Бейне материалдар | "Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы" ШЖҚ РМК

Жасыл экономика. Жасыл технологиялар арқылы жүргізілетін әлеуметтік бизнес

Дереккөз: www.24.kz

Әлеуметтік бизнес «жасылданып» келеді. Бұрын бұл сала мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жайын ойласа, қазір оның ауқымы кең. Сөзімізге дәлел елордалық мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдайтын «Балам-ай» қоғамдық қорының «Көңілді фермер» жобасы. Оның мақсаты қандай? Бүгінгі шығарылым осы және өзге де «жасыл» экономика құралдары арқылы жүзеге асқан әлеуметтік бизнес жайына арналмақ.

Жасыл экономика. Ауылдағы «жасыл» технология

Дереккөз: www.24.kz

Халықаралық ұйымдардың грант бағдарламасы арқылы «жасыл» технологиялардың өңірлерде таралуы қалай? Күн қуатынан қандай энергия алуға болады? Одан түсетін пайда қандай? Энергия көздерін үнемдеп, қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін баламалы қуат көздері жайлы толығырақ бүгінгі бағдарламада тарқатамыз.

Жасыл экономика. «Талдыкөл» су қоймасын қалпына келтіру жобасы

Дереккөз: www.24.kz

Астана халқы санының артуы кәріз сулары көлемінің ұлғайып, Талдыкөлдің толуына әкеп соқты. Осы орайда тұрғындарды мазалаған ең басты сұрақ қала маңындағы жағымсыз иістің пайда болуы. Айта кетейік, кәріз сулары тасталатын бұл су қоймасы 1970 жылы пайдалануға берілген. Оның көлемі 65,6 млн текше метр. Мұндай көлем көл дамбыларының жұмысына кедергі келтіріп, жерасты сулары деңгейінің артуына әкеп соғуы мүмкін дейді мамандар. Салдарынан 7500 гектар жерді су басып, жағымсыз иіс қала тіршілігіне залалын тигізеді. Соны ескерген Астана қаласының коммуналдық шаруашылық басқармасы мен түрік құрылыс компаниясы кәріз сулары жиналатын «Талдыкөл» сарқынды су қоймасын қалпына келтіруді қолға алды. Толығырақ бүгінгі шығарылымнан көре аласыздар.

Жасыл экономика. Тұрмыстық шыны қалдықтарын қайта өңдеу

Дүкеннен су немесе шырын сатып аларда біз оның сыртына емес, ішіндегі құрамына мән береміз. Бұл дұрыс әрине. Бірақ кейбір статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жылына 1 млрд шөлмек жиналып, оның тек 6 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі екен. Еуропалықтар бұл мәселені әлдеқашан тиімді бизнес көзіне айналдырған. Ал біздегі жағдай қандай? Осы бағытта елімізде пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылып жатқан жобалар бар ма?

Жасыл экономика. Энерготиімділікке жетудегі үздік тәжірибе

Дереккөз: www.24.kz

Армения ТМД аумағындағы «Жасыл климат» қоры тарапынан қаржыландыруға ие болған алғашқы мемлекеттердің бірі. Климаттың өзгеруімен күреске $20 млн қаржы бөлінді. Онда сол қаражаттың есебінен энерготиімділікке бағытталған жобалар жүзеге асырылды. Арменияның энерготиімділікке жетудегі үздік тәжірибесін толығырақ бүгінгі шығарылымнан көре аласыздар. Пікір қалдырыңыз

Қостанайда электрокөліктер құрастырылады

Дереккөз: www.khazah-tv.kz

Отандық автоөндірісте тағы бір тың жоба. Қостанай зауытында электромобильдер құрастыру желісі іске қосылмақ. Бұған дейін елімізде экологиялық таза көлік түрінің бір-екі данасы шығарылған. Енді өндірістік негізге қойылмақ.

Жеңіл, үнемді және арзан. Әдеттегі машиналардан айырмашылығы – құрылымы қарапайым және тартымы жақсы. Электр қозғалтқышының қуаты 85 киловатт, 115 ат күшіне тең. Аккумуляторы сағатына 33 кВт тоқ өндіреді. Әзірге электромобильдердің 12 данасы жиналған.

ОЛЕГ КОМИССАРОВ, ЖЕҢІЛ АВТОКӨЛІКТЕР ҚҰРАСТЫРУ ЦЕХЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Батареялары күміс түсті металдан құйылған. Тексеріс нәтижесі көрсеткендей қуаты орташа есеппен 200 шақырымға жетеді. Ол енді жол жағдайына, қалай жүретіндігіне байланысты. Артықшылығы неде, біріншіден қоршаған ортаға зиян келтірмейді, сосын басқа көліктерге қарағанда көп үнемдейді. Мысалы 1 шақырымға кететін бензин құнынан электр қуаты 50 пайыз арзанға түседі.

Өндірісті кең жолға қоюға тежеу болып тұрған бір жәйт – тоқ қуатын алатын нүктелердің жоқтығы. Үй жағдайында тұрмыстық электр желісіне қоссаңыз, кем дегенде сегіз сағат. Ресми ақпарға сүйенсек, «Экспо-2017» көрмесіне дейін Қазақстанда электрмен қуаттандырғыш жүз станция салу жоспарда бар. Қырық Астанада, қырық станция Алматыда болады. Қалғаны екі аралықтағы жол бойында орналасады.

Жасыл экономика. Бұлақ көрсең – көзін аш

Дерек көзі: www.24.kz

Бұлақ жер астынан шығып жатқан табиғи таза су көзі. Олар таулы-қыратты аймақтарда жиі кездеседі. Суы мол бұлақтар Ерейментау, Шыңғыстау, Жайық пен Үстіртте. Алайда қазақ жерінде әлі де болса зерттелмеген бұлақтар көзі өте көп. Мәселен Қарағанды облысынан соңғы жылдары бірнеше бұлақ көзі табылған. Бүгінде оларды жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстары қалай жүзеге асырылып жатыр?

Жасыл экономика. Еліміздің су шаруашылығы

Дереккөз: www.24.kz

Заманауи ауыл шаруашылығын сусыз елестету мүмкін емес. Әлем бойынша тұтынылатын судың 60 пайызы ауыл шаруашылығының үлесінде екен. Егіс алқабын дер кезінде суарып тұрмаса халық сұранысын жабатын көкөніс пен дәнді-дақылдарды жинай алмаймыз. Өзен, көл, қойма тоғандар су көздері есебінде, ал жауын-шашын аз түсетін аймақтарда су тапшы десек те болады. Еліміздегі су шаруашылығының қарқыны қандай? 1982 жылы Алматы облысындағы Шелек өзенінің бойынан салынған Барторғай су қоймасы не үшін қажет?

Жасыл экономика. Қандай ауамен дем алып жүрміз?

Дереккөз: www.24.kz

Бүгінде ауаны ең көп ластайтын автокөлік түтіндері. Үлесі 55,6 пайыз. Табиғат үшін атмосфералық ауаның орны ерекше. Адам үшін де қажеттісі осы. Сондықтан оны барынша қорғау сіз бен біздің еншімізде. Гидрометеорологиялық орталық мамандарының мәліметіне сүйенсек, Астананың экологиялық жағдайы нормаға сай екен. Ондағы атмосфералық ауаның ластану индексі шамамен 5 балды құрайды. Біздің бағдарламаның түсірілім тобы да С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ мамандарымен бірігіп қала көшелерінде ауа ластануына қатысты экспресс-тест жасады. Нәтижесі қандай?

Жасыл экономика. EXPO-2017 алаңындағы сервистік қызмет талаптары

Дереккөз: www.24.kz

Кез келген елдің экономикасын қызмет көрсету саласына қарап бағалауға болады дейді мамандар. Келер жылы Қазақстанға да сын сағаты келеді. Көрме кезінде туристерге қызмет көрсететін компаниялар тізімі жасалып жатыр. Олардың ішінде қонақүй, шаштараз, мейрамхана, такси қызметі бар. Барлығы EXPO-2017 территориясында орналасады. Ендеше оларға қойылар талап қандай?

Нұр-Сұлтан қ., Мәңгілік Ел д-лы, 11/1, 6 қабат

Тел.: +7(7172) 24-82-49

Яндекс.Метрика