Дереккөз: www.24.kz
Алматы облысының Көксу ауданында сүт өндірудің жаңа әдісі бойынша жұмыс істейтін тауарлы-сүт фермасы ашылды.
Заман талабына сай кешен бастан-аяқ автоматтандырылған. Фермадағы сиырларға роботтар күтім жасап, уақытылы сауып тұрады. «Сәйкесінше, өндірілген өнімнің сапасы да жоғары болады», – дейді мамандар.
Көксу ауданындағы бұл тауарлы-сүт фермасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі негізінде ашылған. Жобаны жүзеге асыру үшін жалпы құны 2 млрд теңгедей қаржы жұмсалды. Ферманың ішіндегі ауаның өзі жыл мезгіліне сәйкес жылытылып-салқындатылады. Желіні сыздаған сиырлар сауын аппаратына өз еркімен барады екен. Сауыншы – робот. Сондықтан бұрынғыдай қолдарына шелек ұстап, ары-бері сүт тасып жүретін адамдарды көрмейсің.
Жанат Максим, тауарлы-сүт фермасының операторы:
– Мойнына қарасаңыздар, нөмірі мен жібі бар. Сол нөмір арқылы чип оқылады да, чиппен сиыр кіреді. Егер сиыр бір рет кіріп, тағы да айналып кірсе, ол чип оқылады да, сиырды екінші мәрте саумайды.
Мұндағы Зеңгі баба төлінің барлығы Германиядан әкелінген. Голштина-Фриз тұқымды сауын сиырлардың әрбірі тәулігіне 40-45 литрдей сүт береді. Әзірге фермада 160 бас сиыр бар. Алдағы 1-2 айдың ішінде шетелден қосымша 200 құнажын жеткізіледі.
Рақым Кәрімов, тауарлы-сүт фермасының басшысы:
– Бұл – 400 басқа арналған жоба. Дегенмен болашақта фермадағы сауын сиырлардың санын 600 басқа жеткізуді көздеп отырмыз. Оған жем-шөбіміз емін-еркін жетеді. Шаруашылықты кеңейтуге толық мүмкіншілігіміз бар.
Нұрдәулет Кененбаев, Көксу ауданы әкімінің орынбасары:
– Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында биылғы жылы ауданымызда бір кооператив құрылды. Бұл кооператив жыл басынан бері бір мың тонна сүт жинап, сүт зауытына өткізді. Енді келешекте кооперативтерді ары қарай дамытсақ деген ойымыз бар.
Көксу ауданы бойынша сүтті бағыттағы асылтұқымды сиырлардың саны жылдан жылға көбейіп келеді. Ауданда жалпы саны 30 мыңдай Зеңгі баба төлі болса, соның 13 пайызы – асылтұқымды. Жақын арада тап осындай тағы бір тауарлы-сүт фермасы іске қосылады. Мұндай кешендер мал тұқымын асылдандыру жұмыстарына тың серпін береді. «Ұрғашы мал фермада қалса, бұқаларын жергілікті шаруашылықтардың сатып алуына жағдай жасаймыз», – дейді аудан басшылары.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов
Дереккөз: www.24.kz
Соңғы 5 жылда Шығыс Қазақстан өңірінде заманауи технологияға негізделген бірнеше өндіріс орны құрылды.
Солардың бірі – «Қазмырыш» зауытының Малеев кеніші. 2014 жылдан бері кенді автоматтандырылған жүйемен қазып келеді. Жуырда Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде кәсіпорын жобаны нақты іске қосты.
Облыс бойынша түсті металдарға ең бай кеніштердің бірі – Малеев. Қазір жер астындағы кеннің 19-20-қабаты қазылып жатыр. Бұл шамамен 1 шақырамдай тереңдікте. Кенді қазу, тиеу және оған жұмылдырылған техинканың бәрі автоматты басқарылады.
Максим Красиков, Малеев кенішінің басшысы:
– Автоматтандырылған жүйе, өндірісті басқарудың жаңа тәсілі. Кенді қазу мен тиеу кезінде қандай да бір техникалық ақау болса, жедел шешім қабылдауға қолайлы. Кеніш қабаттарында, неше техниканың жүргенін және жұмысқа қашан қосылып, қанша кен өндіргеніне дейін көріп, бақылап отырамыз.
Өскемен арматура зауыты да инновация иглігін игере бастады. Кәсіпорын қазір мұнай-химия және гидрология саласына қажет жапқыш шүмектер мен крандардың түр-түрін шығарады.
Николай Кривосеенко, зауыттың бас инженері:
– Қазір біздің зауыттағы станоктардың барлығы автоматтандырлыған. Тіпті жапқыш шүмектер мен крандарды да заманауи құралмен дәнекерлейміз. Нәтижесінде жұмыс уақыты екі есеге қысқарды.
Өңірде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарлама басталғалы 71 жоба қолға алынған. Нәтижесінде 17 мың жаңа жұмыс орны ашылған.
Мақсат Мүсәпірбеков, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:
– Ағымдағы жылдың 11 айында 1 триллион 400 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. 2017 жылы 6 инвестициялық жоба іске асырылған. Жалпы сомасы 380 миллиард теңгені құрайды.
2018 жылы да құны 226 миллиард теңгенің 10 жобасы іске асырылмақ. Оның үшеуін шетелдік инесторлар қаржы салып, жұмысты бастап қойды.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин
Дереккөз: www.24.kz
Аралды қалай құтқару керек? Бұл туралы сұрақтар Орталық Азияның су проблемаларына арналған дөңгелек үстелде талқыланды.
«Солтүстік-Оңтүстік» саяси орталығы ұйымдастырған пікірталас Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінде өтті. Жалпы, Арал теңізі бассейні алты республиканың аумағын қамтиды: Орталық Азия елдері мен Ауғанстан. Экологиялық апат қайталанбау керек деген ғалымдардың ойы екіге бөлінді. Бірі «Арал теңізі адам қолымен жасалған экологиялық апаттан құрғады» десе, екінші топ «теңіздің маңын жайластыру, қалпына келтіру – циклді құбылыс» дейді.
Петр Завьялов, РҒА океанология институты директорының орынбасары:
– Теңізді бұрынғы қалпына келтіру адам қолынан келетін дүниеге ұқсамайды. Тіпті барлық күш-жігерді салып, Сырдария мен Әмударияның деңгейін 60-жылдардағыдай көрсеткішке жеткізсек те, теңізді толтыру процесі ондаған жылға созылады. Ал нәтижесі жаңа суқоймасын құрумен тең болар еді. Сол себепті Арал теңізін қолжетімді және қолайлы жағдайда құтқаруды ойластыру керек.
Дереккөз: www.24.kz
Оңтүстік Қазақстан облысында «ҚазАгро» ұлттық холдингінің қаржыландырылған жобасы толық қуатында жұмыс істеуге көшті. Арыс қаласындағы «Қазына жер Ltd» серіктестігі «ҚазАгро» ұлттық холдингінің еншілес компаниясы «ҚазАгроҚаржыдан» құны 2 миллиард теңге қаражат алып, оған шетелден асыл тұқымды сиырлар алған. Осының арқасында ірі тауарлы сүт фермасының жұмысы жандануда. Мұнда әрбір сауынды сиыр тәулігіне 29 литр сүт береді.
Қорадағы асыл тұқымды сиырлар Канада мен Украинадан және еліміздің өзге де аймақтарынан әкелінген. Қазір мұнда жалпы мал басының саны мыңнан асады. Оның 600-ден астамы аналық бас. Сүтті бағыттағы сиыр болғандықтан жем-шөбіне көбірек көңіл бөлеміз,- дейді сүт фермасының басшысы Алымжан Ахметов.
Алымжан Ахметов, «Қазына жер Ltd» ЖШС бас директоры:
– Толық қуаттылыққа біз осы жылы шықтық. Толық қуаттылық біздің жобамыз бойынша 14 тонна болатын. Жалпы қазір біз 15 тоннаға жуық сүт алып жатырмыз. Енді қазір тағы да кеңейсек пе деген жоспарымыз бар. Ол үшін «АгроНесие» корпорациясына құжат тапсырып, келесі жылы 400 бас сиыр алсақ па деп жатырмыз.
Оңтүстік Қазақстанның халқы жылына орташа есеппен 245 мың тонна сүт тұтынады. Соңғы жылдары өңірде заманауи үлгідегі роботтандырылған сүт фермаларының саны арта бастаған. Ал «ҚазАгро» ұлттық компаниясы еліміз бойынша тауарлы сүт фермасының желілерін дамыту негізінде 47,3 миллиард теңгеге 43 жобаны қаржыландырған.
Ринат Нұрбаев, «ҚазАгроҚаржы» АҚ ОҚО филиалы директорының орынбасары:
– Аударма Біз бұл жобаны 2012 жылдан бастап қаржыландырып келеміз. Екі кезеңді еңсеріп, жоба толығыменен қуаты артып отыр. Одан бөлек малды азықпен қамтамасыз ету үшін әрі жемшөп шаруашылығын дамыту мақсатында осы «Қазына жерге» қаржы бөліп отырмыз. Оған қажетті техника сатып алынды.
«ҚазАгроның» инвестициялық бағдарламасы іс жүзінде еліміздің ауыл шаруашылығының барлық басты бағыттары мен салаларын қаржыландырып келеді. Ірі тауарлы сүт фермалары мен қазіргі заманғы жылыжай кешендерінің құрылысы осының айғағы.
Авторлары: Нұрбек Байбосын, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов
Дереккөз: www.24.kz
Ертіс өңірінде облысында қызанақ өсіретін жылыжай кешені қолданысқа берілді. Кәсіпорынның жылына 3 мың 600 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Бұл Екібастұздың индустриялды экономикалық аймағында жүзеге асқан ірі жобалардың бірі. Жаңа кәсіпорынға құйылған инвестиция көлемі 3,8 миллиард теңге тұрады. Өнімнің 60 пайыздан астамын экспортқа шығаратын кешенге әріптесім Қарлығаш Қасиетова арнайы барып қайтты.
Бұған дейін раушан гүлдерімен танымал болған индустриалды өлкедегі жаңашылдық мұнымен шектелмейді. Көкөніс өсіруге арналған аумағы 12 гектар алқапта құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Келешекте тағы 60 гектар жерге жылыжай салынбақ. Өңірде халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етудің кешенді жоспары құрылған.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
– Алдымызда келе жатқан мерекелердің құрметіне әзірленген ас мәзіріне Павлодарлықтар жергілікті жерде өсірілген қызанақтарды пайдалана алады. Аумағы 5 гектар жерді алып жатқан жылыжай кешенінде қызанақтың 6 түрі өсіріледі. Жылына 3 мың 600 тонна өнім алу жоспарланған.
Нидерланд технологиясымен өсірілетін қызанақтың күтімі бөлек. Төрт бригадаға бөлініп жұмыс істейтін жұмысшылардың атқаратын қызметтері де ерекше.
Айгүл Сұлтанова, жылыжай кешенінің қызметкері:
– Біздің істейтін жұмысымыз мысалы алты түрлі қызанақ өсіріледі. Сол әртүрлі қызанақтың өзінің гүлдерін санаймыз. Мысалы, хайкуда бес гүл болуы керек. Артық гүлдерін алып сол керекті санын қалдырамыз. Мінекей хайкуда бес-бестен қалдырамыз сосын барып гүлді алған соң помидор өсіп шығады.
Технологияға сәйкес химиялық қоспалар мен тыңайтқыштар пайдаланылмайды. Өсімдік көшеттері арнайы субстраттарға отырғызылған Экологиялық таза өнімді еліміздің бірқатар өңірлеріне және Ресейдің көрші облыстарына экспорттау көзделіп отыр.
Дәулет Баймағамбетов, кәсіпорынның бақылау кеңесінің төрағасы:
– Қазір Ресей тарапынан үлкен сұраныс бар. Көптеген сауда желілері тапсырыс беріп жатыр. Өнімнің шамамен 60 пайызы экспортқа бағытталған. Бірақ Павлодар облысы және де Қазақстанның өзге өңірлерін қызанақсыз қалдырмаймыз.
Қазірдің өзінде «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлескен келісім-шарт жасалған. Заманауи жылыжайда 86 адамды тұрақты жұмыс істеп жатыр.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий
Дереккөз: www.24.kz
Елімізде электр қуаты тапшы.
Өндірілген жалпы тоқ көзінің 40 пайыздан астамын өндіріс ошақтары тұтынады. Олардың жалпы саны қазір 5 мыңға жеткен. Сондықтан энергияның балама көздерін іздеу – күн тәртібіндегі өткір мәселе. Қарағандыда өткен семинар осы тақырыпқа арналды. Халықаралық сарапшылар мен кәсіпорын басшылары өзекті мәселені талқылады. Ал Германиядан келген мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті. Қазірдің өзінде елімізде жасыл энергетика бағытында 40-тай жоба жүзеге асып жатыр. Соның нәтижесінде 7 миллиард теңге үнемделген.
Лина Ужшилайтите-Шульте, энергетикалық агенттік сарапшысы: /Германия/
– Біздің елімізде жүзеге асып жатқан «жасыл жобалардың» барлығы өз жемісін беріп келеді. Мәселен, 10-15 компания ерікті түрде бірігіп, қуат көзін үнемдеудің жолдарын іздейді. Энергияаудит жүргізеді, тәжірибе алмасады. Себебі барлығы да бұған мүдделі. Осы семинардан соң Қазақстанда да бұл жұмыс нәтижелі жүреді деп сенеміз.
Дереккөз: www.24.kz
Алдағы жылы Алматы облысындағы сервистік-дайындау орталығының қатары көбейеді.
Бұл мақсатта аймақтағы ауылшаруашылық жұмыстарын қарқынды жүргізу үшін тағы 5 осындай орталық ашу жоспарланған. Оларға 96 бірлік техника алынады. Қазір Жетісу өңірінде 550-ден астам жоғары сапалы техникалармен жұмыс істейтін 29 сервистік-дайындау орталығы бар. Жер жырту және жүгері, күріш, астық пен қант қызылшасын жинау кезінде де шаруа қожалықтары осы орталықтардың көмегіне сүйенеді.
Қоюмчан Омаров, облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:
– Он сегізінші жылы осы саланы дамыту үшін тағы 5 сервистік орталық қант қызылшасына байланысты құрылады деп болжануда. Әсіресе біздің Ақсу қант зауытының жұмысқа қосылуына байланысты. Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарында осы мәселеге көбірек көңіл бөлінеді.
Дереккөз: www.24.kz
Алматы облысында 2025 жылға дейін 98 электр станциясы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Ауқымды жоба кезең-кезеңімен жүзеге асуы тиіс. Таяуда Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде Жетісу жерінде тағы бір су электр станциясы өз жұмысын бастады.
Текелідегі бұл СЭС қуаты жағынан облыстағы Мойнақ су-электр станциясынан кейінгі екінші орында. Жобаның жалпы қуаттылығы 28,5 мВт. Бұл нысанның құрылыс жұмыстарына 200-ден аса адам жұмылдырылса, қазір 30-ға жуық маман еңбек етеді.
Бақтияр Өнербаев, Текелі қаласының әкімі: – Су электр станциясының екі жыл құрылысы жүрді. Таудың ортасынан тунель қазып, тесіп өтіп, құбырын жоғары жақта платина салынды, сол платина арқылы су жиналып, осы су элетр станциясының трубинасына құбыр арқылы алып келеді. Содан электр қуатын өндіріп алады.
Текелі қаласындағы Шажа өзенінің бойынан тағы бір су электр станциясы салынады. Құрылыс жұмыстары келер жылы көктемде басталады. Жалпы Жетісу өңірі 2025 жылға дейін 98 электр станциясын іске қосуды жоспарлауда. Олар су, жел, күн және биоэнергияны қолданбақ ниетте.
Әлімжан Тохтасунов, Алматы облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы:
– 2025 жылға дейін бізде құжаттары бәрі дайын. Елбасының тапсырмасына сәйкес гидроэнергетика 3700 мВт электроэнергия береді.
Осылайша Жетісу өңірі энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізіп, өзге өңірлерді электр қуатымен қамтамасыз ететін аймаққа айналмақ.
Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Олжас Байбосынов
Дереккөз: www.kz.energo.gov.kz
Баспаcөз хабарламасы
ҚР Энергетика министрлігінің Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысының аясында «Экосфера» ҮЕҰ үш жыл ішінде (2015-2017 жж.) «Қазақстан Республикасы тұрғындарының арасында негізсіз «радиомазасыздықтың» деңгейін төмендету бойынша іс-шаралар жүргізу» жобасын жүзеге асырды.
Жоба үш негізгі міндеттерді шешуге бағытталған:
1. Жұртшылық пен халықты радиациялық қауіптің шынайы деңгейі туралы ақпараттандыру;
2. Салауатты өмір салтын насихаттау саласындағы мүдделі тараптардың әлеуетін арттыру;
3. Білім беру, медициналық мекемелер, мемлекеттік, үкіметтік емес, жастар ұйымдарының, журналистердің республикадағы негізсіз «радиомазасыздықтың» деңгейін төмендету сұрақтарына назарын аудару.
Жоба әлеуетті радиоактивті ластану аумақтарында өмір сүретін халық арасында жоғары негізсіз «радиомазасыздықтың» орын алуы мүмкін өңірлерде іске асырылды:
Жобаны орындау шеңберінде зерттеу аймағындағы халықтың денсаулығы үшін радиациялық тәуекел туралы ақпаратты (бұрын жүргізілген жұмыстар материалдары, соңғы 10 жыл ішіндегі БАҚ-тағы жарияланымдар) жинақталды.
Жүргізілген сауалнама (1300-ден астам адам қатысты) нәтижелері тұрғындардың радиация, оның деңгейін өлшеу әдістері, негізгі ықпал ету көріністері, ақпарат көздері туралы хабардар болуының төменгі деңгейін анықтауға мүмкіндік берді.
Жобада халықтың ақпараттандырылуын арттыру бойынша жұмысқа ерекше көңіл бөлінді. Әр өңірде жастар ұйымдарының, ЖОО студенттерінің, ҮЕҰ-ның, барлық мүдделі тұрғындардың қатысуымен семинарлар ұйымдастырылды.
Радиациялық қауіптілік туралы ақпараттық бейнероликтер (мемлекеттік және орыс тілдерінде) дайындалып, жергілікті телевидениеде жарияланды. Тұрғындарды радиацияның табиғатына, оның деңгейін өлшеу әдістеріне, негізгі ықпал ету көріністеріне, ақпарат көздеріне қатысты неғұрлым маңызды сұрақтарға жауап таба беретін ақпараттық буклеттер (1,5 мыңнан астам) әзірленіп, таратылды.
Жобаны жүзеге асыру халық арасында негізсіз «радиомазасыздықтың» төмендету бойынша іс-шараларды тұрақты түрде өткізу қажеттігін көрсетті. Бұл мақсаттар үшін жергілікті басқару органдарымен ағартушылық жұмысты ұйымдастыру бойынша арнайы бағдарлама әзірленді.
Дереккөз: www.24.kz
Варшавада ауқымды ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесі аясында Қазақстан-Польша бизнес форумы өтті.
Оған 100-ге жуық компания қатысты. Ал қазақстандық делегацияның құрамында «Қазақ Инвест», «Қазақ Экспорт» және азық-түлік бірлестігінің өкілдері бар. Олар Польшаның кәсіпкерлеріне еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, маңызды келіссөздер жүргізді.
Польша – Еуроодақтағы ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттайтын жетекші елдердің бірі. Жыл сайын бұл мемлекет 25 млрд еуроға сүт өнімдерін, ет және алманы шет елдерге тасsмалдайды. Қазақстан Польшаның тың тәжірибесі мен технологиясын қолданып көрмек ниетте. Бұл ретте инвестиция да маңызды. Шарада қазақстандық делегация еліміздің экспорттық әлеуетін таныстырып, шетелдік инвесторларға қарастырылатын жеңілдіктер ұтымды ұсыныстар жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар бірнеше маңызды келіссөздер өткізді.
Мейіржан Мырзалиев, Қостанай облысы әкімінің орынбасары:
– Қазір біз Елбасының тапсырмасымен егістік алқабын әртараптандыру бойынша белсенді саясатты ұстанып келеміз. Бидайдан май дақылдарын өсіруге бейімделіп келеміз. Бұл бағытта қажетті жұмыстар да жасалып жатыр. Бүгін ауыл шаруашылығы саласындағы үлкен бизнес-компаниялармен кездестік. Келіссөзге ет, сүт өнімдері және бидай өңдеуге қызығушылық танытып отырған кәсіпорындарды тарттық.
Анджей Арановски, Польша-Қазақстан ауылшаруашылық кластері басқармасының төрағасы:
– Польшаның көптеген кәспорындары Қазақстанға инвестиция салуға дайын. Ауыл шаруашылығы еліміздің негізгі драйвері екенін ескерсек, бізді кәсіпкерліктен бастап техника шығаруға дейінгі барлық сала қызықтырады. Сол себепті серіктестігімізден болашақта жемісті нәтиже күтеміз.
Форум соңында «Агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық орталығы» мен Варшавадағы Польша-Қазақстан ауыл шаруашылығы кластері келісімге қол қойды. Тараптар 2018 жылға дейін 10 мың тонна зығыр дәні мен 2 мың тонна қыша дәнін тасымалдауға келісті.
Тағы бір маңызды келісім. Енді Қазақстанда құлпынай жаңа инновациялық тәсілмен өсірілетін болады. Қажетті құжатқа бизнес-форум аясында екі тарап та қол қойды. Пилоттық жоба Ақтөбе облысына заманауи технологияларды енгізумен жүзеге асады. Алдымен жидекті 1 гектар жерге отырғызу жоспарланған. Кейінірек аумағы ұлғайтылады. Мақсат – батыс өңірін құлпынаймен қамтып, шетелге экспорттау.
Азамат Жексенбиев, «Эко Ферма 2015» компаниясының басқарма төрағасы:
– Бұл инновациялық тәсілді Польшада бірнеше компания қолданады. Қазақстанда бірінші болып бұл технологияны енгізіп отырғанымызға қуаныштымыз. Жалпы жаңа тәсіл арқылы құлпынай субстратсыз және жерсіз өсіріледі. Яғни тек аквопоника болады. Су үш қабат арқылы құйылады. Тиісінше аквопоника қолданылғанында жидекте зиянкестер болмайды және ауруға шалдықпайды. Аз тыңайтқыш қолдану арқылы жеңіл өсірілген пайдалы жемістерді алатын боламыз.
Қазақстан – Польша үшін келешегі кемел жаңа нарық. Еуропалық серіктестерімізді еліміздің транзиттік әлеуеті қызықтырып отыр. Польша кәсіпкерлердің айтуынша, Қазақстан – Азияға апарар алтын қақпа. Ол арқылы Қытай және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге тауар тасымалдау ыңғайлы әрі тиімді болмақ.
Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский