылар жобаға қызығушылық танытуда.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тамара Степанова, Саламат Бекбаев
Дереккөз: АО “Қазақстан Темiр Жолы”
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин жұмыс сапарымен Маңғыстау облысында болып, Құрық портындағы паром кешені құрылысы барысымен танысты.
Қазіргі таңда бұл аумақтан 3,9 млн текше метр жер қабаты босатылды.
Ерсай станциясындағы кіре беріс темір жол телімінен Құрық станциясына дейін 13 шақырымдық темір жолдың 9 шақырымына рельс торкөздері төселе бастады.
Осы жолдар арқылы Батыс тұсынан толқындардың тосқауылдық қалқандарына қажетті 95 мың текше метр тас жеткізілді. Тәулігіне екі мың текше метр тас жеткізілуде. Жағалаудың табанын қазу арқылы тереңдету үшін 800 мың текше метр теңіз түбіндегі топырақты шығару жоспарлануда. Бұған әлемдік деңгейдегі танымал теңіз табанын қазатын Jan De Nul бельгиялық компаниясының қатысуымен жасалады.
Тамыздың ортасына дейін үш секциялы көпірдің көтеру- өткізу металл қаусырмалы көпірінің алғашқы партиясы жеткізіледі.
Қазіргі кезде бірқатар нысандардың құрылысы басталды. Оның ішінде әкімшілік, инженерлік, диспетчерлік қызмет, кеден және шекаралық бақылау орындары жасалуда.
Биылғы жыл аяғына дейін кешеннің алғашқы бөлігін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл паром кешеніндегі Құрық порты арқылы жүк қабылдап жөнелтуді іске қосудың алғашқы техникалық және технологиялық дайындығы жасалады.
Нысанның екінші бөлігіндегі құрылыстарды аяқтау 2017 жылға жоспарланып отыр.
Құрық портындағы жаңа паром кешені тәулігіне бес паромға қызмет көрсетеді. Сол арқылы жылына 4 миллион тонна жүкті өңдейтін болады.
Құрық портындағы ауқымды жұмыстар мен Боржақты-Ерсай темір жол желісі басты жүктер мен сұйық жүктерді мультимодальдық тасымалдауға арналады. Бұл өз кезегінде Каспий өңіріндегі батыс бағдардың экспорттық әлеуетін арттырады.
Құрық паром кешені «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы нысан ретінде Қазақстанның транзиттік көліктік әлеуетін көтереді. Ұлы Жібек жолының дамуына ықпал етеді.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бүгін Атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты республикамыздың басым бөлігінде жаңбыр жауады, найзағай болып, жел күшейеді. Батыста, оңтүстік-батысында ауа райы жауын-шашынсыз.
Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі хабарлайды.
Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының кей жерлерінде найзағай, тұман күтіледі, бұршақ жаууы ықтимал, желдің жылдамдығы 15-20 м/с-ға дейін күшейеді.
Ақмола облысының кей жерлерінде найзағай, тұман күтіледі, бұршақ жаууы ықтимал.
Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде желдің жылдамдығы 15-20 м/с-ға дейін күшеюі ықтимал, сондай-ақ найзағай ойнайды, бұршақ жаууы мүмкін.
Алматы, Ақтөбе облыстарында, күндіз Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының кей жерлерінде найзағай ойнайды, желдің жылдамдығы 15-20 м/с-ға дейін күшейеді.
Атырау, Маңғыстау облыстарында, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарының кей жерлерінде қатты ыстық күтіледі.
Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Қарағанды, Атырау облыстарының кей жерлерінде өте жоғары өрт қаупі сақталады.
Дереккөз: Bnews.kz
Синоптиктердің болжауынша, тек батыс және оңтүстік-батыста ауа райы жауын-шашынсыз, деп хабарлайды BNews.kz
Ақмола облысының кей жерлерінде тұман түсіп, бұршақ болуы ықтимал, күндіз кей жерлерде жел күшейеді.
Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде, Алматы, Павлодар облыстарында, күндіз Ақтөбе облысының кей жерлерінде жел күшейеді, бұршақ жауады.
Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында аптап ыстық болады.
Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Атырау облыстарының кей жерлерінде өрт қаупі жоғары.
Дереккөз: www.24.kz
Жамбыл облысында «Егінжай» кеңесі өтті.
Өңірдегі шаруалар мен сала мамандары қатысқан жиында ауыл шаруашылығындағы жаңашылдықтар, жеткен жетістіктер мен тәжірибелер талқыланды. Жергілікті диқандар соңғы жылдары бірігіп жұмыс істеуді қолға алған. Шағын шаруа қожалығының иелері он-оннан топтасып, кооператив құрып жатыр. Заманауи тың технология енгізіп, еңбек өнімділігін еселеуде. Мәселен, бұрын бір қожалық гектарынан 1 тоннадай шөп орып алса, тамшылатып суару арқасында бұл көрсеткіш 5 тоннаға дейін ұлғайды. Биыл өңірде 600 мың гектар жерге дәнді-дақылдар егілген. Бұл былтырғыдан бес жарым мың гектарға көп. Бұрын Әулие ата өңірі қант қызылшасының рекордтық көрсеткіштерімен мақтанатын. Араға ондаған жыл салып табысы мол кәсіп қайта жандана бастады. Қазір өңірде 5 мың 680 гектарға тәтті түбір егілген. Өнімді қабылдайтын екі зауыт жұмыс істеп тұр.
Нұржан Нұржігітов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
– Соңғы жылдары мал шаруашылығына көңіл бөліп жатырмыз. Бұл сүт-тауарлы фермаларды, бордақылау алаңдарын ашу. Бірақ ол жұмыстарды атқару үшін мал азығын дайындау мәселесі туындайды. Сондықтан осындай семинар-кеңестің арқасында шаруашылықтар өздерінің пайдасын көріп, қазір бетін бұрып, инновацияны тәжірибесіне енгізіп, жұмыспен айналысуда.
Дереккөз: www.24.kz
Павлодарлықтар Ертіс өзеніндегі балықтардың қырылуына алаңдаулы. Алайда арнайы жүргізілген тексерулер су құрамынан зиянды заттарды таппаған. Радиологиялық зерттеу жүргізген сарапшылар қорғасын, мырыш, цинк, кадмий, фтор және темір сынды химиялық элементтер мен ауыр металдардың жоқтығын анықтады. Бірақ суда оттектің мөлшері төмен. Мамандар балықтардың қырылуына ауаның аздығымен қатар Шүлбіден судың мезгілсіз жіберілуі де себеп болған деп отыр. Ирина Сорокина, облыстық Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы: – Бұл жерде судың органикалық ластанып жатқанын айта кету керек. Үздіксіз жауған жаңбыр суы өзенге құйылады. Шөп, балдыр, басқа да органикалық қоспалардың қышқылдануы судағы оттегінің мөлшерін азайтады. Серік Әбсалықов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аймақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы: – Ертіс өзенінде өлі балықтардың қалқып жүргенін ешкім көрген жоқ. Ертістің негізгі сағасында мұндай құбылыс байқалмайды. Балықтар өзеннен бөлініп қалған шағын көлшіктерде қырылған.
Дереккөз: Bnews.kz
Мемлекет басшысы «1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Жер қойнауын пайдалануға арналған егемендік құқықтарды жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізі солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы келісімге Хаттамаға өзгеріс енгізу туралы Хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Қызылорда облысында жүр. Арал ауданына келген соң Кәрім Мәсімов Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу бойынша жұмыс сапасын бағалады, деп хабарлады Pm.kz.
Жауапты тұлғалар Кәрім Мәсімовке «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасының екінші кезеңінің жүзеге асырылуы туралы баяндады.
Дерек көзі: www.inform.kz
Өндіріс орны «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Қазір жаңа кәсіпорында 50 адам жұмыс істейді. Зауыт толық қуатына жеткен кезде тағы 100 адам жұмыспен қамтылады. Инновациялық зауытта оңтүстіккореялық технология қолданылады. Кәсіпорын жылына 400 мың жарық диодты шам, 25 мың LED-экран шығаруды жоспарлап отыр. Бұл шамдар электр қуатын үнемдеуге септігін тигізеді. Ең бастысы ішінде сынабы жоқ. Қанат Нұрекенов, зауыт директоры -Біздің партнерымыздың технологиялары негізінде неше түрлі жарық диодты өнімдер шығара аламыз. Салыстырмалы өнімдерге қарағанда біздің бағамыз 30 пайызға дейін арзандау болады. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан жаңа технологияларға ерекше көңіл бөліп отыр. «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының ашылуы соның дәлелі. Бүгінде арнайы аймақтағы компаниялар табысты жұмыс істеп келеді. Нұрлан Көпбосынов, «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА Комитет төрағасы -150-ден артық компания тіркелген. Жыл сайын елдің, мемлекеттің бюджетіне 2,5 миллиардтан артық ақша түсіп отыр. 3 мыңнан артық жұмыс орны ашылған. Инновациялық технологиялар паркіндегі кәсіпорындар біртіндеп сыртқы нарыққа да шыға бастады. Ай-ти, электроника және байланыс құралдары көршілес Иран, Өзбекстан, Қырғызстанға экспортталуда. Ерлан Әукенов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары -Алматы қаласында жүзеге асып жатқан Индустриаландыру картасы бағдарламасының негізгі мақсаты – экспортқа бағытталған кәсіпорындарды құру. Шетелдік озық технологияларды трансферттеу арқылы импорттың үлесін азайта аламыз. Бүгін ашылған жаңа зауыт – «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының екінші кезегінің алғашқы қарлығашы. Жоспарға сәйкес барлық инфрақұрылымы бар 150 гектар кешеннің толық құрылысы қыркүйек-қазан айларында аяқталады. Қазірдің өзінде 8 компания арнайы аймақтан жер алып, кәсіпорын ашуға өтініш білдіріп отыр.
Дерек көзі: www.khabar.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Байтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаев «Алматы – өмір сүруге және бизнеске қолайлы қала» 5-ші инновациялық форумы барысында Алматыда көлік инфрақұрылымын дамытып, экология мәселесін шешу қажеттігін мәлімдеді.
«Біз технологиялық жағынан артта қалғанымызды мойындаймыз. Сол үшін, бірінші кезекте, көлік инфрақұрылымын дамыту қажет. Алматы туралы айтқанда көлік және экология мәселесін айналып өтуге болмайды. Біз осы екі проблеманы қалайда шешуіміз керек. Мен өз тарапымнан барынша қолдау көрсетуге дайынмын. Барлық мәселені шеше алмасақ та, оларды едәуір азайтуға болады. Әрине, «Алматы қаласын дамыту-2020» бағдарламасы жақсы әзірленген. Бірақ, ол арқылы қаладағы барлық өзекті мәселелерді шешу мүмкін емес. Алматының әлеуеті өте жоғары. Бірақ, біз оны толық пайдаланып жатқан жоқпыз. Сондықтан, қаладағы бір емес, барлық инфрақұрылымды дамытуға лайықты деңгейде қолдау көрсетуміз қажет», – деді Е. Досаев.
Дерек көзі. www.inform.kz