Дереккөз: www.24.kz
Қазақта «ат айналып қазығын табады» деген қанатты сөз бар. Солтүстікқазақстандық Әскербек Мұқанжановтың қарымды қадамын осы қағидаға телуге болады. Өзге жұрт даладан қалаға қашқан заманда ол туған ауылына қайта оралып, ағасымен бірге жеке шаруашылығын ашты. Еңбекқор екі ағайынды қазір өздері өсіп-өнген елді мекенге 45 млн теңге қаржы құйып, қазақтың ақ бас сиырын көбейте бастады.
Әскербек Мұқанжанов 2000 жылдары қатарластарымен қалаға көшіп кетсе де бір бүйрегі туған жеріне тартып тұрған. Бойына қазақылық мінез сіңген ауыл жігіті былтыр кіндік қаны тамған Май ауылына оралып, ағасы Медетпен бірге мал шаруашылығын ашыпты.
Әскербек Мұқанжанов, шаруа қожалығының басшысы:
– Қалада жүрген кезде ой келді. Мал шаруашылығын ашайық деп, ауылға келіп, ағамыз екеуміз мал алдық 150 бастай. Мақсат әрі қарай көбейту ақ бас малын. Екінші ферма ашайық дегенбіз.
Медет пен Әскербектің ісін ауыл ақсақалдары бірауыздан құптады. Өйткені, бұл – осы ауылдағы алғашқы мал шаруашылығы. «Енді олар өздерін ғана емес өзге азаматтарды да жұмыспен қамтиды», – дейді ел ағалары.
Төлеген Досжанов, Май ауылының тұрғыны:
– Өйткені бұл өз қаражаттарымен осы елге, ауылға келіп, өз қаражаттарын құйып, осындай жұмыс орындарын ашып жатыр. Мал алып жатыр. Қысы-жазы осы елге жұмыс. Бұл және басқа халыққа, елге бұл үлгі деп ойлаймын.
Әскербек қалада 17 жыл тұрды. «Туған жердің қадірін шетте жүрсең білерсің», – дейді ол. Сондықтан Көкшетаудағы үлкен үйді сатып, туған ауылында осындай жұмыс бастауды ағасы екеуі бірлесе отырып шешкен.
Әскербек Мұқанжанов, шаруа қожалығының басшысы:
– Бұл менің ауылым. Бұл менің жерім. Май ауылы. Осында өндім, осында өстім. «Туған жер» бағдарламасын айтты ғой Елбасы. Сол ағам екеуміз көтерейік деп осы ауылды, соған мен осында көшіп келдім.
Бүгінде Май ауылында 100 үй түтін түтетіп отыр. Бұған дейін елдің іскер азаматтары егін егіп қана келсе, енді мал шаруашылығын шалқытпақ.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев, Дмитрий Рура
Дереккөз: www.24.kz
Елімізде 2030 жылға қарай баламалы энергия үлесін 30 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр.
Осы мақсатқа жету үшін жел, күн және су секілді сарқылмас қуат көздерінің мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланған жөн. Демек «жасыл технологияларға» инвестиция тарту керек. Елбасы биылғы Жолдауында Үкіметтің алдына осындай маңызды міндеттер жүктеді. Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында осы тұрғыда жұмыстар қолға алынған. Ақсай қаласында күн батареялары құрастырылады. Енді желден қуат алатын электр стансасы салынбақ.
Күн батареясы шатырға шыққалы білтелі шамдардың басынан бағы тайған. Бүгінде бір бұрышта елеусіз жатыр. Бұл – Бостандық ауылы, «Мүсілім» шаруа қожалығының қыстағындағы көрініс. Күн батареясын қоюға қожалық жарты миллион теңге жұмсапты. Бүгінде үйдегі барлық шаруаға электр қуаты пайдаланылады.
Айқын Жұбанов, шопан:
– Теледидар көреді, тоңазытқышты тартады, сүт сепараторын да тартады. Бұл енді жазғы орынға жақсы екен. Қыста тогы аздау болады. Күннің сәулесі болғанмен де, жазғы күнгідей болмайды.
Егер бұл күн батареясы Ресейден сатып алынса, таяу келешекте өзімізде өндірілмек. Шетелдік компания Бөрлі ауданындағы Ақсай индустриялды паркінің базасында күн батареясының алғашқы данасын құрастырып орнатыпты. Қазір кәсіпорын тапсырыстар қабылдап, өндіріс алаңын жетілдіруде. Келешекте мұнда күн батареяларын жаппай шығару жоспарда.
Массимилиано Кастаньини, жоба басқарушысы:
– Оған біздің өндірістік мүмкіндіктеріміз жеткілікті. Жалпы қуаты 4 мегаватт болатын күн панельдерін жасап шығара аламыз. Келешекте халықаралық нарыққа да шығу да ойда бар. Және күн батареясы мен жел турбинасы орнатылған арнайы контейнерлер жасамақпыз.
Баламалы қуат көздері – кемел келешектің негізі. Бұл тұрғыда Бөрлі ауданында нақты істер қолға алынған. Соның бірі – жел электр стансасын салу. Бүгінде әлеуетті инвестормен меморандумға қол қойылған. Жобаның жалпы құны – 40 млрд теңге. 100 гектар жер бөлініпті. Ол аумаққа голландиялық технологиямен 50 генератор орнатылмақ.
Алдияр Халелов, Бөрлі ауданының әкімі:
– Биылғы жылы олар ЖСҚ бәрін әзірлейді. 2019 жылы іске қосу, монтаж жұмыстарын жасайды. Яғни 2020 жылы толықтай іске қосады деп, меморандумға қол қойылды. Олар өздері экспертиза жасады, анализ алды, желдің бағытындағы бүкіл көрсеткіштерді алып қарап, осы жерге салуға өздері ұйғарды.
Еліміздің энергожүйесінен оқшау жатқан Батыс Қазақстан облысының тәуелсіздік жылдарындағы басты табысы –энерготәуелсіздікке қол жеткізуі. 20 жыл бұрын өңір қажетті қуаттың 95 пайызын Ресейден алатын. Ал қазір 1946 млн киловатт сағат, яғни қажетті қуаттың 94 пайызы өзімізде өндіріледі. Жаңа жел стансасы салынған жағдайда осы қалған импортты алмастырып, әрі жылдан жылға артып келе жатқан өңір сұранысын арзан қуатпен өтемек.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов
Дереккөз: www.24.kz

Маңғыстау облысы Үштаған елді мекеніндегі көшелерге күннен қуат алатын шамдар орнатылды.
Отандық үлгідегі құрылғылар ауыл көшелері мен орталық саябаққа жарық беріп тұр. Осы мақсатқа Ақтөбе ауылдық округі бюджетінен 3 млн теңге бөлінген. Елімізде жасалған инновациялық технология қысқа мерзімде тиімділігін дәлелдеді. Себебі жергілікті әкімдіктің электр қуатын пайдалануға жұмсайтын шығыны бірнеше есе азайған. Енді үнемделген қаржы биыл тағы бір көшеге қондырғы сатып алуға жұмсалмақ.
Жанбибі Молдашова, Ақтөбе ауылдық округінің әкімі:
– 20 дана көше жарығын қойып, тәжірибеден өткізіп жатырмыз. Нәтижесі жақсы. Бір қаржы талап етпейді, қондырғаннан кейін өзі күннен қуат алады. Осымен көше жарықтанады. Сол арқылы үнемдеу, жаңа инновациялық технологияларды шалғай ауылда қолдану арқылы тұрғындарды үлгі алуға шақыру.
Дереккөз: www.24.kz
Жамбыл облысында қымыз өндірісі бойынша тұңғыш кооперация құрылды.
Бірақ жаңа ұжымның жұмысы әзірге жүрмей тұр. Қолда жылқы жеткілікті. Шикізат бар. Өнімге сұраныс та жоғары. Тек шаруалар қымызды кең көлемде өндіре алмай отыр.
Жуалы ауданындағы ауыл халқының 70 пайызға жуығы қымыз өндірумен айналысады. Мұнда әр үй кемінде 4-5 жылқы ұстайды. Тұрғындар бұл іске машықтанып, кәдімгі кәсіби маман болып алған. Ал осы елді мекенде жасалатын ұлттық сусын өңірде брендке айналған.
Меруерт Көпбаева, ауыл тұрғыны:
– Біздің ауылымыз жылқы малын ұстауға өте машықтанған. Жайылымыз кең. Бәріміз жылқы малын ұстаудың қыр-сырын білеміз. Енді біз жеке-жеке емес, кең көлемде бірігіп, кооперация ашсақ деген ойымыз бар. Қазір кооперация құруға тіркеліп қойдық.
Жұрт мал басын тағы да көбейтіп, қымыз өндіруді қолға алу үшін кооперацияға бірікті. Оған бүгінгі күні 28 адам тіркелген.
Сейтқалы Үмбетәлиев, ауыл тұрғыны:
– Қымыз өндірісімен айналыстық. Кейін ет бордақылау, сиыр саууды қолға алғанда, қымыз жағы аталмай қалды. Үкімет жағынан ешқандай қолдау болмады.
Араларынан бастапқыда бие сүтін қабылдап, цех ашатын кәсіпкер де табылған. Жеңілдетілген несие аламыз деп құжаттарын да әзірлеген. Айтуларынша, бар шаруа өндіріске қажетті қондырғылардың мемлекет тарапынан субсидияланбауына келіп тіреліп тұр.
Қазыбек Әлжаппарұлы, кәсіпкер:
– Қымыз шығаратын жабдық 20 млн тұрады. Оған субсидия болмаса, оны өңдеу, шығару және сату бізге тиімсіз болады. Жоба дайын, бірақ жабдықты алайық десек, бізге субсидия беру мәселесі қиындап тұр.
Нұрбақыт Тілегенов, Шақпақ ауылдық округінің әкімі:
– Қазір сүт, ет бағытында несиелер беріліп жатыр. Алайда қымыз бағытында былтыр несие болған жоқ. Оны енді ауыл шаруашылығы басқармасындағы тараптар қымыз бағытында өңдеуші өнеркәсіптің жоқтығымен түсіндірді. Біз әкімшілік тарапынан ұсыныс тастап отырмыз. Енді ол кісілер қолдап ережені бекітіп, 2018 жылдың тарапынан енгізсе, қымыз өңдеу өндірісі жолға қойылады.
Өрісі кең, таулы өлке жылқы ұстауға ыңғайлы. «Нағыз бизнестің көзі осы», – дейді жергілікті жұрт. Сондықтан бірнеше жылдан бері жоспарлап келеді. Бірақ, өкінішке қарай, қымыз бағытында құрылған кооперация қазір амалсыз сүт бағытында жұмыс істеуге көшкен.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә
Дереккөз: www.24.kz
Қызылорда облысында киік атқан браконьерлер қолға түсті.
Олар Жалағаш ауданына қарасты аумақта Қызыл кітапқа енген жануарларды қырып салған. Заңсыз саятшылық құрғандар тәртіп сақшыларының қолына түсті.Тексеріс барысында жол талғамайтын көліктен 10 бас ақбөкеннің денесі табылды. Алдын ала есеп бойынша, келтірілген шығын сомасы – 9 миллион 139 мың теңге. Онсыз да жойылып бара жатқан киіктерді атып, бас пайдасына жаратпақ болған үш күдікті енді заң алдында жауап береді.
Дереккөз: www.24.kz
Ақтаулық оқушылар қағаз қалдықтарын жинап, қала көшелерін қоқыстан тазартпақ.
Үкіметтік емес ұйым бастамаға төрт білім ордасының оқушылары жұмылады. Әр мектепте әрқайсысы 12 адамнан тұратын бірнеше топ құрылады. Олар бір ай бойы тұрмысқа қажетсіз макулатура жинап, қабылдау орнына тапсырады. Мұнан бөлек, түрлі танымдық тренингтерге қатысады. 3 наурызда жиналған қағаз қалдықтары өлшеніп, жеңімпаз командаға 100 мың теңге сыйақы беріледі. Бұл қаражат олар оқитын мектеп ғимаратын абаттандыруға жұмсалады.
Әйгерім Күзембаева, оқушы:
– Сыныптастарым мен достарымды осы шараға атсалысуға шақырамын. Макулатура жинауға неғұрлым көп адам тартылса, жеңіске жетуімізге мүмкіндігіміз де молая түседі. Біз өз қаламыздың таза болғанын қалаймыз!
Кирилл Осин, «Эко Мангистау» ҮЕҰ директоры:
– Ең белсенді топтарды, дәлірек айтсақ 50 адамды жергілікті өндіріс орны мен Жаңаөзендегі қоқыс өңдеу зауытына апарып, кәсіпорындар қызметімен таныстыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар өңірдің көрнекті мекендерінің бірі Саура шатқалында оқушылар үшін тимбилдинг өткізіледі.
Дереккөз: www.24.kz
Жер көлемі бойынша латынамерикалық аймақтың ең үлкен елі – Бразилияның Сыртқы істер министрлігінің шенеуніктері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «жасыл технология» идеясын қолдап отыр.
«Шикізат саласын ұйымдастыруды және табиғи ресурстарды басқару тәсілдерін сыни тұрғыдан қайта қарау қажет. Барлық энергиялық кешендерді дамытудың зор әдісі – аталған жоба векторы болмақ», – дейді Бразилия СІМ жетекші қызметкері Джункейра.
Антонио Джункейра, Бразилия Республикасы СІМ өкілі:
– Қазақстан Президенті өзінің соңғы Жолдауында шикізат саласын ұйымдастыруды және табиғи ресурстарды басқару тәсілдерін сыни тұрғыдан қайта қарау қажеттілігі туралы айтты. Қазір көптеген ел өзінің ұлттық саясатында және даму стратегиясында «жасыл экономиканың» түрлі әдістерін пайдаланып жатыр. Сонымен қатар біз Қазақстан Президентінің ресурстық әлеуетті ары қарай да дамыту жөніндегі шараларын заңмен бекіту бастамасын қолдаймыз. Біз «экологиялық кодекс» құру үшін келіссөз жүргізу үстіндеміз. Әріптестігіміз табысты боларына сенімдімін.
Дереккөз: www.24.kz
Биыл маусым айында Электр энергетикасын дамыту және үнемдеу институты жанынан халықаралық «жасыл» технология орталығын ашылады.
Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында институттың басқарма төрағасының орынбасары Олжас Әлібеков мәлімдеді. Орталық халықаралық компаниялармен жұмыс істейді. Сондай-ақ жаңа технологияларды елге алып келу, оларды тізілімге қоюмен және оны сараптамадан өткізумен айналыспақ.
Мұнда жобалардың экологиялық, энергетикалық тиімділігі мен инновациялық мүмкіндігі сыналады. Қазақстанда жаңа технологияның дамуына ЭКСПО-2017 көрмесінің айрықша әсер еткенін атап өткен жөн. Қазір 100-ден астам шетелдік, 30-ға жуық отандық технология бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оған Дүниежүзілік банк қаржылай қолдау көрсетпек. Грант аясында 89 жобаны жүзеге асыру көзделген. Қазір оның 19-ы дайын.
Олжас Әлібеков, «Электр энергетикасын дамыту, үнемдеу институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
– Банктің 21,7 млн доллар гранты бар. Сол гранттың шеңберінде мектептерді, балабақшаларды, одан басқа сыртқы жарықтарды, көше жарықтарын модернизациялау көзделіп отыр. Сонымен бірге энерготиімділік картасын жүргізіп отырмыз. Оның ішінде жобалар бар, өнеркәсіпке қатысты мемлекеттік жобалар бар.
Дереккөз: www.24.kz
Экологияға залал тигізетін зиянды қалдықтардың 80 пайызы тау-кен өндірісі ошақтарынан тарайды. Бұл жөнінде Алматыда өтіп жатқан Орталық Азия климаттық форумында БҰҰ даму бағдарламасының өкілдері мәлімдеді. Экологтардың айтуынша, жердің шөлейттеніп, топырақ құнарының кемуі бүгінде жаһандық түйткілге айналып отыр.
Бұл – әсіресе Орталық Азия елдері үшін өте өзекті жайт. Сондықтан ортақ мәселені бірлесе шешуде тың бастамаларды жұмыла қолға алу керек. Атап айтқанда, су ресурстары мен жер игілігін пайдалануда баршаға ортақ талап қатаң сақталуы тиіс. Конференцияда Арал теңізінің ахуалы да сөз болды. Соңғы жылдары Аралда су деңгейінің жоғарылағаны көңілге демеу. «Бірақ экологиялық апатты жағдай әлі де оңып тұрған жоқ», – дейді мамандар.
Құралай Кәрібаева, Экология және орнықты даму институтының директоры:
– Арал мәселесі – Қазақстанның мәселесі ғана емес, ол дүниежүзілік мәселе. Аралдан көшкен тұздар желі арқылы ауаның ауысуына байланысты Антарктидадан табылып жатыр. Мұның барлығын біз бірлесе отырып, халықаралық ұйымдармен шешеміз. Біз бүгінгі күні барлық ғылымның технологияларын, жетістіктерін пайдалана отырып, табиғи байлықты сақтап қалуымыз керек.
Дереккөз: www.24.kz
Қостанай ауыл шаруашылық ғылыми зерттеу институты қызметкерлері соңғы жылдары күнбағыстың 4 сұрыпын шығарған.
Жаңа тұқым түрлерінің ерекшелігі теріскей өңірдің табиғатына бейімделген, әрі өнімділігі де жоғары. Тез пісіп-жетіледі, топырақ құнарын да бірқалыпта сақтайды.
Егер дақылдың өзге түрін сұрыптауға 5 жыл жеткілікті болса, күнбағыстың тұқымына екі есе көп уақыт кетеді. Әрбір жаңа сорт – ғылыми қызметкерлердің көз майын тауысқан ұзақ жылғы еңбегінің жемісі. Тұқым түрін шығарудағы мақсат – өнімділікті арттыру. Бұл бағыттағы ізденіс тоқтаған емес.
Зибагүл Ағыбаева, Қостанай ауыл шаруашылығы ҒЗИ кіші ғылыми қызметкері:
– Ғылыми институтта сорттарды шығарып жатырмыз, бірінші бізде болған – «Заречное» деген сорт, оның да өнімділігі 29 центнер болды бір гектардан. Одан кейін «Рауан» деген шемішке шығардық. Оның да өнімділігі 27-29-ға дейін. Және де «Сары» деген сорт шығардық, оның да өнімділігі 47-ден 49 центнерге дейін.
Соңғы он жылда Қостанай облысында майлы дақыл танаптарының көлемі 16 есеге ұлғайған. Сол арқылы өңірде өңдеу нысандары көбейді. «Біз топырақ құнарын сақтай отырып, экологиялық таза өніммен экспортты жаулауымыз керек. Бұл – Президент Жолдауында айтылған міндет. «Ғылыми ізденістер алқаптарды әртараптандыру саясатымен ұштасып жатыр», – дейді институт қызметкерлері.
Нәбидолла Кикебаев, Қостанай ауыл шаруашылығы ҒЗИ бас директоры:
– Майлы дақылдардан шығарылған сорттар республикалық мемлекеттік тіркеуге кетті. Одан қалды өсірудің екі технологиясы органикалық технологиялар патентке беріліп, ол да мемлекеттің назарында, тіркеуіне алынып отыр. Сондықтан ол өзі біраз жылғы еңбектің нәтижесінің көрініп келе жатқаны.
Бүгінде қостанайлықтар қолданысқа енгізген нөлдік технология тәсілімен елімізде 1,5 млн гектар алқапқа дән себіледі. Өңір ғалымдары шығарған майлы дақыл тұқымдары мен көкөніс түрлеріне шаруашылықтар тарапынан сұранысқа ие бола бастаған. Институт қызметкерлері өткен жылы 4 жаңа тұқым түріне авторлық құқық иеленсе, тағы бес өтініш қаралу үстінде.
Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяро