Дереккөз: www.24.kz
Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері 1100 өрт оқиғасы тіркелді.
Оның 800-і жер үйлерде тұтанған. Әсіресе Семей мен Өскемен қалаларында осындай оқиғалар жиі қайталанған. Осындай қауіп-қатердің алдын алу мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері «Қауіпсіз оқу жылы» акциясын бастады. Жылу маусымы алдында олар мектептерге барып, бастауыш сынып оқушыларына арнайы нұсқаулық жазылған дәптер қаптамасын таратты. Осы мазмұндас 50 мың тысқап әзірленіпті. Оқушыларға қауіпсіздік ережесін өрт сөндірушінің өзі келіп түсіндіруі ерекше әсер қалдырды. Ең бастысы енді балалар «101» және «112» нөмірін жатқа білетін болады.
Жазира Аманғалиқызы, ШҚО ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы:
– Жалпы жиыны 50 мың данадай дәптер қабы әзірленді. Оның сыртында құтқару телефоны, өрт сөндіру қызметі телефоны және ШҚО ТЖД балалар арналған «Спасательный круг» деген парақшасы бар арнайы ақпарат та осында берілген.
Шырай Қинаятова, оқушы:
– Маған бұл сыйлық ұнады. Бүгін бізге өрт сөндіруші қонаққа келді. Өртеніп жатқан бір үйді көрсең, өрт сөндірушіге хабарласу керек.
Дереккөз: www.24.kz
Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданындағы мектеп пен балабақшада жаппай жылыжайлар ашылып жатыр.
«Бұл біріншіден, оқушылар мен балдырғандарды жыл он екі ай экологиялық таза көкөніс өнімдерімен қамтуға мүмкіндік берсе, екіншіден нарықтағы бағаны едәуір реттейді дейді», – жергілікті басшылар. Осы күнге дейін 15 жылыжай ашылған, келесі жылы тағы 8-ін іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар әрбір мектепке 5 гектар жер бөлініп берілген. Онда қазір картоп жинау науқаны жүріп жатыр. Мектеп басшылары өздерінен артылған өнімді сатып, қосымша пайда табуды да үйреніп келеді.
Ділдәбек Оразбаев, Тарбағатай ауданының әкімі:
– Бір жылда 7-8 рет өнім беріп жатыр. Мысалы жылыжай ашылғалы Ақжарда көкөністің бағаларын түсірдік. Базарларда 1000-1 200 теңгеге дейін шығып кетті. Сол кезде 30-40%-ға дейін түсірдік. Сонда амал жоқ, олар да түсіреді. Балабақшаларда барлығы бар, балаларды көкөніспен қысы-жазы тегін қамтамасыз етіп отырамыз. Сондай-ақ артығын сатып пайда тауып жатыр. Ойыншықтар алып жатыр.
Дереккөз: www.24.kz
Ақтөбе облысында күн батареясы мен жел генераторы малшы ауылдарға да жетіп, бақташылар инновациялық технологияның игілігін көріп жүр.
Жергілікті кәсіпкер өз қожалығында күннен қуат алатын киіз үй тігіп, жаңашыл қадам жасады. Нәтижесінде үйдің төбесіне орнатылған күн батареясы қазір қажетті энергиямен толық қамтамасыз етіп отыр. Алты қанат ақ үйде бақташы мен оның көмекшісі тұрады.
Қырдың басында тұрған киіз үйде адамға керектің бәрі бар. Күннен қуат алатын батарея үйге жарық беріп тұр. Бейнебақылау жүйесі де осы қондырғы арқылы жұмыс істейді. Киіз үйді кәдімгі экотон кірпішінен салып, ішін киізбен қаптаған. Уығы мен шаңырағы, түндігі мен есігі ескі әдіспен жасалған. Жаздың ыстығында қоңыр салқын болып тұратын жертөлесі тағы бар.
Айдарбек Пұсырманов, бақташы:
– Кіріп алғаныма бір айдай болды. Жазда салқын, биыл бірінші қыстайын деп отырмын, бұйырса. Жаман емес, жағдай жақсы. Бәрі бар ішінде, дәретхана, ванна, бар жағдай жасалған. Адамдар көп келіп жатыр, көріп жатыр, суретке түсіріп жатыр. Қонақ болып келіп жатқандар бар.
Көпшіліктің қызығушылығын тудырған бұл үй кәсіпкер Ербол Байжарқыновтың біраздан бергі арманы екен. Бақташыларға қолайлы жағдай жасағысы келген әрі қыс мезгілінде қожалық орналасқан аумақты қар басып қалатындықтан, көп қиындық болған. Ал киіз үйдің айналасына қар тұрмайды. «Инновациялық үй шалғайдағы малшы ауылдарға тиімді», – дейді ол.
Ербол Байжарқынов, кәсіпкер:
– Өте ыңғайлы, бұл бір жағынан салт-дәстүрді сақтап көрсететіндей және күн батареясынан қуат алады. Қазақстанда күннің көзі тегін. Тоғымен теледидарын да қарап отыр және жарығын да беріп тұр.
Қожалық иесі мұнымен тоқтамаған. Әр жылқыға GPS навигатор орнатыпты. Бейнебақылау камерасы арқылы жан-жақты көріп отырады. Мұның бәрі бақташының жұмысын жеңілдеткен. Қожалықта 4 түліктің бәрі бар. Сүт және ет өнімдерін қала базарларына тапсырады. Кәсіпкер қала маңынан тұтас бір этноауыл тұрғызғысы келеді. Ондағы киіз үйлердің бәрі күннен қуат алатын болады.
Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев
Дереккөз: www.24.kz
Қостанай облысында егілген егіннің 25 пайызы, яғни 1 млн гектардан астам алқаптың астығы орылды.
Орақ науқаны әсіресе оңтүстік аймақтарда қызып тұр. Атап айтқанда Амангелді ауданының диқандары бидайдың 40 пайызын қамбаға құйып үлгерген. Егісті уақытында аяқтап, жер өңдеу жұмыстарын тыңғылықты жүргізген торғайлық шаруалар жауын-шашын аз болған биылдың өзінде ойдағыдай өнімге қол жеткізіп отыр.
Ғалымжан Шайхин егін егуді ең алғаш 400 гектардан бастады. 22 жыл ішінде оның егістік алқабы да сонша есе өсті, қазір 9000 гектар танапқа тұқым себеді. Былтыр ол гектарына 16 центнерден өнім алды. Биыл шығым одан төмен. Ендігі міндет – ел ырыздығын ысырапсыз жинап алу. Алқапта қазір алты комбайн тынымсыз жұмыс істеп тұр.
Ертілеу Кенжетаев, механизатор:
– Таңертең сағат 7 кезінен басталып, кешкі 11-ге дейін созылады. 30 гектар қайтсек те шабамыз ғой, шығымына байланысты. Егін 8-ден беріп тұр ғой әзірге. Биыл жауын-шашын аз болды.
Торғай аймағында егін, солтүстік аудандармен салыстырғанда әуелден өнімді кем береді. Алайда бидайының қамырлылығы жоғары, құны қымбат. Биылғы егіннің сапасы тіпті ерекше болмақ. Өйткені танаптардың деніне элиталық тұқым себілді.
Ғалымжан Шайхин, шаруашылық басшысы:
– Биыл бидайдың тұқым жағынан тоннасы 75 мың болып еді, сол 49 мыңын Үкімет элиталық тұқым үшін қайтарып берді. Сонымен қатар жәндіктермен күреске оның 50 пайызын қайтарып берді.
Амангелді ауданындағы егін егуге болатын алқап көлемі – 140 мың гектар. Алдағы екі-үш жылда өңір шаруалары бұл танаптарды толықтай игеруді көздеп отыр. Бұрын тек мал шаруашылығына басымдық берген ауданда, егіншілік те дамып келеді.
Ерлібек Есжанов, Амангелді аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы:
– Алғашқы 97-жылдары заманның кішкене құлдыраған уақытында 15 мың гектардан бастаған болатын. Міне, Үкіметіміздің беріп жатқан көмегі арқасында шаруа қожалықтары алға қарай жылжып, биыл 111 мың гектарға жетті.
Бүгінге дейін аудан диқандары 43 мың гектардың егінін жинап үлгерді. Қазір бидайды кептіру, қырманға тасу жұмыстары жүріп жатыр. «Техника қуатты, жанар-жағармай жеткілікті, жиын-терім науқанын жылдағылай қыркүйек айының ортасына дейін толық жинап үлгереміз», – дейді амангелділіктер. Ал облыс бойынша егін шығымы әзірге гектарына 10 центнерден келіп тұр.
Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров
Дереккөз: www.24.kz
Республикалық әйелдер кеңесі ресейлік әріптестерімен ынтымақтастықты нығайтпақ. Бұл туралы «Қазіргі замандағы әйелдер ынтымақтастығы» атты жиында айтылды. Қос тарап ширек ғасыр бойы қоғамдағы өзекті мәселелерді бірлесе шешіп келеді.
Мамандардың айтуынша, жаһандану заманында әйелдер ұйымдарының бірігіп жұмыс істеуі маңызды.
Айта кетейік, «Әйелдер болашақ энергиясы үшін» халықаралық форумы ертең өз жұмысын бастайды.
Нина Каюпова, «Республикалық әйелдер кеңесі» ҚБ төрайымы:
– Қазіргі заманда әйелдер ұйымдарының бірлесіп әрекет етуі өте маңызды. Өйткені, дамыған қоғам құруға, отбасы мәртебесін арттыруға, ұлттық дәстүрлерімізді сақтауға тиіспіз. Демек, ұлт тағдыры, ел болашағы біздің қолымызда тұрғанда аянып қалмауымыз керек. Бастамаларды жүзеге асыру үшін шетелдік әріптестерімізбен қарым-қатынасты бекіте түсеміз.
Дереккөз: www.24.kz
Солтүстік Қазақстан облысында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 300 жоба жүзеге асты.
Бұл бағытқа бөлінген 1 млрд теңгеден астам қаражат толық игеріліп, ауылдағы іскер азаматтар өз алдына кәсіп ашты.
Жанат Сәдуақасов інісімен Шығыс Қазақстаннан Солтүстік Қазақстанға көшіп келіп, мал шаруашылығын қолға алды. Іскер ағайындылар «Игілік» бағдарламасы бойынша 6 млн теңге рәсімдеп, табынына 24 тайынша қосты.
Жанат Сәдуақасов, шаруа:
– Қазір 72 басқа апардық. Оның ішінде асылтұқымдылары да бар. Және сауылатын мал алып жатырмыз. Өте тиімді. Мұнымен жұмыс істеп, ақырындап көтерілуге болады.
Бұл – «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы жүзеге асқан жоба. Ол бойынша биыл 174 солтүстікқазақстандық өз алдына кәсіп ашты.
Елнұр Сыздықов, қаржы-несиелік ұйымының менеджері:
– Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 1 млрд 15 млн 200 мың теңгеге 303 жоба қаржыландырылды. Соның ішінде мал шаруашылығын дамыту үшін 543 млн 800 мың теңгеге 206 жоба қаржыландырылды.
Биыл басталған бағдарлама ауыл азаматтарына арналған. Бұл жұмыссыздық мәселесін шешуге де оң әсер етеді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев Дмитрий Рура
Дереккөз: www.24.kz
Ауыл шаруашылығы өнімдерін әртараптандыру – уақыт талабы.
Осыған байланысты, павлодарлық шаруалар бұрын-соңды өсірмеген дақыл түрлерін тәжірибе алқабында байқап көруді қолға алды.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
– Жасымық өсіретін шаруашылықтар саны облыста саусақпен санарлық. Соған қарамастан соңғы кездері диқандар тарапынан зор қызығушылық бар. Өйткені бұршақтұқымдас дақылға сұраныс жоғары екен.
Жасымық ору науқаны басталып та кетті. Өнім шығымдылығы жаман емес. Гектарына 14-15 центнерден келген. Шаруалар бұл дақылдың экономикалық тиімділігін жоғары бағалайды. Айтуларынша, жасымық алқаптарындағы ылғал бір жыл бойы құрғамайды. Бұған қоса топырақ құрамында азот пен фосфор ұзақ сақталады. Шаруа қожалығының жетекшісі Александр Поляков жасымық өсіруді 5 жыл бұрын қолға алыпты. Биыл егіс алқабын 3 мың гектарға көбейткен. Алған өнімін нарыққа шығармақ.
Александр Поляков, шаруа қожалығының жетекшісі:
– Нарық бағамы қалай болатыны әзірге белгісіз. Кейде аз өнімнің бағасы жақсы болады, көп болса өткізе алмай жатамыз. Қазақстан нарығында жасымыққа сұраныс көп емес. Өйткені оны тағам ретінде күнделікті қолдана бермейміз. Өнімді алыс шетелдерге экспорттаймыз деген үмітіміз бар.
Ауыл шаруашылығы саласының мамандары аталған дақылды өсіруге Павлодар жері аса қолайлы дейді. Күннің көзі молынан түседі. Ылғал да жеткілікті. Ең бастысы технологиясын үйрену қажет. Айтуларынша, жасымықтың тоннасы нарықта шамамен 500-800 АҚШ долларына бағаланады.
Бауыржан Қасенов, облыс әкімінің орынбасары:
– Фермерлер өнімді өткізу жөнінде дұрыс мәселе көтеріп отыр. Бұл – біздің өңір үшін жаңа дақыл. Бірақ біз оның экспорттық әлеуетін жақсы білеміз. Бұл – валютаға сатылатын өнім. Қазір аймақта 40 шақты шаруашылықтың басын қосқан ірі кооператив бар. Келер жылы олар жасымық өсіруді қолға алады. Бірігіп жұмыс жасайтын болса, өнімді өткізуде қиындық туындамайды.
Жасымықты негізгі экспорттаушы ел – Канада. Сатып алушы мемлекеттер – Қытай, Иран, Пәкістан, Түркия. Агрөнеркәсіп кешенін әртараптандыру бойынша фермерлерге мемлекет тарапынан қолдау зор. Өткен 7 айдың көрсеткіші бойынша Павлодар облысының шаруалары тұқым алу үшін шамамен 500 млн теңге субсидия алған. Биылғы егіс алқаптарының 92%-ына өнімділігі жоғары элиталық тұқымдар себіліпті.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий
Дереккөз: www.24.kz
Дереккөз: www.24.kz
Жер емген диқандар күзгі дала жұмыстарын қысқа мерзімде ысырапсыз аяқтауды жоспарлап отыр.
Сондықтан да ризығын жерден табатын шаруалар жиын-терімге ерте қамданды.Биыл өңірде орақ науқанына сегіз мың комбайн жұмылдырылатын болады.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында бидай бітік шықты. Өйткені ауа райы жайлы болғанын айта кету қажет. Яғни уақтылы жауған жауын-шашын мен аптап ыстық егіннің жақсы пісуіне сеп болды.
Жалпы биыл көктемде өңір диқандары 4 млн 222 мың гектар алқапқа ырыс дәнін сіңірген болатын. Оның 3 млн гектары астық болса, қалғаны майлы дақылдар. Алажаздай баптаған сары алтынды шашау шығармай жинап алу үшін тегеурінді техникалар дала басында жүйтки бастады. Гектар түсімі әзірге облыс бойынша орта есеппен алғанда 17 центнерден айналуда. Бұл – жақсы көрсеткіш. Алдын ала болжам бойынша шамамен 6 млн тоннаға жуық астық қамбаға құйылатын болады. Қазір аймақтағы барлық агроқұрылымдар аталған науқанға тас-түйін дайын. Оларды арзандатылған жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін ел қазынасынан 10 млн 200 мың теңгеден астам қаржы бөлінді.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
– Астық жақсы шықты. Оған менің әкім боп келгенім бар, табиғаттың да әсері, өңір өзгерді. Егін орағы ойдағыдай жүріп жатыр.
Сәтін салса, дала қосынындағы шаруалар енді екі ауысымда жүргізілетін болады. Себебі табиғат ана оң қабақ танытып тұрғанда, астықты ысырапсыз жинап алу қажет.
Солтүстіктің сары алтыны Ресей, Иран, Қытай сынды елдерге экспортталмақ. Ал алдағы уақытта аграрийлер майлы дақылдарды өсіруді мықтап қолға алмақшы. Ауыл шаруашылығы алқаптарын әртараптандыруға байланысты келер жылы 1 млн гектар алқапқа майлы дақылдар егілетін болады. Себебі өнімнің бұл түріне уақыт өткен сайын сұраныс артуда.
Авторы: Самат Қайырденұлы
Дереккөз: wwwkz.energo.gov.kz
2017 жылғы 18 тамызда Заң жобалау қызметi мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында «Парниктік газдар және озонды бұзатын заттарды реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы қарастырылды және талқыланды.
Парниктік газдарды және озонды бұзатын заттарды реттеу, климаттың өзгеруіне бейімделу және қалдықтарды мемлекеттік басқару салаларындағы ұлттық заңнаманы тұрақты дамудың мақсаттарына және елдің әлеуметтік-экономикалық өсуіне сәйкес келетін Париж келісімі, Біріккен Ұлттар Ұйымының Негіздемелік конвенциясы мен Монреаль хаттамасы шеңберінде қабылданған халықаралық міндеттемелерге сәйкестендіру аталған заң жобасын қабылдау мақсаттары болып табылады.
ВАК-тың отырысына мемлекеттік органдар, сондай-ақ «Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2016 жылғы 19 ақпандағы өкімімен бекітілген ВАК-тың мүшелері және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.
ҚР ЭМ Баспасөз қызметі