Жаңалықтар | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Аграрлық несие корпорациясы бір топ студентті ірі шаруа қожалығының жұмысымен таныстырды

Дереккөз: : www.24.kz

Елімізде жыл сайын ауыл шаруашылығы саласы бойынша білім алған мыңдаған студент жоғарғы оқу орнын тәмамдайды.

Алайда олардың барлығы бірдей мамандығына сай жұмыс істемейді. Мамандардың айтуынша, бұған жастардың аграрлық салаға деген сенімсіздігі себеп. Бұл жаңсақ пікір екенін дәлеледеу үшін, бүгін Аграрлық несие корпорациясы бір топ студентті ірі шаруа қожалығының жұмысымен таныстырды.

Шаттанайым Айжанова – Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 4 курс студенті. Мамандығы – Азық түлік өнімдерінің технологиясын игерумен байланысты. Оның айтуынша, қазіргі оқуы көңілінен шығады. «Сондықтан өмірлік қызметімді осы саладан табамын», – дейді болашақ маман.

Шаттанайым Айжанова, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенті:

– Осы мамандық, осы сала Қазақстанда енді дамып келе жатыр. Осындай үлкен жетістікке жеткен зауыттарда тәжірибе жүргізген жақсы әсер береді.

Бүгін агротехникалық университеттің 50-ге жуық студенті еліміздегі ірі шаруа қожалықтардың бірі «Родина» ЖШС жұмысымен танысты. Айта кетейік, бұл агрофирма Астана маңындағы елді мекендерді азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Болашақ мамандар сүт өндірісінің және ірі қара шаруашылығының қыр-сырына қанықты. Студенттердің теориялық білімді іс жүзінде байқауына Аграрлық несие корпорациясы ұйытқы болды.

Ерлан Қарабаев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиал директорының орынбасары:

– Жыл сайын агротехника бойынша білім алған мыңдаған шәкірт жоғарғы оқу орнын тәмамдайды. Алайда олардың барлығы ауылда бизнесті өркендетуге болатынына сенбейді. Сондықтан негізгі мақсатымыз – агросектордың еліміздегі болашағы бар бағыттардың бірі екенін студенттерге көрсету еді. Ол үшін біз «Родинаны» таңдадық.

Корпорация мен Қазақ агротехникалық университеті бірнеше жылдан бері бірлесіп жұмыс істеп келеді. Мәселен, осыған дейін жоғарғы оқу орны қабырғасында ісі өрге басқан фермерлер арнайы дәріс оқып, тіпті оқу бітірген бірнеше студентті жұмысқа алған еді. Болашақта корпорация университетпен арадағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түспек.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Ербол Дайыров

Нұрсұлтан Назарбаев ауыл еңбеккерлерін астық жинау науқанының табысты аяқталуымен құттықтады

Дереккөз: www.24.kz52291bec5794194fa86f576a1dbc6256_l

Құрметті ауыл еңбеккерлері!

Астық жинау – диқандар үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін айтулы науқанның бірі. Егін ору нәтижелері мемлекеттегі азық-түлік қауіпсіздігі деңгейін және қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты айқындайды. Сіздердің маңдай терлеріңіздің арқасында Қазақстан өзінің жетекші астық державасы екенін тағы да дәлелдеді.

21 миллион тоннадан аса астық жиналды. Соның үштен екісінен астамы әлемдік стандарттарға сай келетін жоғары сапалы өнімге жатады. Майлы дақылдар егілетін егістік алқабы айтарлықтай көбейді. Жалпы астық жинау науқанының қорытындысы еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті зор екенін көрсетіп отыр.

Бүгінде мемлекет ауыл шаруашылығы саласын жүйелі түрде жетілдіруге және әртараптандыруға бағытталған саясат жүргізуде. Оны әрі қарай ілгерілетудің маңызды шарты – қайта өңделген өнім шығаруға көшу. Қазақстан әлемдегі экспорттық ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын ірі елдің бірі болуға тиіс.

Біз халқымыздың әл-ауқатын жақсарту жолындағы ауыл еңбеккерлерінің еңбегін жоғары бағалаймыз. Сіздерді егін ору науқанының табысты аяқталуымен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық және Отанымызды одан әрі өркендету жолында толағай табыс тілеймін!

Ақпарат көзі: akorda.kz

Алматылықтар ескі қоршаулар орнына ағаш отырғызып жатыр Источник:

Дереккөз: www.24.kz

40f8e7da95c18baa8e809f5bc44cfd0b_l

Алматыда ағаш көшеттеріне сұраныс артып отыр.

Қаладағы бау-бақша орталықтарының бірінің директоры Наталья Никулинаның айтуынша, бұған «Алматы – қоршаусыз қала» бағдарламасы себеп болған. Қазір шаһарда көптеген мекемелер ескі қоршауларын алып, орнына жасыл желек егіп жатыр. Әсіресе, аю бадам, боз арша мен қына ағашына сұраныс жоғары. Қыркүйек айында қалалық әкімдік 81 мың метрден астам темір, ағаш және бетон қоршаудың алынғанын жариялаған еді. Көшеттердің бағасы олардың биіктігіне байланысты. Мысалы, қына ағашының кішкентай көшеті 350 теңге, ал бір жарым метрлік боз аршаның құны 8 мың бес жүз теңге тұрады. Күтімі жақсы болса, жасыл желек 50 жылға дейін өседі. Сатушылар әр мекеме өзінің қаржылық жағдайына қарап, тапсырыс беріп жатқанын айтады.

Наталья Никулина, Бау-бақша орталығының бас директоры:

– Біз көбірек ағаш сатуды көздемейміз. Мысалы, 1 метр жерге бір түп боз арша отырғызса жеткілікті. Үш жылдың ішінде ол өсіп шығады. Ал енді бірден әдемі әрі биік қоршау керек болса, онда екі түптен отырғызыңыз. Яғни біздің мақсатымыз – сатып алушының үдесінен шығу. Сондай-ақ оларға ағаштарды күтіп-баптау жөнінде кеңес береміз.

Ақтөбе облысында бұрынғы Алға химия зауытының қауіпті қалдықтарының қоршаған ортаға әсерін бағалау бойынша жобаның тұсауы кесілді

Дереккөз: www.energo.gov.kz

Ағымдағы жылдың 27 қыркүйегінде Ақтөбе облысы Алға қаласының әкімдігінде  «Бұрынғы  С.Киров атындағы Алға химия зауытының аумағында орналасқан қауіпті қалдықтарды (химиялық және өнеркәсіптік қалдықтар, шламдық жинақтағыш қалдықтарды) жоюға  (алыстатуға) арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу» жұмыс жобасының қоршаған ортаға әсерін бағалау жобасы бойынша  қоғамдық тыңдаулар өтті.

«Бұрынғы  С.Киров атындағы Алға химия зауытының аумағында орналасқан қауіпті қалдықтарды (химиялық және өнеркәсіптік қалдықтар, шламдық жинақтағыш қалдықтарды) жоюға  (алыстатуға) арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу» жұмыс жобасына ҚОӘБ-ны талқылау жөнінде қорытындылар бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті деп танылды және қоршаған ортаға әсерді бағалау бойынша ұсынылған материалдар мақұлданды.

Қоғамдық тыңдауларға Ақтөбе облысы Алға қ. әкімдігінің, Ақтөбе облысының табиғи ресурстарды және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, Ақтөбе облысының Экология департаментінің, Ақтөбе аумақтық бөлімінің «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы» РММ-ның өкілдері,  бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Ақтөбе облысы Алға қ. тұрғындары қатысты.

Атбасарда Жабай өзенінің арнасын тазарту жұмыстары басталды

Дереккөз: www.24.kz

Оған әзірге жекеменшік кәсіпорындар мен жолаушылар тасымалымен айналысатын ірі мемлекеттік мекемелер кіріскен.

Себебі бюджеттен арнайы қаржы қаралмапты. Дегенмен шамасы келетіндер аянып жатқан жоқ. Біреуі техника бөлсе, енді бірі қол күшімен көмектесіп жатыр. Мәселен, теміржолшылар теміржол көпірінің маңайын ағаштар мен түрлі өсімдіктерден және қоқыстардан тазартуда. Содан кейін судың деңгейін бақылауда ұстау үшін көпірге бейнебақылау камерасын орнатпақ. Еске салсақ, Жабай өзені әр көктемде арнасынан тасып, халықты әбден әбігерге салып келеді. Мәселен, биылғы табиғат апатынан 1 мыңнан астам тұрғын зардап шекті. Ал өзеннің ең қауіпті тұсы осы Атбасар қаласы мен Сандықтау ауданының жанынан ағады.

Людмила Марунич, Атбасар қаласы әкімінің орынбасары:

– Алдағы уақытта тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен облыстық жол құрылымдары бірігіп осындай тазарту жұмыстарын автокөлік жолындағы көпірдің маңында да жүргізеді. Сондай-ақ сол маңайдан су өткізу құбырларын да орнату жоспарланып отыр.

Қызылорда облысында балық шаруашылығы дамып келеді

Дереккөз: www.24.kz

3216e8a6119f6691270311cf6a733373_l

Мемлекет басшысының «Сырдария арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтау» мега жобасы арқасында жоқтан бар жасалды.

Айдынды Аралдың ақ көбік атқан толқыны жабыққан жағаға қайта оралды. Теңіздің тірілуімен Қызылорда облысында балық шаруашылығы да жанданып сала берді. Қазіргі таңда өңірде 8 ірі балық зауыты жылына 11 мың тонна өнім шығарады. Су айдындарындағы балық қорын молайтуға да мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатыр. 34 инкубациялық тоғаны бар «Қамыстыбас» тұқымбағы жылына 15 млн шабақ өсіреді. Балықтандырумен қатар мамандар теңіз, өзен-көлдердің экожүйесін жақсарту бағытындағы жұмыстармен де айналысып жүр. Соңғы жылдары өндірістік қуатын 5 есеге арттырған тұқымбақ енді пілмай және қаяз балықтарын өсіруді қолға алмақ. Бүгінде кәсіпорын Арал ауданындағы Қосжар ауылы тұрғындарын түгелдей жұмыспен қамтып отыр.

Нұрқабыл Құланов, «Қамыстыбас» мемлекеттік тұқымбақ директоры:

– Қысқы тоғандар бар. Онда қыстай аналық, аталық балықтарды сақтаймыз. Көктемгі науқан басталғанда аталық, аналық балықтардың уылдырығын аламыз. Ұрықтарын алып, шайқап, содан орта салмағы 20 граммға дейін өсіріп, су айдындарына жібереміз. 2010 жылдан бері қарай 105 млн-дай бір жаздық шабақ, 5 млн-ға жуық 2 жаздық шабақ су айдындарына жіберілді.

Қазығұрттық фермерлер Қазақстанда бірінші болып айва өсіруді қолға алды

Дереккөз: www.24.kz

b47b48d3d5c93c1257ccb25af411c373_l

Қазақстанда бірінші болып беже өндірісін қолға алған қазығұрттық шаруа қожалығы биыл 50 тонна жеміс жинамақ.

Қазір онда 500 гектар интенсивті бақ бар. Одан алынған өнімдердің жартысы Ресейге экспортталады.

Тұрқы онша биік емес ағаштар жеміске толып тұр. Олардың әрқайсысында 20 килограмм беке бар. Бұл – бірінші өнім. Бір аптадан кейін жемісті жинау басталады. «Шамамен 50 тонна өнім аламыз», – дейді бағбандар.

Нұрлан Құралов, шаруашылық жетекшісі:

– Енді бұл айваның керемет қасиеті – ауруға өте төзімді және сақтауға өте қолайлы.

Оңтүстік Қазақстанда өсірілген жемістің алғашқы дәмін астаналықтар татады. Осындағы супермаркеттерге бежемен бірге алма, алмұрт, жүзім де келеді. Келісімдер алдын ала жасалынып қойған. Шаруашылық биыл 2 мың тонна экологиялық таза өнім жинады. Жартысын Ресейге сатыпты. Келер жылы бұдан да көп өнім алу көзделген. Көктем шыға 200 гектар алқапқа жаңғақ егіледі. Оны да тамшылатып суару арқылы баптайды.

Бирол Қарабулат, шаруашылықтың бас агрономы:

– Біздің өз тәлімбағымыз бар. Жаңғақ пен 15 түрлі алма сұрпын және жүзім өсіреміз. Біз оларды Еуропадан, Италия, Түркия, Голландия мемлекеттерінен әкелдік. Жергілікті табиғатқа жақсы үйренді. Жергілікті тұрғындар оны ықыласпен сатып алады.

Келешекте жемістерді өңдейтін цех ашу жоспарда бар. Оларды сақтау мәселесі де шешілген. 2 мың тонналық қойма салынды. Сондықтан жаңа өнімдер жыл бойы осында тұратын болады.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Наталья Цой, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Ақмола облысындағы Жақсы ауданының диқандары 600 мың тоннадан астам астық жинады

Дереккөз: www.24.kz

17486fd8c0ae0464c48096a0d5c5008e_l

Аталған аудан аймаққа ғана емес, бүкіл елімізге өзінің құнарлы бидайы және сапалы ұнымен танымал.

Өңірдің егіншілері осы жылы 430 мың гектарға жуық алқапқа бидай дәнін сіңіріп, әр гектардан орта есеппен 14 центнерден өнім алып отыр. Ал астықтың 75-80 пайызы 3 класқа жатады. Яғни өте сапалы. Кейбір шаруашылықтардың тіпті барлық өнімі жоғары сапалы болып шыққан. Сондықтан ауданның бидайы мен ұнына биыл сұраныс артып, оны өткізу еш қиындық тудырмайтынын айтады мамандар. Жалпы Ақмола облысының диқандары биыл қамбаға 5 млн тоннадан астам астық құйды.

Дмитрий Бондарь, шаруашылықтың бас агрономы:

– Біз биыл 37 мың тонна астық жинадық. Оның 30 мың тоннасын қоймаға өткізіп тастадық. Қалғанын да өткіземіз. Барлық бидай зертханада тексерілген. Сондықтан сапасында мін жоқ. Барлығы да сапалы.

Сочиде Ресейдің табиғи ресурстар және экология министрі және Қазақстан Республикасының энергетика вице-министрімен қоршаған ортаны қорғау саласындағы мәселелерді талқылады

Дереккөз: www.kz.energo.gov.kz

2017 жылдың 30 қыркүйек – 1 қазан аралығында Сочи қ. (Ресей Федерациясы) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) қатысушы мемлекеттердің қоршаған ортаны қорғау ведомстволары басшыларының кездесуі және ТМД қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің III отырысы өткізілді.
Қоршаған ортаны қорғау министрлерінің кездесуі шеңберінде 2030 жылға дейін тұрақты даму шеңберіндегі мәнмәтінінде сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi бар жануарларды, өсімдіктерді сақтау стратегиясын іске асыру тәжірибесімен және ТМД қатысушы мемлекеттердің қоршаған ортаны қорғау саласында одан әрі ынтымақтастықты нығайту туралы мәселелері талқыланды.
ТМД қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің III отырысы шеңберінде қоршаған ортаны қорғау ведомстволарының басшылары өз елдерінің биологиялық әртүрлігін, атмосфералық ауаны, жер қойнауын қорғау шеңберінде үздік тәжірибелер туралы айтып өтті. Сонымен бірге, Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің мүшелері «Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің жұмыс топтарының ережесі туралы», «ТМД қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесі жұмысының регламенті туралы», «ТМД қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің 2018-2019 жылдарына жұмысының жоспары туралы» шешімдерді қабылдады.
ТМД Атқару комитетінің өкілінің экология және қоршаған ортаны қорғау саласында шарттық-құқықтық базаны түгендеу туралы және кеңес секретариатының өкілінің «ТМД қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің қызметі туралы» «Достастыққа қатысушы мемлекеттердің Достастықтың уставтық және басқа органдарындағы жанындағы өкілетті өкілдері кеңесінің шешімі туралы» есептері тыңдалды.
ТМД қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің регламентіне сәйкес кеңес мүшелері кеңестің төрағалығы туралы шешім қабылдады, және Қазақстан Республикасынан Ресей Федерациясына ауысты. ТМД қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық экологиялық кеңесінің төрағалығына Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрі С.Е. Донской сайланды.
Сонымен қатар, Ресей Федерациясының табиғи ресурстар және экология министрі С.Е. Донскоймен және ҚР Энергетика вице-министрі Ғ. Қ. Сәдібековпен екіжақты кездесу өткізілді, кездесуде қоршаған ортаны қорғау саласындағы екіжақтық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, соның ішінде Жайық-Орал трансшекаралық өзенінің экожүйесін қорғау жөніндегі қазақстан-ресей комиссиясының жұмысы талқыланды.

Ақтөбе облысындағы бекіре шаруашылығы қара уылдырық өндіре бастады

Дереккөз: www.24.kz

26f63521b0944bdec580e58b3eafeb1c_l

Балық санын көбейту үшін уылдырықты бұрын Ресейден тасымалдайтын.

Шаруа бірнеше рет шет елдерден мамандар шақырып, балық өсірудің қыр-сырын меңгерген. Енді сол қыруар еңбектің арқасында өз өнімін ала бастады. Қарғалы ауданында орналасқан қожалық балық шаруашылығын 2006 жылы қолға алды. 19 жерден жасанды тоған қазып, Ресейден бекіретұқымдас балық түрлерін сатып әкелді. Аса бапты қажет ететін бағалы балықтарды күзде санап, қысқы тоғанға көшіреді. Сапалы уылдырық алу үшін дәрумен қосылған жем береді.

Биыл жазда жемге Каспий майшабағын қосқан. Нәтижесінде бекіре балығы 400 келіге дейін салмақ қосыпты. Бүгінде кәсіпкердің балалары мен немерелері де осы кәсіпке ден қойған. Отбасылық бизнесті дамытуға мемлекет тарапынан қолдау бар. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен шаруашылыққа кіреберіс жол салынып, тоғанға су айдайтын құбырлар жүргізілді. Шаруашылықта жергілікті 30 адам еңбек етіп жүр.

Момынжан Қали, фермер:

– Инкубациялық цех салып жатырмыз. Соны аяқтасақ, 8 келіге дейін өнім аламыз. Келесі жылдың жазында цехты кеңейтіп, қуаттылығын 25 келі өнім алуға жеткіземіз. Яғни 1 жылдан кейін қара уылдырық көлемі бірнеше есеге өседі. Ал 4 жылдан кейін 200 келіге дейін бекіре уылдырығын аламыз деген жоспар бар.

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика