Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экология департаменті уәкілетті органмен және ғылыми ұйымдармен бірлесіп, биылғы жылғы 28-30 қыркүйек аралығында Күршім ауданындағы Күршім және Қыстау-Күршім өзендерінің ластану фактісі бойынша «Визол» Геологиялық барлау компаниясы» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс экологиялық тексеру жүргізді.
Тексеру барысында кәсіпорынды жауапкершілікке тартуға негіз болатындай Қазақстан Республикасының қолданыстағы Экологиялық кодексінің нормаларына сәйкес келмейтін бірқатар олқылықтар анықталды.
Осылайша, технологиялық су жинақтағыштардың тоғанынан судың жер бедеріне асып кетуі және Қыстау-Күршім өзеніне құятын тұндырғыштан су ағызу фактілері анықталды. Нәтижесінде, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің (ары қарай – ӘҚБтК) 328-бабының 1-бөлігі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.
Айыппұл мөлшері өз еркімен су ағызудың көлемі нақтыланғаннан кейін айқындалатын болады.
Бұдан басқа, тау-кен жұмыстарының жоспарына сәйкес кен орнын игергеннен кейін табиғи объектілерді техникалық және биологиялық рекультивация көмегімен негізгі күйіне келтіру керек. Яғни, табиғи ландшафтты, ағаш өсімдіктерін және жануарлар әлемінің тіршілік ортасын қалпына келтіру қажет.
«Визол» ГБК» ЖШС уақытылы зерттеулер жүргізбегені, биологиялық негіздеме әзірлемегені және шаруашылық қызмет нәтижесінде балық ресурстарына келетін зиян орын алмағаны белгілі болды. Сонымен қатар, тау-кен жұмыстары тұрғысынан қалдықтарды басқару жүйесі сақталмаған.
Осы бұзушылықтар үшін кәсіпорынға қатысты ӘҚБтК-нің 332-бабының 2-бөлігі және 344-бабының 3-бөлігі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасалды. Бұл баптар бойынша салынған айыппұл көлемі 200 мың теңгеден асады.
Сонымен қатар, анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында жоғарыда аталған тау-кен компаниясына қоршаған ортаға теріс әсердің алдын алу және азайту жөніндегі тиімді іс-шараларды іске асыру, табиғи орта компоненттеріне зерттеулер жүргізу, биологиялық негіздеме әзірлеу және балық қорларына келтірілген зиян үшін өтемақы жүргізу қажеттігі туралы нұсқама берілді.
Орындалған жұмыстардың нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады.
Қызылорда облысындағы экологиялық жағдай Арал-Сырдария бассейнінің сулылығына тікелей байланысты.
Арал-Сырдария бассейнінде 2019 жылдан бастап су аздығы циклы жалғасуда.
Сырдария өзенінің сулылығы Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан аумағындағы су шаруашылығы жағдайына байланысты және көбінесе «Тоқтоғұл» су қоймасында (Қырғызстан) судың жиналуымен айқындалады. Биыл Тоқтоғұл су қоймасында судың жинақталу көлемі 2019 жылға қарағанда 5 млрд.м3 кем, вегетациялық кезеңнің басында Тоқтоғұл су қоймасында шамамен 15 млрд.м3 су жинақталған норма болып саналады. Ағымдағы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша су қоймасында 8,7 млрд.м3 ғана болды, бұл 2020 жылғы ұқсас кезеңге қарағанда 2,9 млрд. – қа аз.
Нарын-Сырдария су қоймалары құламасы жұмысының энергетикалық режимге ауысуына байланысты Шардара су қоймасына ағын вегетациялық кезеңде азаяды және вегетация аралық кезеңде ұлғаяды.
Осыған байланысты Шардара су қоймасын су тастау және толтыру режимі Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан су қоймаларының жұмыс режиміне және көрші елдердегі су шаруашылығы жағдайына байланысты.
Бүгінгі таңда Шардара су қоймасы толтыру режимінде жұмыс істейді. Су қоймасынан суды ағызу 50 м3/сек ағынмен жүзеге асырылады, келген судың көлемі 140 м3/сек құрайды.
Шардара су қоймасынан су ағызу ағындылықтың ұлғаюына қарай көбейетін болады.
Сонымен бірге Тәжікстан және Өзбекстан елдерінде вегетация кезеңі биыл қазанның соңына дейін жалғасады. Сондықтан Шардара су қоймасына судың түсуі және Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайту мәселесі биылғы жылғы қарашада Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының кезекті 81-ші отырысында қаралатынын хабарлаймыз.
Соңғы жылдары Жайық (Орал) өзені суының азаюына байланысты оның экологиялық жағдайы ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап Жайық өзеніндегі су ағынының көлемі біртіндеп азайып келеді. Мұның бірнеше себептері бар. Біріншіден, бұл Жайық өзенінің бассейнінде аз сулы кезең циклінің басталуына байланысты. Бұл өзендердегі су деңгейі төмендеуінің жиілеуі кезеңіне, бассейндегі ағынды реттеуге, жерді жыртуға және орманды кесуге байланысты өзеннің гидрографиялық желісінің нашарлауына әсер ететін климаттық факторлар.
Жайық өзені бассейніндегі су жағдайын жақсарту бойынша шаралар қабылдау үшін ресей тарапымен Жайық өзенінің гидрологиялық режиміне бірлескен зерттеулер жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Осы мақсатта 2020 жылғы қазанда ірі өзендер бассейндерінде (Жайық, Ертіс және басқалары) зерттеулер жүргізу бойынша ынтымақтастықты жандандырудың Бірыңғай жол картасы және оның тармақтарының орындалу мерзімдері мен оларды ұйымдастыру нысандарын нақтылаумен іс-шараларды іске асырудың жұмыс кестесі бекітілді. Қазіргі уақытта қазақстандық және ресейлік сарапшылар бірыңғай Жол картасын жүзеге асыруға кірісті.
Бірыңғай Жол картасының іс-шараларын іске асыру нәтижесінде Жайық өзенінің гидрологиялық режимін және экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған бірлескен шаралар қабылданатын болады.
Қазақстанда “Қазсушар” РМК Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда филиалдарының аудандық шаруашылық қызметкерлерін белсенді оқыту жүріп жатыр.
Осы және алдағы жылдары Қазақ су шаруашылығы ҒЗИ (Тараз қ.) оқу базасында осындай 10 семинар-тренинг өткізу жоспарлануда. Бұл биылғы жылдың өзінде аудандық су шаруашылықтарының желілік-техникалық және инженерлік персоналының 250 маманын оқытып, біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. 2025 жылға дейін “Қазсушар” РМК өндірістік-пайдалану учаскелерінің желілік-техникалық персоналының 3 мыңнан астам қызметкерінің біліктілігін арттыру жоспарлануда.
Оның үстіне, соңғы жылдары су ресурстары теңгерімін болжау мен оңтайландыруда, инвестицияларды негіздеу мен бағалауда, суды есепке алуды жүзеге асыруда, гидротехникалық құрылыстар мен арналарды дұрыс пайдалануда, су тұтыну тиімділігін арттыруда және су секторында т.б. жоғары білікті кадрлардың жетіспеушілігі байқалады.
Сондықтан желілік-техникалық бөлімнің жоғары білім деңгейі және мамандарды даярлау, өз кезегінде, Қазақстандағы гидротехникалық құрылыстардағы апаттардың жиі кездесетін себептерін жоюға мүмкіндік береді. Бұл пайдалану деңгейінің төмендігі, олардың құрылысы кезіндегі техникалық жайы, ақаулар, су тасқынын өткізу кезінде гидрологиялық жағдайдың жеткіліксіз бағалануы және т.б.
Осы мақсатта “Қазсушар” РМК облыстық филиалдарының аудандық өндірістік пайдалану учаскелерінің (аудандық сушарларының) желілік-техникалық және инженерлік персоналына арналған оқыту бағдарламасы әзірленді. Ол үшін Қазақ су шаруашылығы ҒЗИ-да мамандандырылған зертханалар, қажетті жабдықтар, сондай-ақ жоғары білікті оқытушылар, барлық қажетті ғылыми-әдістемелік және материалдық база бар.
Оның үстіне бұл Қазақстанда ПУИД-2 су шаруашылығы және гидромелиоративтік объектілерін қайта құрудың аяқталуына және елдің су шаруашылығында ирригациялық жүйелерді басқарудың, пайдаланудың, жөндеудің және техникалық қызмет көрсетудің прогрессивті әдістерінің енгізілуіне орай аса маңызды болмақ.
Сондықтан су шаруашылығының желілік-техникалық және инженерлік персоналын уақтылы оқыту және олардың біліктілігі мен іскерлігін арттыру су инфрақұрылымдарын тиісінше күтіп ұстау және су ресурстарын ұтымды басқару үшін, күрделі шығындарды болдырмау үшін үлкен маңызға ие. Бұл ең алдымен ПУИД-2 іске асырылатын трансшекаралық өзендер бассейндерінде (Сырдария, Талас, Шу және Іле) маңызды. Мұндай прогресс, сөзсіз, бүкіл ел бойынша экологиялық және су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сеп болады.
Анықтама үшін:
ПУИД-2 2014 жылғы 26 желтоқсандағы ҚР Заңымен ратификацияланған біздің республикамыз бен Халықаралық Қайта Құру және даму банкі (ХҚДБ) арасындағы Қарыз туралы келісімге сәйкес Қазақстанда іске асырылатын “ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру, 2-фаза” (ҮИИД – 2) жобасы. Жоба еліміздің 105 мың га, ең құрғақ өңірлерін қамтиды. Онда ауыл халқының тұрмыс-тіршілігі көбінесе су инфрақұрылымдарын, техникалық дұрыс пайдалануға байланысты. Оның ішінде Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары мұнда ПУИД-2 жобасы іске асырылады. Бұл жоба судың сарқылуы, шығыны мен жердің деградациясын алдын алу, шаруашылықтардың кірісін арттыру, 20 мың ауыл тұрғындарын жұмыс орындарымен қамтамасыз ету үшін мелиоративтік жағдайлар жасау үшін аса қажет. Инфрақұрылым мен институционалдық жағдайларды қалпына келтіреді және жақсартады.
Орман шаруашылығы қызметкерлері күніне орай ағаш отырғызу акциясы өтті. Акцияға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қызметкерлері қатысты.
Ботаникалық саябақта барлығы 150 дана ағаш отырғызылды. Жалпы акция республика бойынша өтіп жатыр. Бүгін 5 мың ағаш отырғызылады деп күтіледі. Ағаштардың қатарында қарағай, қайың, құсшие және алма ағашы бар.
Бұл акция ҚР Президенті Қасым – Жомарт Тоқаевтың 2 млрд. ағаш отырғызу туралы тапсырмасы аясында өткізілді. Министрлік 5 жыл ішінде Қазақстандағы орман алқабтарында 2 млрд ағаш отырғызады. Бұл шара Қазақстанның барлық қалаларында жүзеге асады.
Айта кетейік, Қазақстанда 30 млн га орман алқабы бар. Орман алқабының үлкен бөлігі Қызылорда, Жамбыл олыстарына тиесілі.
Жыл сайын қазан айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін «Орман шаруашылығы қызметкерлері күні» биыл 17 қазанға тура келіп отыр. Кәсіби мереке қарсаңында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев сала қызметкерлерін, ардагерлерді құттықтады.
«Құрметті әріптестер, сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Орман шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мерекелік кездесуді пайдалана отырып, сіздерге шынайы алғысымды білдіремін және алдағы уақытта да орман шаруашылығын дамытуға барлық күш-жігерлеріңізді жұмсайды деген сенімдемін!»
Құттықтау сөзінде министр Мемлекет басшысының орман шаруашылығы саласын дамыту мәселелеріне көп көңіл бөлетінін атап өтті. Бірқатар маңызды стратегиялық міндеттер қойылғанын еске салды. Мысалы мемлекеттік орман қоры аумағында 2 млрд. ағаш отырғызу, Арал теңізінің құрғаған табанына 1,1 млн. гектар аумақта тұқым себу және қалалар мен елді – мекендерде 15 млн. түп көшет отырғызу жұмыстары.
Сондай-ақ Серікқали Брекешев Президенттің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес Үкімет пен Парламентке жыл соңына дейін азаматтық қызметкерлердің, соның ішінде орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақыларын көтеру бөлігінде заңнамаға қажетті өзгерістер енгізуді қамтамасыз ету тапсырылғанын еске салды.
Салтанатты жиын соңында сала үздіктері министрдің «Құрмет грамотасымен», «Алғыс хатымен» марапатталды.
ҚР Үкіметінің Қаулысымен Талғат Амангелдіұлы Момышев Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметіне тағайындалды.
Талғат Момышев 1968 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын, Алматы экономика және статистика институтын тәмамдаған. Мамандығы бойынша біліктілігі: инженер-құрылысшы, бухгалтер-экономист.
1994-1996 жж. — қазақ-түрік бірлескен кәсіпорнының атқарушы директоры.
1997-1998 жж. — Жамбыл стандарттау және метрология орталығы директорының мемқадағалау жөніндегі орынбасары.
Әр жылдары жеке компанияларда жұмыс істеді.
1998-1999 жж. — Жамбыл облысы әкімі аппаратының аға референті. 1999-2000 жж. — Жамбыл облыстық инвестициялар және ЖЭС комитетінің төрағасы.
2000 ж. — «Метрология» РМК Алматы бөлімшесінің басшысы, «Ұлттық аккредиттеу орталығы» АҚ директорының бірінші орынбасары.
2000-2005 жж. — «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» ААҚ Астана қаласы бойынша өндірістік басқармасының басшысы.
2005-2010 жж. — Индустрия және сауда министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары.
2010-2014 жж. — Мұнай және газ министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы.
2014-2016 жж. — Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі Экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы.
2016-2018 жж. — ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы.
2018-2019 жж. — Жамбыл облысы әкімінің орынбасары.
2019-2021 жж. — ҚР Энергетика министрлігінің жауапты хатшысы. 2021 жылдың қаңтарынан қазіргі уақытқа дейін ҚР Энергетика министрлігінің аппарат басшысы болды.
Кездесу барысында қазақстандық тараптың Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізу Доктринасының жобасын 2060 жылға дейін іске асыру жөніндегі жоспарлары талқыланды, сондай-ақ Nexus «Орталық Азиядағы энергетикалық, су және жер ресурстарын пайдаланудағы өзара байланыс» Өңірлік жобасын әзірлеудегі басым бағыттар атап өтілді.
Министр С.Брекешев климаттық мәселелер және орман қорына 2 млрд. ағаш отырғызу бойынша қойылған мақсаттарды іске асыру шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы, сондай-ақ биылғы жылғы 15 қазанда Ташкент қаласында (Өзбекстан) өтетін Орталық Азиядағы энергетикалық және су ресурстарын пайдаланудың өзара жүйелі байланысы саясаты мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі диалогқа қазақстандық делегацияның қатысуы туралы хабардар етті.
Рудольфо Лейси ЭЫДҰ-ның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу Доктринасын іске асыруда Қазақстанға көмек көрсетуге дайын екендігін айтты. Сондай-ақ, ЭЫДҰ Қоршаған ортаны қорғау саласындағы саясат комитеті шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелерін де атап өтті.
Кездесу қорытындысында Nexus өңірлік жобасын дайындау және қоршаған ортаны қорғау саласындағы басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты жалғастыруда бірлескен жұмыс туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Алматыда 14 қазаннан бастап «Медеу-Шымбұлақ» бағытында екі электр шағын автобусы қатынай бастайды. 13 орындық SAIC MAXUS EV90 экологиялық көлігінің бір реттік қуаты 260 – 280 км дейін жүруге жетеді.
Алматы қаласында «ELECTRO TAXI» пилоттық жобасының екінші кезеңін іске асыру аясында электр шағын автобустарды «ЭҚС Операторы» сатып алып отыр. Экологиялық көлік сынақтан өтті. Көлік барлық техникалық және экологиялық талаптарға сәйкес келеді. Қоршаған ортаға еш зиян келтірмейді.
Электр шағын автобуспен жол жүру құны 500 теңге. Зейнеткерлер мен жеңілдік санаттары бар азаматтар үшін жолақысы 250 теңге. Ал 7 жасқа дейінгі балалар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жол жүру тегін.
Жолақы төлемін Kaspi қосымшасы арқылы («Такси» бөлімінде), қолма қол ақшалай төлемді «Медеу» ЖСК және «Шымбұлақ» КТ орналасқан төлем терминалы арқылы жүргізуге болады.
Осылайша «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты аймағында JAC iEv7S маркалы сегіз электромобиль және SAIC MAXUS EV90 екі электрмикробусы қатынап отыр. Бұл әрине жобаны іске асырудың осы кезеңдегі нәтижесі.
ELECTRO TAXI пилоттық жобасын жүзеге асыру Алматы қаласында экологиялық таза көлік құралдарын (электромобильдерді) пайдаланудың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Медеу» мен «Шымбұлақ» нысандарының көпшілікке көрсетер үлгісі болмақ.
2018 жылғы 12 тамызда Ақтау қаласында өткен Бесінші Каспий саммитінің қорытындысы бойынша Каспий маңы мемлекеттерінің басшылары Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға биологиялық әртүрлілікті сақтау туралы Хаттаманың күшіне енуі үшін мемлекетішілік келісу рәсімдерін өткізу туралы шешім қабылдады.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мақұлдаған және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қарауына енгізілген «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға биологиялық әртүрлілікті сақтау туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң жобасы әзірленді.
2021 жылғы 14 қазанда ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі
С.А. Брекешев Каспий теңізінің биологиялық әртүрлілігін сақтау туралы хаттаманың негізгі ережелері туралы баяндама жасады.
Хаттамада көзделген шаралар Каспий теңізінің экожүйесін сақтау жөніндегі бес Каспий маңы мемлекеттерінің ынтымақтастығын күшейтеді.
Хаттаманың қабылдануы жануарлардың қорғалатын түрлеріне және олардың мекендеу орындарына теріс әсер етудің алдын алу жөніндегі олардың бірлескен қызметін реттеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте құрып кету қаупі төнген түрлердің мекендеу орындарын қорғау мақсатында теңіз ортасында және жағалау аумағында қорғалатын аудандарды бөлуге болады.
Сонымен қатар, Каспий маңы елдері теңіз ортасының ластануын болдырмау бойынша бірлесіп табиғат қорғау шараларын қабылдай алады, сондай-ақ Каспий теңізіндегі құрылыс немесе іздестіру жұмыстарына байланысты қызметті реттей алады.
Жалпы отырыс барысында «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға биологиялық әртүрлілікті сақтау туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң жобасы бірауыздан қабылданды.