Дереккөз: www.24.kz
Дереккөз: www.24.kz
Экологияға залал тигізетін зиянды қалдықтардың 80 пайызы тау-кен өндірісі ошақтарынан тарайды. Бұл жөнінде Алматыда өтіп жатқан Орталық Азия климаттық форумында БҰҰ даму бағдарламасының өкілдері мәлімдеді. Экологтардың айтуынша, жердің шөлейттеніп, топырақ құнарының кемуі бүгінде жаһандық түйткілге айналып отыр.
Бұл – әсіресе Орталық Азия елдері үшін өте өзекті жайт. Сондықтан ортақ мәселені бірлесе шешуде тың бастамаларды жұмыла қолға алу керек. Атап айтқанда, су ресурстары мен жер игілігін пайдалануда баршаға ортақ талап қатаң сақталуы тиіс. Конференцияда Арал теңізінің ахуалы да сөз болды. Соңғы жылдары Аралда су деңгейінің жоғарылағаны көңілге демеу. «Бірақ экологиялық апатты жағдай әлі де оңып тұрған жоқ», – дейді мамандар.
Құралай Кәрібаева, Экология және орнықты даму институтының директоры:
– Арал мәселесі – Қазақстанның мәселесі ғана емес, ол дүниежүзілік мәселе. Аралдан көшкен тұздар желі арқылы ауаның ауысуына байланысты Антарктидадан табылып жатыр. Мұның барлығын біз бірлесе отырып, халықаралық ұйымдармен шешеміз. Біз бүгінгі күні барлық ғылымның технологияларын, жетістіктерін пайдалана отырып, табиғи байлықты сақтап қалуымыз керек.
Дереккөз: www.24.kz
Қостанай ауыл шаруашылық ғылыми зерттеу институты қызметкерлері соңғы жылдары күнбағыстың 4 сұрыпын шығарған.
Жаңа тұқым түрлерінің ерекшелігі теріскей өңірдің табиғатына бейімделген, әрі өнімділігі де жоғары. Тез пісіп-жетіледі, топырақ құнарын да бірқалыпта сақтайды.
Егер дақылдың өзге түрін сұрыптауға 5 жыл жеткілікті болса, күнбағыстың тұқымына екі есе көп уақыт кетеді. Әрбір жаңа сорт – ғылыми қызметкерлердің көз майын тауысқан ұзақ жылғы еңбегінің жемісі. Тұқым түрін шығарудағы мақсат – өнімділікті арттыру. Бұл бағыттағы ізденіс тоқтаған емес.
Зибагүл Ағыбаева, Қостанай ауыл шаруашылығы ҒЗИ кіші ғылыми қызметкері:
– Ғылыми институтта сорттарды шығарып жатырмыз, бірінші бізде болған – «Заречное» деген сорт, оның да өнімділігі 29 центнер болды бір гектардан. Одан кейін «Рауан» деген шемішке шығардық. Оның да өнімділігі 27-29-ға дейін. Және де «Сары» деген сорт шығардық, оның да өнімділігі 47-ден 49 центнерге дейін.
Соңғы он жылда Қостанай облысында майлы дақыл танаптарының көлемі 16 есеге ұлғайған. Сол арқылы өңірде өңдеу нысандары көбейді. «Біз топырақ құнарын сақтай отырып, экологиялық таза өніммен экспортты жаулауымыз керек. Бұл – Президент Жолдауында айтылған міндет. «Ғылыми ізденістер алқаптарды әртараптандыру саясатымен ұштасып жатыр», – дейді институт қызметкерлері.
Нәбидолла Кикебаев, Қостанай ауыл шаруашылығы ҒЗИ бас директоры:
– Майлы дақылдардан шығарылған сорттар республикалық мемлекеттік тіркеуге кетті. Одан қалды өсірудің екі технологиясы органикалық технологиялар патентке беріліп, ол да мемлекеттің назарында, тіркеуіне алынып отыр. Сондықтан ол өзі біраз жылғы еңбектің нәтижесінің көрініп келе жатқаны.
Бүгінде қостанайлықтар қолданысқа енгізген нөлдік технология тәсілімен елімізде 1,5 млн гектар алқапқа дән себіледі. Өңір ғалымдары шығарған майлы дақыл тұқымдары мен көкөніс түрлеріне шаруашылықтар тарапынан сұранысқа ие бола бастаған. Институт қызметкерлері өткен жылы 4 жаңа тұқым түріне авторлық құқық иеленсе, тағы бес өтініш қаралу үстінде.
Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяро
Дереккөз: www.24.kz
Шымкентте жас ғалым кәдімгі күріш қауызынан қуат алуға болатынын дәлелдеді.
Ілияс Мұраттың төрт жыл бойы еңбектенген жобасы «күріш қауызынан жасалған биологиялық бактериялар» деп аталады.
Ол арнайы бактериялар арқылы күріштің қауызын белсенді құрамдарға ыдырату арқылы электр энергиясын алуға мүмкіндік береді. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің 4-курс студенті бұл ғылыми жаңалығын курстастарымен бірге іске асырған.
Жол көрсеткен өнертапқыштың әкесі екен. Ілиястың бұл жобасы бірнеше байқауда жүлдеге ілігіпті. Жалпы Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту мен баламалы қуат көздерін алуға аса мән берілген болатын.
Ілияс Мұрат, өнертапқыш:
– Күріштің қауызы күріш шаруашылығының қалдығы болып есептеледі. Сол себепті көптеген жерлерде оны жағып, экологияға орасан зор зардаптар тигізуде. Ал біз қажетсіз қоқысты тиімді жолда пайдаланып қана қоймай, одан болашақта электр энергиясын өндіру арқылы пайда табамыз.
Сапарғали Әлдешов, ғылыми жетекші:
– Ілиястың бұдан басқа бір жобасы бар. Ол әселден басқа қоспалар арқылы мазь алу. Крем жасау идеясы бар. Оны да келешекте жарыққа шығарамыз деген ойдамыз.
Дереккөз: www.24.kz
Астана қаласы әкімдігінде «Астана қаласының қоршаған ортасын 2020 жылға дейінгі сауықтыру бойынша кешенді жоспарын» және «Елорданың төмен көміртекті дамуының 2030 жылға дейінгі стратегиясын» әзірлеу бойынша Астана қаласы әкімі Ә.Исекешевтің төрағалығымен бірінші ұйымдастыру отырысы өтті.
Өткен аптада әкімдікте қала әкімі, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысқан дөңгелек үстелдер өткізіліп, онда қаланың экологиялық жағдайын жақсарту бойынша жобалар ұсынылған болатын.
Аталған кеңесте қала әкімдігі, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, ғалымдар мен халықаралық сарапшылар «Астана қаласының қоршаған ортасын 2020 жылға дейінгі сауықтыру бойынша кешенді жоспар» бірінші кезектегі және «Елорданың төмен көміртекті дамуының 2030 жылға дейінгі стратегиясы» ұзақмерзімді шаралар жоспарын әзірлеу бойынша бірлесіп жұмыс істеуге келісті.
Кеңес қорытындысы бойынша, қала әкімінің басшылығымен комиссия және келесі бағыттар бойынша жеті жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды:
1) қоршаған орта жағдайының мониторингі және экологиялық ақпаратты талдау жинағы;
2) ауа сапасын жақсарту (отын-энергетикалық кешен, жаңартылатын энергия көздерін дамыту);
3) жер үсті су ресурстары көздерінің, сумен жабдықтау және су бұру жағдайын жақсарту;
4) топырақ жағдайын жақсарту және қалдықтарды тиімді басқару;
5) экологиялық ағарту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және ТКШ-ты дамыту;
6) көліктердің қоршаған ортаға ластау жүктемесін азайту;
7) төменкөміртекті даму Стратегиясын әзірлеу.
Жұмыс сарапшылардың, мамандардың, халықтың қосылуымен ашық режимде жүргізілетін болады.
Дереккөз: www.24.kz
Елімізде қазақстандық экономикалық ұйымдардың қауымдастығы құрылды. Мақсат – қоршаған ортаның проблемаларын бірігіп шешу. Олардың үкіметтік деңгейде қаралуын қамтамасыз ету. Экологиялық бастамаларды көбейтіп, бұқараны тарту.
Дереккөз: www.24.kz
«Қазгидромет» 15 қаңтарда Қазақстанда ауа сапасын бақылайтын мобильдік қосымшасын іске қосты.
Аталмыш қосымшаны қазірдің өзінде iOS және Android жүйесінде жүктеп алуға болады. Оның көмегімен Қазақстанның барлық аумағындағы атмосфералық ауаның сапасын бақылауға болады.
«AirKZ» компаниясы 46 елді мекен және 84 экологиялық бекет туралы ақпаратты ұсынатын болады Пайдаланушы қажетті хабарламаларды қолмен таңдай алады немесе қосымша геолокация деректеріне сәйкес ең жақын орынды автоматты түрде анықтайды.
Қосымша (конфигурациясына байланысты) ауадағы ластаушы заттардың таңдалған орнында негізгі концентрациясын көрсетеді:
1) Азот диоксиді (NO2);
2) Азот оксиді (NO);
3) PM10 бөлшектерінің таразы;
4) Тоқыма бөлшектері PM2.5;
5) Шаң;
6) Күкірт диоксиді (SO2);
7) Сутегі сульфиді (H2S);
8) Көміртегі тотығы (СО).
Ольга Корнюхова, экологиялық мониторинг департаментінің директоры:
– Қосымшаны әзірлеу барысында біз оны аса қарапайым және пайдалы етіп жасауға тырыстық. Деректер сағат сайын жаңарып отырады. Бақылау деректерінен басқа, AirKZ-те әрбір заттың және оның адам денсаулығына әсер ететін сипаттамалары бар.
Сондай-ақ соңғы 24 сағат ішінде концентрациядағы өзгерістер динамикасы қолжетімді болады. Графика, ШРК шегі асып кеткен кезде графика масштабқа сәйкес келетін түске боялады.
Дереккөз: www.24.kz
Ақтөбенің жасыл белдеуін жаңғырту шаралары қызу жүріп жатыр.
Осыдан 3 жыл бұрын қала маңындағы орман алқаптарының 1 мың 200 гектарға дейін азайып кеткендігі айтылған еді. Сол кезде арнайы жоба дайындалып, жылына 200 гектар алқапты қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Одан бөлек облыс орталығын көгалдандыру мақсатында өткен жылы мыңдаған түп ағаш егілді.
Бұл шыршаны осыдан бір жыл бүрын қаңтардың суығында, аязда отырғызған еді. Рас, басында бәріміз де таңғалдық. Сөйтсек, мамандардың айтуынша, шыршаның бұл түрін қыста отырғызады екен. Қазір барлығы да жерсінген.
Жаңадан бой көтерген шағын аудандағы жолдың жиегіне 253 шырша ағашы егілді. Мезгіл таңдамай отырғызуға болатын шыршаның бұл түрін Ресейден әкелген еді. Екі елдің климаты ұқсас болғандықтан, қылқан жапырақтылар қураған жоқ.
Дегенмен мәңгі жасыл ағаш өте баяу өседі екен. Жылына небәрі 15-20 см-ге биіктейді. Қалада қазір шырша ағашы көп отырғызылып жатыр. Себебі оның ауа тазартатын қасиеті ерекше.
Әлібек Серікбаев, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары:
– Өткен жылдың күз айларында қалада 654 қылқан жапырақты ағаш пен 2 мыңға жуық тал егілді. Әсіресе жаңа шағын аудандарға жасылды молынан отырғыздық. Одан бөлек қала маңындағы ауылдық округтер 6000 түп ағаш егіп, өз үлестерін қосты. Жалпы қала аумағында 1 млн 300 мың түп ағаш өсіп тұр.
Бұрындары қарағаш көп егілетін. Оның шығымы да 95 пайызды құраған. Соңғы жылдары шырша, үйеңкі, шаған отырғызыла бастады. Өсімдік шаруашылығымен айналысатын жергілікті кәсіпкер мемлекеттік тапсырыс бойынша сырттан ағаш тал әкелген. Екі жылыжай мен 40 гектар алқапта 10 мың ағаш өсіп тұр. Олар бой көтергеннен кейін топырағымен бірге қазып алып, қала көшелеріне егеді.
Марат Итеғұлов, кәсіпкер:
– Ағаш өсіруді бір жыл бұрын бастадық. Оған дейін ұзақ уақыт дайындық жұмыстарын жүргіздік. Жылыжай салдық, жұмысшыларға үй тұрғыздық. Жергілікті билік тарапынан нақты қолдау бар. Биыл мамыр айында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен шаруашылыққа су құбырларымен жүргіземіз деп жоспарлап отырмыз.
Жылыжайда бой көтерген ағаш тез жерсінеді. Жалпы күтімі жақсы болса, егілген жасылдың 60 пайызы жайқалып өсуі керек.
Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев
Дереккөз: www.24.kz
Қостанай облысында жиырма жылдан астам уақыт жарықсыз отырған фермерлер жаппай күннен қуат алатын қондырғылар орнатуға көшті.
Баламалы энергияның шалғай мекендерге жетуіне Астанадағы ЕХРО көрмесін тамашалап қайтқан балалар түрткі болған.
Амангелді ауданына қарасты Смайыл қонысы төрт-түлік мал өсіруге аса қолайлы. Суы, шабындығы іргесінде. Азамат Сарин осы мекенде шаруашылық ұстап, отбасын асырап отыр. Үш ай бұрын ол, ЕХРО-ны көріп келген інісі Серікболсынның ақылымен күннен қуат алатын қондырғы орнатты. Қазір шығыны шаш етектен бейнетті күндер ұмытылған.
Азамат Сарин, шаруа:
– Бұрындары моторды жағу керек, қыстыгүні үйге жылытасың, оны қыздырудың өзі машақат, мотор кейде сынып та қалады, қазір мынаны орнатқаннан бері жақсы болды, алыста отырғандықтан қоғамда болып жатқан оқиғалардың бәрін біліп отыруымыз керек.
Күн сәулесінен алынған тегін тоқ – бір үйдің қажетіне толығымен жетеді. Баламалы қуат тұрмысты жеңілдетті.
Алданыш Иманқұлова, зейнеткер:
– Жарық келіп жақсы болды, сүтімізді тартамыз, кірімізді жуамыз. Рахатын көріп отырмыз, теледидарымызды көреміз, күн-түн демейміз, бұрын шамға май құйып бейнеттеніп жүретін едік, қазір оның бәрі қалды. Қаладағы адамдармен теңбіз.
Мұқан түбегі қыстауындағы бағандардың сымы қиылғанына 22 жылдан асқан. Содан бері электр тоғы жалғанған емес. Шаруашылық басшысы Боранбай Қойшыманұлы көршілерінен көріп, тиімділігіне көзі жеткен соң, өткен күзде қондырғыны сатып алды. Себебі өз бетінше тоқ өндіріп көрген әрекеті нәтиже бермеген.
Боранбай Қойшыманұлы, шаруа:
– Бұған дейін желмен айналатын тоқ қойғанбыз. Бірақ ол қолдан істеген соң, есебі дұрыс болмады ма, қалақтары ұшып кетті. Ол да ұзаққа бармады. Мұның алдында кір жуатын машинаны, сүт машинасын қоса алмайтынбыз.
Балалары тәулік бойы жанып тұратын тоқ қосқанда, ең алдымен қуанған Дәмеш Әбеуова болды. 85 жастағы кейуана бүгінде ел өміріндегі елеулі оқиғаларды қалт жібермей қарап отырады.
Дәмеш Әбеуова, зейнеткер:
– Кино көріп отырмын. Өлеңін айтып отырмын, жаңалықты естіп отырмын. Машинаны қолмен тартатын едім, машина тоққа айналып, ол да жақсы болды.
Амангелді ауданында жеке шаруа қожалықтары көбейіп келеді. Бір-бірінен шалғай, шашыраңғы орналасқан қоныстардың бәріне электр желісін тарту мүмкін еместігі де белгілі. ЕХРО көрмесінен соң өңірде оннан астам шаруашылық баламалы қуат көзіне көшкен.
Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров
Дереккөз: www.24.kz
Биыл Маңғыстау облысында 30-дан астам тың жоба жасалады.
Бұл туралы актив жиынында облыс әкімі Ералы Тоғжанов мәлімдеді. Агроөнеркәсіп саласына «ақылды технологияларды» енгізу арқылы 6 бірдей жоба іске асырылады. Ақтауда 15 мың тоннадай көкөніс сақтауға арналған 3 қойма салынады. Қарақия, Түпқараған және Мұнайлы ауданында тамшылата суару әдісімен жұмыс істейтін жылыжайлар бой көтереді. Сонымен қатар жалпы қуаты 24 МВт болатын үш бірдей күн және жел электр станциясы іске қосылады. Оның бірі Түпқараған, енді бірі Мұнайлы ауданында салынып жатыр. Үшіншісінің құрылысы алдағы көктемде Шетпе елді мекенінде басталады. Бұл жобалар өңірдегі электр энергиясын 5 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының әкімі:
– Мемлекет басшысы жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керектігін атап айтты. Осы бағытта биыл 50 мектеп түлегіне грант бөлуді жсопарлап отырмыз. Олар жергілікті қазына есебінен ІТ-технологы сынды заман талабына сай мамандықтарды меңгеретін болады. Былтыр да өңірдің 50 баласы әкімнің грантына ие болып, бүгінде жаңа технологиямен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгеріп жатыр.